Қазақстан • 09 Қыркүйек, 2022

«Аq jol»-дың ғасырлық жолы

359 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қадау-қадау заманалар көшінде ұлттың жанын, елдің руханиятын күзеткен зиялы, бағаналы ордалар – басылымдар болатын. Қай газет-журнал болсын ел тағдырына құраласып, іргесіне атпал азаматтарды топтастырды. Сол салқар көштің легінен табылған, тарихы шұңғыма терең, шежірелі басылымдардың бірі – «Аq jol» газетіне биыл 100 жыл толып отыр.

«Аq jol»-дың ғасырлық жолы

Газет 1922 жылдың 1 мамырынан жұ­мысын бастап, 1924 жылдың тамыз айын­да «Еңбек» деген атпен шыға бастады. Әулиеата оязының аудан болып қайта құрылуына байланысты 1929 жылдың
1 қаң­­тарынан «Диқан даусы» атты аудан­дық газетке айналса, «Жаппай ұжым­дастыру» науқанына байланысты газеттің аты 1931 жылдың басынан «Колхоз­шы», 1938 жылы қайта өзгеріске ұшырап «Колхоз жолына» айналды. Қандай қилы мезеттерде де жұрт мүддесіне болысып, жесірдің мұңын, жетімнің зарын жоқта­ған атпал басылым Тәуелсіздік таңына жетіп, «Аq jol» атын иемденді. Басылым­да белгілі жазушы, детектив жанрының негізін қалаған Кемел Тоқаев, жазушы Жайық Бектұров, Ғайса Сармурзин, дарабоз ақындар Тынышбай Рахым, Жақсы­лық Сәтібеков, Арғынбай Бекбосыновтар қызмет етті.

Басылымның ғасырға толған мерейтойы Сарыарқаның төрінде, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлт­тық академиялық кітапханасында атап өтілді. Іс-шара Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауы­мен ашылды. Оны Президенттің кеңес­шісі Мәлік Отарбаев оқып берді. Оған Парламент депутаттары Нұртөре Жүсіп, Дархан Мыңбай, Жанарбек Әшімжан, ҚР Президентінің кеңесшісі, академик Бауыржан Омаров, «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» ЖШС-нің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Шамшидин Паттеев және өзге де белгілі тұлғалар қатысты. Кеш тізгінін қолға алған Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген басылымның тарихы мен қазіргі жай-күйінен сөз қозғады.

Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев «Аq jol» газетінің жүз жылдығына арналған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтауын салтанатты түрде оқып берді. «Құрметті «Аq jol» газетінің ұжымы! Баршаңызды ба­сылымның жүз жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Алғаш 1922 жылдан бастап шыға бастаған газет Әулиеата округінің жылнамасына, облыс халқының рухани болмысының шежіресіне айналды. Өзінің байыпты байламдары, салмақты ойлары бар беделді ақпарат құралы ретінде танылды. «Аq jol» өңірдегі журналистердің түлеп-ұшқан ұстаханасы, ғасырға жуық тарихы бар қара шаңырақта кәсіби тілшілердің шығармашылық мектебі қалыптасты. Бұл ұжымнан талай білікті маман, қарым­ды қаламгер шарболаттай шыңдалып шығып, ақпарат әлеміне қанат қақты» деп Мемлекет басшысы өз ықыласын білдірді.

Алқалы жиында сөз алған Прези­дент кеңесшісі, белгілі публицист-ға­лым Бауыржан Омаров: «Аq jol» зиялы­лар­дың бас қосатын ошағына, үлкен қалам­герлік мектепке айналды» деді. Сондай-ақ ол «Аq jol» газетінің ұжымына өзі­нің ­ниеттес екенін жеткізіп, басылым ұжымына шығармашылық табыс тіледі.

Ақсақал қаламгер Елен Әлімжан ше­жірелі ба­сы­лымның ардагері ретінде газет тарихына көз жіберіп, естеліктерімен бөлісті.

– «Аq jol» газетіне алғаш рет 1970 жы­лы келдім. 1972 жылы ұжым болып га­зеттің 50 жылдық мерейтойын атап өтіп, тойладық. «Аq jol»-дың ал­ғаш­қы ав­торларының бірі – Мұхтар Әуе­зов. Саяси және әдеби алаң ре­тінде қа­лыптасқан газет редакциясында Қазақстан Жазушылар одағының көп­теген мүшесі тәрбиеле­ніп шықты. Олар­дың қатарында Күләш Ахметова, Арғынбай Бекбосын, Әлдіхан Қалдыбаев, Бақтияр Әбілдаұлы сынды тұлғалар бар.

Алқалы жиынның көрігі қызып, сипаты ашыла түсті. Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп ақпарат сала­сын­дағы біршама мәселелерге тоқта­лып өтті.

– Жалпы, газет әділеттің шырақшысы, жалаугері. Ақиқаттың, шындықтың ордасы шынында газеттер. Өкінішке қарай, қазір сол сөз қуаты, сөздің жылуы, жалпы сөздің қадірі қашқан кезеңге келдік. Ал шынында қазаққа күзетші болатын осы бұқаралық ақпараттық құралдары. Егер қазақ басылымдарындағы көтерілген ұлт­тық дүниелердің барлығын жіпке тізіп тұрып ай сайын, болмаса алты ай са­йын немесе бір жылда қағазға түсіретін болса, қазақтың бүкіл мәселесінің су бе­тіне қалқып шығатынына бек сене­мін. Өйткені барлық мәселе осы ұлт­тық баспасөздерде. Газеттер – тілдің сақ­шысы. Сондықтан «Аq jol» газетінің бас­­шылығына, ардагерлеріне, тілеулес қанша азаматтарына мерейлеріңіз үстем болсын, Алла Тағала қуаттарыңызға қуат қосып, дендеріңізге саулық берсін, – деді.

Сонымен қатар Парламент Мәжілі­сінің депутаты Дархан Мыңбай мырза аталған газет журналистерінің жұмысы, лайықты бағалануы керектігін еске салды.

– Президентіміз Жолдауында еңбек­қорлық жөнінде баса айтылды. Барлық журналистерді шын мәнінде асқан еңбек­қор жандар деп айта аламын. Шерхан Мұртазаның мерейтойының алдында өтіп отырған бұл шараның өзіндік сим­волдық мәні бар. «Аq jol»-дың 100 жыл­дық мерейтойын елордада аталып өтілуі көңіл қуантып отыр. Біз әрбір облыстық, аудандық газеттердің өзіне сай мәр­тебесін бере алмай жүрміз. Мұндай іс-шаралар басылымдарды бағалап, қадірлеуге жол ашуы тиіс, – деді.

Алқалы жиында сөз алған қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлы «Аq jol» облыс­тық газет болса да, «Egemen Qazaqstan», «Жас Алаш» секілді ерте кездерден бас­талған тарихы бар басылым екенін жет­кізді. Оның айтуынша, қандай аласапыран кезеңдерде де басылым өз ба­ғытынан, жеке ұстанымынан тайма­ған, ақиқаттың ақ семсерін сілтеуден тан­­баған. Мәселен желтоқсан оқиғасы тұсында Тараз қаласында бір ғана қазақ мектебі болып, басылым бұл мәселені қаймықпай батылдықпен көтере біледі. Соның арқасында діттеген мақсатқа қол жетті. Көсемәлі Сәттібайұлының сөзіне қарағанда, бүгінде Тараз қаласында 80-ге жуық қазақ мектебі барын мақтаныш­пен атап өтті.

Жиында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан дәстүрлі басылымның байрақ­ты кезеңі әлі алда екенін атап өтті.

– Ақпарат белесінде әлі де сәулелі сәттер туады. Оған дау жоқ. Әр адам қандай қызметте болсын, мейлі тілші болсын, мейлі бөлім басшысы болсын, бас редактор болсын, қарапайым оқырман болсын өзінің ерік-жігерін ақпарат кеңістігінің дамуына жұмсаса, осыдан артқан үлес жоқ, сол арқылы біз ақпарат саласын дұрыс бағытта ұстаймыз деп ойлаймын. «Аq jol» газетінде тамаша қалыптасқан шығармашыл ұжым, талантты жігіттер бар. Осы азаматтарға амандық тілеймін. «Аq jol» газеті жасай берсін. Ғасырлық той баршаңызға құтты болсын! – деді.

Ғасыр жасаған басылым алдағы уақытта да ұлт руханиятына алтын терезе ашып, ел игілігіне үлесін қосары сөзсіз. Адамдық, ар диқаншыларының жолы ашық, рухы мығым болғай!