Сұхбат • 11 Қыркүйек, 2022

Зиябек Қабылдинов: «Ахаңды әлем танитын уақыт келді деп ойлаймын!»

365 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Жеке адам жанынан, отбасы тұғы­рынан маңызды орын алу бар да, сонымен қатар тұтас ұлт руханиятының шежіресіне сара жол салу бар. Ахмет Байтұрсынұлы сондай күрделі тұлғалар сапы­нан. Уақыт өткен сайын Байтұрсынұлының білім мұнарасы биіктеп, елшіл мұ­расы темірқазыққа айналды. Осы орайда Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Зиябек Қабылдиновпен әңгімелескен едік.

Зиябек Қабылдинов: «Ахаңды әлем танитын уақыт келді деп ойлаймын!»

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

– Ахмет Байтұрсынұлы дегенде есіңізге не түседі?

– Ахмет Байтұрсынұлы дегенде, ең алдымен, есіме ХХ ға­сыр­дың бірінші ширегіндегі қа­зақ халқының, алдымен, Ресей импе­риясы, кейін кеңестік жүйе құра­мындағы ауыр ұлттық, шаруа­шы­лық-экономикалық ахуалы, қазақ қоғамындағы орын алып жатқан саяси-әлеуметтік оқиғалар, ұлт-азаттық күрестер мен қазақ зиялыларының ұлт мүддесі үшін жасаған жанқиярлық еңбектері, қадамдары, Алаш Орда үкіметі дүниеге келген заман, әрине, осы оқиғалардың бел ортасында жүрген ұлт ұстазы және рухани көшбасшы Ахмет Байтұрсынұлы түседі...

Ахмет Байтұрсынұлы – осы ке­зең­дегі қазақтың ұлы ағартушысы, тіл маманы, саяси тұлға, реформатор, Алаш қозғалысының негі­зін қалаушы әрі белсенді мүшесі, баспагер, журналист, публицист, мемлекет қайраткері.

Байқап отырсақ, осы кезеңде­гі барша зиялыға тән қасиет – сая­си қызметтегі әмбебаптық, ғы­лы­ми зерттеу саласындағы энцикло­пе­дизм. Сол бір алмағайып за­ман­да қазақ зиялысы қай салада болмасын қалам тартып, сол кездегі қоғамның әртүрлі сала­ларындағы өткір мәселелерін өз мақалалары мен баяндамаларына негіз етіп алып, өзекті тақырып ре­тінде көтеріп қана қоймай, осы мә­се­лелердің шешімдерін айтып, талдап, аталған күрделі жағ­дай­лардың аяқ-асты болып қал­май, ел билеушілерінің құла­ғына уақы­тында жетуіне дәнекер болды, өз мақсаттары жолында күресті.

Сіздің сұрағыңызға байланыс­ты, есі­ме қазіргі еліміздегі қоғам­дық мәсе­лелерге қатысты ахуал да ойға оралады. Қазіргі қазақ зиялылары да мен химикпін, филологпін, экономиспін демей, баршасы осы Ахмет Байтұрсынұлының ізі­мен, ұлттың өзекті мәселелері, тарихи таным, ұлт мұраты, елдің болашағы туралы пікірлерін айтып, тұщымды тұжырымдар жасап жүр. Бұл заманауи құбылысқа іштарлықпен емес, түсіністікпен қарап, кез келген елде, әсіресе мемлекеттілігі беку кезеңіндегі тарихи сабақтастық, аталар аманаты, зиялылар жауапкершілігі деп қарауға тиіспіз. Өйткені қазіргі уақыт та Ахметтің кезіндегідей аса жауапты, маңызды тарихи кезең. Осының бәрін өз уақытында Ахаңдар бастан кешкен. Біз осы тұлғаны терең зерттеп, зерделеп, А.Байтұрсынұлы сияқты мық­тылардың салмақты ойлары­мен қаруланып, алдыңғы қатар­дағы дамыған Қазақ елін жасауы­мыз керек. Жершілдікке бар­май, ру-тайпа, жүзге, «мен жергі­лікті, сен қандас», «мен ауыл­дан, сен қаланікі» деп бөлін­бей, Ахаңдардың армандаған мақсат­тарына жетуіміз керек. Уақыт келді. Заман туды. Шегінер жағдай жоқ. Геосаяси жағдай өте күрделі.

– Алаш ардақтысының ең үл­кен ерлігі деп қай ісін атар едіңіз?

– Ахаңның бүкіл ғұмыры мен қазақ халқына жасаған қызметі ерлікке толы. Ол кісіні жай ғана ұлт Ұстазы деп білу жеткіліксіз, нағыз бүкіл халықтың мүддесі үшін шайқасқан – мықты күрескер ретінде тануымыз керек!

Ең бастысы, Ахаң қазақ хал­қының санасын оятып, сауатын ашып, бірлікке шақырып, азат­тыққа жол ашып беріп, үш­мың­жылдық мемлекеттік дәстүрі бол­­­­­ған еліне автономия арқы­лы тә­уелсіздікті алып беру үшін ­ар­палысты. Бүкіл өмірін қазақ ­ха­лықына қызмет етуге арнады.

Мысалы, 1923 жылы Орынбор қаласында Ахаңның мерейто­йын өткізетін болады. Осы іс-ша­раны өткізуге қарсы болғандар да болды. Мысалы, 1923 жылғы 23 қаңтарда Орынборда Қыр­ғыз (қазақ) облыстық партия ко­митетінің Президиум отырысын­да мынандай шешім қабылдана­ды: «Кеңес өкіметі тарапынан бұл мерейтойды мерекелеуді ұйым­дастыруға жол берілмейді».

Мерейтойды өткізу жөніндегі да­йын­дықтың бәріне үкімет басшысы Сәкен Сейфуллин бас-көз болды. Барлық оқыла­тын баяндаманың мазмұны­на ­жауап беруге де әзір екенін білдіреді. Тіпті осы жағдай хаттамамен де бекітілді. Сонда Сәкең орыс тілінде жарияланған «Ахмет Байтұрсыновқа – 50 жас» атты өз құттықтау сөзінде ешкімге жал­тақтамай, пікірін батыл айтты. Пікірінде: «Ахмет Байтұрсынов – білімді адам. Ол – өз заманында азапталған, езілген халықты жақтап, патша шенеуніктеріне қар­сы тұрған ойшылдардың бірі. Патша заманында мансап пен қызметтің игілігін елеусіз қал­дырған, халықты ғасырлар бойы ұйқысынан ояту үшін барын салған, тапталған намысқа қар­сы күрес жүргізген ұлт жана­шыр­ларының бірі – Ахмет еді. Басқа білімді қазақтар уездік билік, губернаторлар мен соттардағы аудармашылық қызметке ұмтылса, Ахмет халыққа қызмет етуге талпынды», деген болатын.

– Байтұрсынұлының мәде­ниет тарихы жөнінде жоғалған мұрасы барын білеміз. Сүбелі еңбек табылуы мүмкін бе?

– Ахмет Байтұрсынұлының ХХ ғасырдың 20-30-жылдары ұлттық әдебиет, мәдениет пен тарихқа қосқан рөлі және еңбегі орасан зор болды. Яғни ХХ ғасырдың басынан бастап «Әдебиет танытқыш», «Оқу құралы» атты еңбектері қа­лың оқырманға белгілі. НКВД органдары Ахмет Байтұрсыновты тұтқындаған кезде оның қолжазба күйінде «Мәдениет тарихы» деген кіта­бын тәркілеген болатын. Бірақ ол кітапты тәркілегенде қайда сақталғандығы туралы нақты мәлімет әлі жоқ.

Бұл НКВД-ның қазіргі ҰҚК-нің архивтерінде сақталуы да әбден мүмкін. Қазір былтырдан бері жұмыс істеп жатқан саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық ақтау жөніндегі респуб­ликалық топтар және өңірлік ко­миссияның мүшелері Ахмет Бай­тұрсынұлының тәркіленген «Мәдениет танытқыш» деген ең­бегінің қолжазбасын іздеу үстінде. Бұл кітап табылып жат­са біздің тарихымызға, мәде­ни­тетімізге қосылған үлкен үлес бо­лып табылатыны сөзсіз. Сон­дық­тан да биыл, Ахмет Байтұр­сын­ұлының 150 жылдығы қарса­ңын­да осы еңбек табылып, ғылы­ми айналымға қосылса, әде­биетіміз бен тарихымызда үлкен серпіліс болады деп есептейміз...

Мысалы, архив материалдарын қарап отырсақ, 1937 жылы бүкіл кітапханалар мен кітап сататын дүкендерден тәркіленетін «халық жауларының» еңбектерінің тізімі шыққан. Бұл тізімде Ахаңның «Жоқтау», «Қазақ тілі оқулығы», «Тіл жұмсатар», «Қырық мысал», «Маса», «Практическая грам­ма­тика», «Сельское хозяйство Кара­калпакстана», «Әдебиет таныт­қыш» сынды еңбектері және тағы да басқа кітаптар болған. Бірақ осы тізімде аталған еңбек жоқ...

– Ұлы ағартушының ел ше­ка­­расын бекіту жайына қаты­насқанын білеміз. Осы жөнінде нақтырақ тоқталсаңыз...

– Ахаң ревком мүшесі ретінде, жаңа Қырғыз кеңес автономиялық республикасы құрылған жылдары Ресей мен Қазақстан арасында жер таласы күшейген кезде өзі­нің нағыз ұлт жанашыры екенін білдірді және көрсетті. Алаш автономиясы кезінде жерді анықтап алған қазақтарға осы кезде де жеңіл болған жоқ. Ахаңдар ба­йырғы қазақ жерін қазаққа қайтару үшін ресейліктермен талай пікір-таластарға, айтыстарға қатысты. Ленинмен де кездесті, ол кісіге талай хаттарды да жазып тұрды. Бір сөзбен айтқанда жерді бекітуде А. Байтұрсынұлының еңбегі ұшан-теңіз. Бір ғана мысал келтірейік. Қазір Қостанай облысының Қа­зақ­стан құрамында болуы, ол – осы кісінің тікелей еңбегі. Бұл арқылы территория Челябі губерниясына өтіп кеткелі тұрған кезде, Ахаң М.Сералинмен бірігіп, Ленинге 1919 жылы 27 қазан күні хат жазып, ревком отырыста­рында батыл сөз сөйлейді: «Қырғыздар (қазақтар-автор) Кеңес үкіметі қыр­ғыз халқына жалған емес, на­ғыз автономиялық өзін-өзі бас­қаруды бергенін анық көруі үшін Қырғыз революциялық коми­тетіне тәуелсіз әрекеттері көрсе­тілсін»... » (Қырғыз өлкесін бас­қару жөніндегі революциялық ко­ми­теттің хаттамалары. 1919-1920. Алматы, 1993,. -32-33 бб.).

– Ахмет армандаған ел – қан­дай ел?

– Ахмет армандаған қазақ елі – ол, ең біріншіден, бірлігі бар, экономикасы мықты дамыған, бү­кіл әлеуметтік мәселелері ше­шіл­­ген ел. Демократиялық бағыт­ты мығым ұстанған ел. Өзінің ті­лінде жасқанбай Парламент мін­берінде сөйлейтін, ана тілінде заң қа­былдайтын озық ел. Білі­мі жоғары сатыға көтерілген ел. Же­тім-жесірін, мүгедегін жылат­пайтын ел. Шекарасы бекем, әскері мықты ел. Жемқорлықты жеңе білген ел. Бүкіл байлығы өз игілігіне жұмсалатын ел. Атадан қал­ған құнды салт-дәстүрін үзбей сақтап келе жатқан ел. Үлкені мен білімділерінің ақылын тыңдайтын, тілін алатын ел. Басқа елдермен терезесі тең ел...

Кеше ғана ел Президенті Қ.Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жол­дауында осы мәселелерге толық­қанды тоқталып, болашақта қор­даланып қалған кемшіліктерді түзейтінін ашық айтты. Бұрыңғы қателіктерді жеңсек, Ахаңның арманы орындала бастады деп жасқанбай айта аламыз.

– Алаш мүддесін қорғаған А.Байтұрсынұлымен кеңес би­лігі қаншалықты санасты?

– Әрине, большевиктер Ахаң­мен ашық санасты. Кеңес билігі Ахаңды ұлттың лидері ретінде таныды. Бүкіл қазақ құрмет тұта­тын тұлға, көсем деп білді. Сон­дықтан бастапқы кезде, олар Ахаңды өз жақтарына тартып, үлкен қызметтерге тағайындап, тіпті большевиктер өз партия­сына қабылдады. Мысалы, 1919 жыл­дың көктемінде кеңес бас­шылығы Алаш Орда үкіметінде қызмет жа­саған қазақтың білікті мамандарын өз жақтастарына айнал­ды­ру­ға ұмтыла отырып, 1919 жылғы 4 сә­уірде БОАК қау­лы шығара­ды, рақым­шылық жария­лады. Он­да былай деп жазды: «Алаш Орда Қырғыз ұлттық үкіметінің мүше­лері мен қызметкерлері бұ­рынғы контр­революциялық қыз­меті үшін ешқандай қудалауға жат­пай­ды». Осы қаулыдан кейін «Алаш Орда үкіметінің бірнеше көшбасшысы Кеңес өкіметі жағына шықты. Лениннің араласуымен Ахмет Байтұрсынұлы Мәскеуге барып, «Алаш Орда» үкіметінің атынан Ленин, Сталин және Жан­гелдинмен келісімге қол қой­ды. 1919 жылғы 10 шілдеде ал­ғаш­қы революциялық Қазақ үкі­меті ұйымдастырылды. Оның құра­мына большевиктер мен Алаш өкілдері де кірді. Ахаң Казкрай­ревкомның құрамына кірді. Ол 1920 жылы тамызда құрылған Қазақ АКСР-і үкіметінің құрамы­на еніп, 1920–1921 жылдары ­Қа­зақ АКСР-і халық ағарту комис­­сары қызметінде болды. Кейін ­орын­басарлық қызметке ауысты. Сон­дықтан бастапқы кезде әри­не санасты. Кейін қудалау бастал­ды. Әсіресе Голощекин билікке ­
кел­ген кезден бастап...

Ахаңның соншалықты мықты болғаны, Лениннің ұлттық саясатына араласып, ақыл-кеңес беруден бас та тартпады. Осының бәрін Ленин біліп отырды. Санасып отырды. Тіпті өзінің еңбектеріне түзету енгізуге де барған, Ахаңның ой-пікірлерін оқып отырды. Жер мәселесі, автономия туралы ойларын Ленин тыңдады және жүзеге асырды деп те айтуға болады. Мысалы, Лениннің «Ұлт және ко­лониалдық мәселелер» атты мақа­ласымен толық келіспей, Ахаң өз ойларын ашық жазады. Сон­да Ахаңның әбден піскен саясат­кер екені, мықты теоретик екені анық білініп тұр. «Жергілікті бұ­рынғы Ресей империясының аума­ғында қалыптасқан шығыс республикаларына деген көзқарасты түбірімен өзгерту керек», дейді Ахаң.

– Ахмет Байтұрсынұлының қа­зақ­тың фольклорын зертте­гені туралы аз айтылады.

– Ахаң Ыбырай ағасының әрі жерлесінің зерттеушілік дәстүрін әдемі жалғастырды. Жай ғана әдебиеттанушы, лингвист, ақын, публицист қана болмай, мықты этнолог, фольклорист те болды деп айта аламыз. Мысалы, 1895 жылы «Тургайская газета» бетінде «Казахские приметы и послови­цы» деген тақырыпта керемет ғылы­ми тұрпаттағы мақала жариялай­ды. 1923 жылы Мәскеу қаласында «Ер Сайын» атты қазақтың белгілі поэ­масын жариялап, оған кіріспе­сін жазып және жақсы пікір де береді. Белгілі орыс академигі А.Кононов Ахаңды өз заманының ең мықты түркітанушыларының біріне жат­қы­зады. 1926 жылы Мәскеуде «Жоқтау» («Причитания») атты кітабын шығарып ғалымдардың алдында үлкен беделге ие болады. Ал А. Затаевич өзінің 1925 жылы Орынбор қаласында басылып шыққан «1000 песен казахского на­рода» атты кітабында Ахаңа ға­лым, зерттеуші ретінде өте жоғары баға береді: «Байтұрсынов қазақ хал­қының тарихын, этнография­сын, тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұр­пын терең меңгергендіктен, өз халқының әндерін жетік біледі және тамаша орындайды, шебер домбырашы».

Ахаңның 1926 жылы Ба­ку қа­ласында өткен түркітанушылардың съезіне қатысып, баяндама жасағаны – ол кісіні мықты маман ретінде ғылыми қоғам толық мойындағанын ашық білдіреді. Сондықтан болашақта Ахаңның осы қырларын да тарихшы мен этнологтер терең зерттеу керек деп ойлаймын.

– Ахаң әдебиет арқылы ұлт­тың жанын, рухын қалыптыс­тыруды мұрат тұтқан секілді...

– Әрине! Өмірінің соңғы жыл­дарындағы естелігінде ұлт ұстазы осы мәселе жөнінде былай деп жазып кеткен: «Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап қалу үшін бар күш-қуатымызбен, амалдарымызбен ағартушылыққа, ортақ мәдениетке ұмтылуымыз қажет. Ол үшін, алдымен, ана тілі­міздегі әдебиеттің дамуымен айналысуымыз керек»... (Қазақстан Республикасы Президенті архиві, 122-қ., 1-т., 27-іс, 69-п.).

– «А.Байтұрсынұлы мен Тәуелсіздік» атты тақырыпқа қандай үн қосар едіңіз?

– Ахметтану ғылымының негі­зін кешегі Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов сынды қазақ әдебиетінің дарабоздары салып кеткені бәрімізге мәлім. Өз заманында А.Байтұрсынұлы дәуір даналары көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсарин, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының қазақ халқының ұлт болып сақталуы жолындағы рухани тәлімгерлік ұстанымын жалғастырды деп айт­сақ қателеспейміз.

«Ахмет және Тәуелсіздік» ұғым­дары ажырамас түсініктер. Ақын, жазушы, ағартушы, ғалым, ұстаз, энциклопедист, зерделі тарихшы, мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ хал­қын шынайы сүйе білген кемеңгер тұлға.

Тұтас адамзатқа өнеге болар­лық А.Байтұрсынұлының өмірі мен күрес жолына зер салсақ, оның қазақ ұлтының азаттық, теңдік, тәуелсіздік жолында жанын құрбан еткен біртуар азамат екеніне көз жеткіземіз.

Менің ойымша, қазақты бірік­тіретін идея, ол – кезінде Ахаңдар негізін салып кеткен Алаштың идея­сы. Оның шығармашылығы ең­бекші халықты білім мен ғы­лымға, адамгершілікке, мәде­ниетті көтеруге үндейді. Ахмет тәуел­сіздік жолында жаңа сипат­тағы көтерілісті, яғни ой, сана көтері­лісін жасаған ержүрек тұл­ға деп айтамыз. Бала кезінен отар­шыл­дықтың қасіретін көз алды­нан өткізген ол ақиқат пен әділет­тіліктің туын биік ұстады. Ахаң­ның есінен айдалып кеткен әкесі ешқашан шыққан емес!

Бір атына жазылған мың атақ­тың иесі атанған, қоғам қайрат­кері, күрескер тұлға А.Байтұр­сынұлының идеясы, ұстанымы тәуелсіз еліміздің мүддесіне шек­сіз қызмет ететіні хақ.

– Сіздің өміріңіздегі Бай­тұрсынұлының рөлі қандай?

– Мен Ахмет Байтұрсынұлы жа­йында өткен ғасырдың 80-ші жылдарында ести бастадым. 1988 жылы ұлы ұстаз ақталған соң, ірі қоғам және мемлекет қай­раткерінің мол әдеби, ғылыми еңбектерімен Омбы қаласына Қазақстаннан келетін газет, журналдар арқылы ақырын таныса бастадым. Өзіміз де сол жақта қазақ студенттерінің апта сайын бастарын қосып, «Қазақ білім алушы жастарының кештерін» ұйымдастырып жүрдік. Тарихты, қазақ тілін, салт-дәстүрімізді 1500-ге жуық қазақ студенттеріне насихаттаймыз. Сонда Ахаңның тәжірибесі бізге өзінің септігін тигізді.

Кейінірек, 1994 жылы Ресей­ден өзімнің тарихи Отаныма, Қазақстанға оралғаннан соң, жер­гілікті БАҚ арқылы Ахмет Бай­тұрсынұлымен танысуымды жалғастырдым. Сол кезде Ахаңа байланысты мақалалар, құжаттар жинағын, энциклопедиялар, конференция материалдарын, монографияларын, әсіресе оның тіл біліміне қатысты жарыққа шыққан еңбектерін мұқият қарап жүрдім. 2020 жылдың 24 қарашасында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Саяси қуғын-сүргін құр­бандарын толық ақтау жөнін­дегі комиссия» құрылды. Со­ның аясында Қазақстанда саны 400-ге жуық зерттеуші жабық құжат­тарды қарастыруға рұқ­сат алды. Мен де аталған мемле­кеттік комиссиясының мүшесі және бір жұмыс тобының жетек­шісі ретінде, осы бағытта зерттеу­лерімді жалғастырып жүрмін. Соның нәтижесінде, Ахмет Бай­тұр­сынұлына байланысты бұған де­йін ешкім көрмей келген көптеген жабық материал қолымызға тиіп жатыр.

Одан бөлек, 9-шы сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» ат­ты мектеп оқулығында Ахмет Бай­тұрсынұлына арналған жеке тарау­ша берілген, нақтырақ айтқанда, «Ұлт Ұстазы» деген тараушаның авторы өзім болып табыламын. Қазіргі таңда, Ш.Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология инс­титутында Қазақстан тарихы­ның көптомдық еңбегі дайындалып жатыр, оның ішіндегі 6-шы томы Кеңес кезеңінің 70 жылдай тарихына арналған. Мен инс­ти­тут­тың директоры ретінде, осы том­­ның ішінде Ахмет Байтұр­сын­ұлына арналған параграфты әреп­тестеріммен бірлесіп жазуға кірістім.

Мен өзімнің ішкі дүние­та­ны­мыма жақын Ахаңның бір ­те­рең ойлы, ешқашан жадымнан ­да, санам­нан да шықпайтын ­ұста­ным-көзқарасы бар. Ахаң­ның аузы­нан шыққан сөз еш­қашан ескірмейді. Бұл қанатты сөз бүгінгі күнде елдің әрбір аза­матының да, мекеме, аудан, қала, облыс, министрліктерді бас­қа­рып отырған азаматтардың да көкейінде сақталып жүруі керек деп ойлаймын: «Өзгелерге ілесу үшін сауатты, бай, күшті болуы­мыз керек. Сауатты болу үшін оқу керек. Бай болу үшін кәсіп керек. Мықты болу үшін бірлік керек. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек». Осы ой әр адамның санасын билеп алуы қажет. Тіпті ұран ретінде, керек болса ұлттық ұстаным ретінде әр мекеменің маң­дайшасында тастай жазылып тұрса деймін!

– Ахметтің есімін мәңгі есте қалдыру үшін қандай ұсы­ныстар айтар едіңіз?

– Алаштың арда азаматы А.Бай­тұрсынұлының атымен мем­­лекеттік сыйлықтар таға­йын­далу керек. Жазылып жат­қан Қазақстан тарихы жаңа акаде­миялық көптомдығында Ахаңның ғибратты өмірі мен халық мүд­десі жолындағы жанкешті еңбе­гіне қатысты арнайы тарау арнал­ғаны артық болмайды. Бұл ұсы­ныс айтылып та келеді. Оны орындауға болады және керек. Мектеп оқулықтарында да арнайы тараулардың болуы міндетті. Ең бастысы, тарихи бағытта Ахаң туралы жеңіл тілмен, көпшілікке арналған кітап шығарылып, бұл кітапты әлемнің бірнеше тіліне аудару қажет. Ахаңды әлем танитын уақыт келді деп ойлаймын!

 

Әңгімелескен

Батырхан СӘРСЕНХАН,

«Egemen Qazaqstan»