Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы, «Ашық әлем» талдау және болжамдау орталығы» қоғамдық қорымен бірлесіп өткізген жиында институттың директоры Серік Сейдуманов: «Президенттің ел халқына Жолдауы қазақстандықтардың өміріндегі қарапайым оқиға, биліктің халық алдындағы кезекті есебі емес, еліміздің саяси реформасындағы маңызды оқиға» деп атап өтті. Сарапшының айтуынша, қазіргі кезде еліміз қысылтаяң кезеңде тұр. Осы тұрғыдан қарастырғанда, Президент Жолдауы – жаңа конструктивті саяси жобалауға жасалған нақты қадам. Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін ғана қозғап қоймай, Конституциялық өзгерістердің мазмұнды болуына байланысты жаңа саяси міндеттерді алға қойып отыр.
«Президент саяси бәсекелестікті басқару пирамидасын – президенттік биліктен бастауға шешім қабылдап, келесі жылы Парламенттік сайлауда нақты саяси бәсекелестікті қалыптастыруды, «мықты президент – беделді парламент – есеп беретін үкімет» қуатты билік үштігін қалыптастыру іс жүзінде билікке лайықты адамдарды таңдаудың меритократиялық қағидатын жүзеге асыруды көздейді. Бұған дейін жекелеген саяси құзыреттіліктің әлсіздігі мен олигополиялығы, Үкіметтің әлеуметтік дамудың өзекті мәселелерін шеше алмауы туралы шағымдар қоғам тарапынан бірнеше рет айтылды. Енді Президент бұл мәселені Real Politik кеңістігіне, яғни құзыреттер, идеялар, жобалар жарысының практикалық бәсекелестік алаңына шығаруды ұсынып отыр. Саяси модернизация процесі – бұл «ойын ережелерінің» өзгеруі ғана емес, сонымен бірге саяси кеңістіктің белсенділігі, биліктің тиімді конфигурациясы, халықтың жоғары сапалы саяси мәдениетін қалыптастыру мүмкіндігі, бүкіл қоғамды ел мүддесіне сәйкес келетін сындарлы өзгерістерге ынталандыру. Бұл тұрғыда Президент ұсынған сайлау циклінің кестесін өзгерту бастамасы еліміздің саяси өмірдің жаңа сапасына көшуінің жарқын кезеңі болатынына сенімдімін. Президент айтқан әлеуметтік-экономикалық бастамалар халықтың талабын ескеруден туындап отыр», деді өз сөзінде С.Сейдуманов.
Дөңгелек үстелде Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айбар Теменов Жолдау жүктеген міндеттер әртүрлі деңгейдегі азаматтардың кемелденуі мен жауапкершілігінің, еліміздің және болашақ ұрпақтың әл-ауқаты үшін жауапкершіліктің жоғары деңгейіне бағытталғанын атап өтті. Ол сараптамалық отырыс еліміздің бүгіні мен болашағына арналған дискуссиялық іс-шаралардың бастамасы дей келіп, отандық ғалымдар мен түрлі деңгейдегі билік өкілдерінің осы бағыттағы ынтымақтастығы билік пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматы дамитындығын жеткізді. Бұл өз кезегінде саяси диалог мәдениетін сапалы жаңартуға, еліміздің дамуы жолында мазмұнды бағдарламалар мен жобаларды әзірлеуге ықпал етеді.
«Еліміздің модернизациясына арналған салмақты реформалар жүргізуге бағытталған мақсат-міндеттері көрініс тапқан Жолдауда қоғамды толғандырған әлеуметтік, геосаяси жағдайдағы мәселелердің шешімі айтылды. Жаңа экономикалық курста ұлттық табысты әділ бөлу, кәсіпкерлікті қолдау, дамыған елдермен ықпалдастық, кеден ісі, жер мәселесіне қатысты түйткілді жайттарды шешудің бағыт-бағдары айқындалған құжаттың жүзеге асуында еліміз халқының бірлігі қажет», деді «Ашық әлем» ҚҚ перзиденті Олжас Қаптағаев.
Жиын модераторы, Саяси зерттеулер орталығының директоры Айдар Әмребаев: «Президентінің дәстүрлі Жолдауы елдің дамуына арналған саяси-экономикалық және әлеуметтік даму басымдықтарын белгілейді. Бүгінде жаһандық өзгерістер Қазақстанның тұрақты дамуы тәуекелдер мен қатерлердің кезеңінде тұрғандығын көрсетеді. Жасырын да, ашық жүріп жатқан сыртқы және ішкі қауіптердің көрінісі жедел қимыл мен қолданыстағы заң мен жалпы адамзаттық қағидалар шеңберінде әрекеттесуді қажет етеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысының Жолдауы іс-қимылдардың бастапқы және ұзақ мерзімді бағдарлама ретінде саяси және әлеуметтік-экономикалық маңызға ие», деп атап өтті.
Сараптамалық диалог барысында саяси ғылымдар докторы Әділ Жүсінов, профессор Рүстем Қадыржанов, PhD Нүркен Айтымбетов, тағы да басқа ғалымдар шетелдік тәжірибенің озық үлгілерінен мысалдар келтіріп, Әділетті Қазақстанды құруға байланысты ғылыми ұсыныстарын білдірді. Сарапшылар жалпы саяси процесті кәсіби талдауды жалғастыру үшін осындай форматтағы барлық жоспарлы кездесулер қолжетімді әрі тұрақты пікірталас алаңына айналуы қажеттігін айтты.
АЛМАТЫ