Димаш атаның кісілік келбеті, даналықпен біте қайнасқан қайраткерлік қалпы, алыстан арна тартқан ақыл-парасаты, биік білім-білігі өз тұстастарын қайран қалдырады екен. Әсіресе аса қарапайымдылығын, өте кішіпейілділігін, елмен етене, емен-жарқын сөйлесе білетіндігін көзімен көргендер жыр қылып айтады. Бұл тамаша қасиеті талай жазушы, журналистердің қаламы арқылы да қалың жұртқа кеңінен таралды.
1975 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм аудандық партия комитеті ғимаратының алдында түсірілген, жеке мұрағатымызда сақталған мына суретте де кемел ойлы, кең жүректі асыл азаматтың халықпен жүздесуінің бірі бейнеленген.
...Үлкен кісіні қуана қарсы алған қарапайым ауыл қариялары, ақ жаулықты аналар, жалынды жастар, жігерлі жігіттер, қырмызы қыздар, балауса балалар... Бәрі де Д.Қонаевқа ақ тілегін арнағысы келеді, барлығы да оның жылы лебізін естігісі келеді... Тіпті айналасындағыларды үрейлендіре үркітіп, жанына жақындатпайтын оққағарлары жоқ екендігін айтсаңызшы!..
Димекеңнің артқы жағында екінші тұрған Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, өңірдің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан марқұм Хасен Бектұрғанов. Суреттің авторы, жаңылмасақ, ҚазТАГ-тың сол кездегі фототілшісі Геннадий Кошкинцев.
Иә, Д.Қонаев осы жылы алыстағы аудан – Мойынқұмға барған болатын. Сол сапарында республика басшысы аймақтың жай-күйімен жан-жақты танысқан, аудан орталығына таяу жердегі Фурманов атындағы, сондай-ақ «Талдыөзек» совхозының мал қыстауларын аралап, малшылардың еңбек және тұрмыстық жағдайына жіті назар аударған, соғыста қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткіш-обелискіге гүл шоқтарын қойған.
Сонымен қатар малшылардың маршалы, қос жұлдызды Жазылбек Қуанышбаевпен, Социалистік Еңбек Ерлері Ділдаш Итбасовамен, Шоман Шәріпбаевпен және 1917 жылдан партия мүшесі, «латыш атқышы», кезінде жазықсыз қараланып осы құмды өлкеге жер аударылып келген Вилис Мартынович Крастинмен әңгімелескен.
Димаш атамыз, мұнымен бірге, аудандық музейді, кәсіптік-техникалық училищені, Сәкен Сейфуллин атындағы кинотеатрды асықпай аралап көріп, халықпен жүздескен.
Бұл, шын мәнінде, мойынқұмдықтар үшін ұмытылмайтын оқиға болып еді.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист
Алматы облысы,
Қарасай ауданы