Қазақстан • 11 Қыркүйек, 2022

Ашық кездесу, мәнді талқылау

300 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Алматыға сапары барысында БАҚ өкілдерімен кездесіп, медиа заңнаманы қайта қараудың жаңа тәсілдері туралы пікір алмасты. Жиынға телеарналар, баспа басылымдары және интернет ресурстардың өкілдері қатысты.

Ашық кездесу, мәнді талқылау

Жиында министр талғамы мен талабы жоғары, әлеуметтік желі мен интернет ресурстарға көп көңіл бөлетін оқырманның сұранысына жауап беру қиын екенін айта келіп, баспа басылымдарына салық жеңілдіктерін беру жағын жеке талқылау қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, қазіргі уақытта баспа басылымдарға салықтық жеңілдіктерді алып тастау ұсынысын Үкіметке енгізу үшін тиісті талдау жүргізіліп жатыр. «Баспасөз салықтардан және міндетті аударымдарды төлеуден босатылған жағдайда, үнемделген қаражатты басылымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға, контент сапасын жақсартуға жұмсауға мүмкіндік туады», деді министр.

Кездесу барысында БАҚ арқылы мем­лекеттік идеологиялық қауіпсіздік мәсе­лесін көтеру, баспа басылымдарды сату орындарын көбейту, газет оқу мәдениетін жандандыру, кино арқылы газет оқу мәдениетін насихаттайтын әлемдік тәжірибені енгізу мәселелері сөз болды. Қазіргі уақытта өңірлер мен ірі қалаларда баспа өнімдері 400 газет дүңгіршегі, супермаркеттер және ірі дүкендердегі жеке сауда нүктелері, «Қазпошта» АҚ-ның 2 645 қалалық және аудандық пошта байланыс бөлімшесі арқылы сатылады.

«Бірқатар өңірде «көше саудасы» тұжырымдамасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде, оның шеңберінде кәсіпкерлер жер учаскелерін жеңілдетілген тәртіппен ала алады. Алайда өңірлердегі мұндай жобаларға бизнес субъектілерінің қызығушылығы төмен. Өйткені табысы аз. Сондықтан әкімдіктерге басылымдарды сатуға ынталы кәсіпкерлерге басқа да жеңілдіктер қарастыру немесе кәсіп жасауға тегін жер беру жөнінде ұсыныс жолдадық», деп атап өтті Д.Қыдырәлі.

Жиында сөз алған журналист Ертай Айғалиев баспасөзге жазылу мәселесін, қазақ басылымдары таралымының азайып кеткенін айта келіп, баспасөзге жазылуды халықтан талап ету әлемдік тәжірибеде бар үрдіс екенін еске түсірді. «Қазақстанда орта есеппен 12 мыңдай кітапхана бар. Газет-журналдарды жазылу мәселесін солар арқылы шешсек, бұл БАҚ үшін қосымша тыныс болар еді. Қазіргідей экономикалық өтпелі кезеңде мұндай шаралар БАҚ үшін үлкен мүмкіндік», деп атап өтті ол.

Белгілі медиаменеджер Лев Тараков министрлік жанынан құрылған БАҚ туралы заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына бірінші күннен бастап қатысып келе жатқанын айта келіп, заңның жаңа редакциясы ұлттық ақпараттық кеңістікті дамытудың тиімді құралы болатынына сенім білдірді.

«Ұлттық медиа кеңістігіміздің осалдығы, шетелдік ресурстардың ақпараттық басымдығы туралы мәселені тек журналис­тер емес, саясаткерлер, қоғам белсенділері, түрлі саладағы белсенді азаматтар жиі көтере бастады. Біздің өмір сүру құндылықтарымыз еуростандартқа жақындаған кезде заман да, заң да өзгереді. Дәл қазір өз менталитетімізден алыстамай дамығанымыз, алға жүргеніміз дұрыс. БАҚ туралы заң жобасында да осы бағытқа басымдық берілгені жөн», деп атап өтті Л.Тараков.

Кейіннен министр Дархан Қыдырәлі сайт, портал жетекшілері, блогерлермен кездесіп, ақпараттық қауіпсіздік, хабар тарату жылдамдығы мен кәсіби біліктілік, ақпаратқа қолжетімділік, фейк ақпаратпен күрес жүргізу, БАҚ өкілдерінің біліктілігін арттыру мәселесі кеңінен талқыланған дөңгелек үстел өткізді.

Жұмыс сапары шеңберінде министр сондай-ақ Qazaqstan телерадио корпо­ра­циясының Алматыдағы филиалына барып, жоба жасаушылар және құрылыс компаниясы өкілдерімен жүздесті. Ал «Қаз­телерадио» мекемесінде өткен басқосу барысында журналистермен цифрлық форматта эфир тарату, жаңа радио телевизиялық стансаларды іске қосу, шекаралық аймақтарды радиохабар толқындармен қамтамасыз ету мәселелері төңірегінде пікір алмасты.

Орайлы сәтте министр «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Юрий Беккерге «Құрмет» орденін тапсырып, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры» қоғамдық қорының президенті, белгілі құқық қорғаушы Тамара Калеевамен кездесті. Жақында ғана дүниеден өткен медиаменеджер Батыр Қазыбаевтың шаңырағына ат басын бұрып, анасы Орынша Қарабалинамен жүздесу кезінде министр: «Биылғы «Үркер» ұлттық сыйлығының бір номинациясын Батырдың атымен атау туралы ойымыз бар» деген жаңалығымен бөлісті.

Министрдің Алматыдағы сапарының екінші күні этнос өкілдерімен кездесумен жалғасты.

 

АЛМАТЫ