Әдебиет • 06 Қыркүйек, 2022

Ақын арманы

5280 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ поэзиясына «өртке тиген дауылдай» соны леп, жаңа дауыс әкелген көрнекті ақын Қасым Аманжолов көркем аударма саласында да өнімді еңбек етіп, айрықша қолтаңбасын қалдырған. Тіпті әдебиетімізде кенжелеп қалған осы жанрдың дамуына зор үлес қосты деуге болады. Талантты суреткердің Батыс пен Шығыс позиясын жетік білгендігі сондай, ол солардың ішінен өз жүрегіне жақын ақындарды таңдап, солардың шығармаларын аударған секілді. Әсіресе Д.Байрон, А.Пушкин, М.Лермонтов, Т.Шевченко, В.Маяковский А.Твардовский, Низами секілді айтулы ақындардың тәржімалаған туындыларын көркем аударманың үздік үлгілері деп айта аламыз.

Ақын арманы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жалпы, ақынның нәзік те сыршыл, отты да рухты жырлары жан дүниеңіздегі сезім қылын тербеп, жігеріңді жанып, намысыңды қайрап қана қоймайды, оны оқығанда поэзияның жып-жылы шуағына шомылғандай әсерді бастан кешесіз. Ақынның өлеңдері мен поэмалары ғана емес аудармалары да дәл осылай жанды тербейді. Осыдан-ақ оның аударма өнеріне биік талғам, үлкен парасатпен зер салғандығын байқаймыз. Қасым Аман­жолов аударма өнерінде Абай атамыздың аудармаларын үлгі тұтып, өзі аударған шығармаларды сол деңгейге жеткізуге жанын салған. Мұны неге айтып отырсыз дейсіз? Қазір айтамын. Осыдан екі-үш жыл бұрын астанаға белгілі ақын, тамаша аудармашы Нармахан Бегалиев келіп, сол кісіден газетке сұхбат алдым. Бұл кісі кезінде ғажап ақын Сырбай Мәуленовке «өкіл бала» болып, соның қасында жүріп Сырағаңның өз аузынан Қасымның орындалмай қалған үш арманын естіпті.

 – Сырағаң «1942 жылы туған бір балам қайтыс болып еді, сен соның орнына бала бол» деп үйіне мал сойып қонаққа шақырды, – деп бастады сөзін Нармахан ағамыз. – Кімнің Сырбайға бала болғысы келмейді. Содан әкелі-балалы болып жақын араластық. Ол кісі талай жақсы-жайсаңдарды көрген көшелі адам, кездескенде көптеген тағылымды әңгіме айтады. Әсіресе Қасым аға туралы айт­­қаны ойымнан шықпайды. Қасым Аман­жолов сырқаты меңдеп жатқанда жақындары кезектесіп басын күзетіп отырады. Бірде кезекке Сырбай аға келіпті. «Сырбай мен бүгін өлмеймін, сен келіннің қасына барып жат, көріп тұрсың, жағдайым жақсы. Бірақ өмірімде қолым жетсе дейтін үш арманым бар еді, соған жете алмадым» деп көңілін жабырқатқан өкінішін айтады. «Бірінші арманым – бүкіл Париж тұр­ғындары құрмет тұтқан Виктор Гюгоның атағындай даңққа ие болсам деп едім, болмады. Екінші арманым – аударма өнерінде Абайдан ассам деп едім, қолым жетпеді. Үшінші арманым – қазақтың «Евгений Онегинін» жазсам деп ойладым, ол да арман, қиял болып қалды» деп ауыр күрсініпті. Осындағы арнайы сөз ететініміз – ақынның аударма өнерінде «Абайдан ассам» дейтіні. Қасымның аудар­малары Абайдан аспаса да ұлы ақын­ның деңгейіндегі аударма деп айтуға болады. Мысалы, Тарас Шевченкодан аударған өлеңдері қандай ғажап. Қазақтың қара өлеңі секілді құйы­лып тұр. Бөтен елдің поэзиясы дегенге еш қимайсыз», деп еді Нармахан аға.

Шынында, көрнекті тұлғаның Шығыс пен Батыс поэзиясы ақындарының лири­калық өлеңдері мен поэма-дастандарын ана тілімізге түпнұсқамен үндестіре отырып аударған шеберлігіне таңдай қағасыз. Осы ретте Қасымның украинның ұлы ақыны Тарас Шевченкодан аудар­ған өлеңдері шынайылығымен, сыр­шыл­дығымен, көркемдігімен жанды баурап, жылы әсерге бөлейді.

Сенбесеңіз, ақынның тәржімалаған «Жалғызбын мен, жалғыз­бын» деген өле­ңін оқып көріңізші:

«Жалғызбын мен, жалғызбын

Сортаңдағы сояудай,

Не бақытты, не сыйды

Бермеді маған бір Құдай;

Сұлулықтың жұрнағы

Тек қарақат көз берді.

Жалғыз қыз боп жылаумен

 Жанары оның тез сөнді.

Аға, апа, не сіңлі

Дегендерді білмедім,

Жат ортада бойжеттім.

Ешбір жанды сүймедім.

Қайда менің жан жарым?

Қайдасың дос-жарандар?

Олар жоқ... мен жалғызбын,

Болмас менде сүйген жар».

Осы төрт шумақ өлеңнен екі дәуірде өмір сүрген екі ақынның болмысынан, міне­зінен ұқсастық қана емес, жан дүниесіндегі қылдай нәзіктікті, жа­қындықты, жалпы, ақындық рухты сезі­несіз. Ақындық құдірет дегеніміз осы болар...