Өнер • 12 Қыркүйек, 2022

«Байқоңыр» кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды

371 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

11 қыркүйекте Алматы менеджмент университетінде VII Baiqonyr International ShortFilmFestival ресми жабылуы өтті. Іс-шара барысында ұлттық байқау жеңімпаздарының есімдері белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Байқоңыр» кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қаңтар айындағы оқиғалар туралы қысқа метражды «Қаңтар» фильмін түсірген үздік режиссер - Әлішер Жәдігеровке арнайы жүлде табыс етті. Жас режиссер келесі толықметражды көркем фильмін киностудиямен бірлесіп жасаған жағдайда толық техникалық қолдау мүмкіндігіне ие болады. 

Марапатты табыстай отырып, киностудия президенті Ақан Сатаев «Байқоңыр» фестивалі жыл сайын жас таланттарды қолдап, кинематография саласындағы жас дарындарға жол ашатынын айтты.

«Қазақфильмнің осы фестивальге ат салысқанына қуаныштымын. Біздің жүлде менің жас әріптестеріме өз қабілеттері мен армандарын жүзеге асыруға көмектеседі деп сенемін», деді А.Сатаев.

Бұл Әлішердің халықаралық кинофестивальдердегі алғашқы марапаты емес. Жәдігеровтің бұған дейінгі «Отау» және «Балық сорпа» қысқаметражды фильмдері Оңтүстік Корея, Португалия, Иран, Түркия және Италиядағы халықаралық кинофестивальдердің жүлдегері атанды. Ал «Карантин» деректі фильмі 5-ші Baiqonyr ISFF байқауында «Ең үздік деректі фильм» деп танылды. Сол сайыста ол сценарийлер питчингінің жеңімпазы атанып, өзінің алғашқы толықметражды «Отау» картинасын түсірді. Дәл сол картина биылғы «Сыншылар таңдауы» байқауында Қазақстанның кинокритиктер қауымдастығының нұсқасы бойынша 2020-2021 жылдардың «Үздік дебют» номинациясында жеңімпаз атанды.

Кинофестивальдің ұлттық байқауының «Үздік фильм» номинациясындағы басты марапатты режиссер Михаил Плисконың «Рух» қысқаметражды картинасы алды. Фильм өмірдің мәнін материалдық пайдадан көретін Ерғалым есімді орта жастағы жүргізушінің оқиғасын баяндайды. 

Халықаралық байқауда Саха республикасынан (РФ) режиссер Илларион Яковлевтің «Такси жүргізушісі» картинасы Гран-приге ие болды. Бұл жұмбақ жолаушыны кездестірген Толи жүргізушісінің оқиғасы жайлы фильм.

Анимациялық байқауда Дильшат Рахматуллиннің «Бесік жыры» атты туындысы үздік атанды.

«VII Baiqonyr-дың көптеген қиындықтарға қарамастан биыл өткенiне өте қуаныштымын. Осы жылы біз тек ТМД елдерінен ғана емес, Оңтүстік Кореядан да жаңа қонақтарды қарсы алдық. Жаңа 23 лауреат бар. Сондай-ақ биыл жаңа анимациялық конкурс қостық. Барлықтарыңызбен келесі жылы да кездесуге жазсын!», деді «Байқоңыр» фестивалінің президенті Әнуар Кенжебаев. 

VII Baiqonyr International ShortFilmFestival жеңімпаздарының толық тізімі:

Ұлттық байқау:

Үздік фильм - «Рух», режиссері Михаил Плиско

Үздік режиссер - Әлішер Жәдігеровке, «Қаңтар»

Үздік сценарий - Іңкәр Еркінқызы, «Қасен мен Құсайын»

Үздік оператор - Бағдат Аргинов, «Ласточка»

Үздік қоюшы суретші - Алтынай Құмарбекова «Қызыл алма» 

Үздік монтаж - Ален Кенемолдин «Детские рисунки»

Үздік актер - Нұрдәулет Алматұлы, «Чикен»

Үздік актриса - Ақмарал Зықаева «Құс»

Үздік деректі фильм - «Невидимки», режиссері Виктория Шегай

Қазылар алқасының арнайы жүлдесі - «Ұйқым келді», режиссері Темірлан Сағымбаев

Қазылар алқасының атауы - «Aybat», режиссері Мейрамбек Сағынов

 

Халықаралық байқау:

Үздік фильм - «Такси жүргізушісі» (Саха Республикасы), режиссері Илларион Яковлев

Үздік режиссер - Телжан Нұрмахан «Қора» (Қазақстан)

Ең үздік деректі фильм - «Слишком большой» (Тәжікстан), режиссері Абдулло Гурбати

Қазылар алқасының арнайы жүлдесі - «Жизнь без весны» (Өзбекстан), режиссері Шокир Холиков

Үздік оператор - Анна Шепилова, «Сегодня я вешался» (Ресей-Армения)

Үздік актриса - Алиса Лозовская, «Параллели» (Ресей)

Үздік актер - Рахат Жұмаханов «Қора» (Қазақстан)

 

Анимациялық байқау:

Үздік фильм - «Бесік жыры», режиссері Дильшат Рахматуллин

Ең жақсы көрнекі шешім - «Острые предметы», режиссері Әмина Тазиатова

Ең жақсы оқиға - «Ищу наследника дома», режиссері Маржан Жұбаныш

Үздік эксперименталды фильм - «Пшик», режиссері Әліби Мұқышев

Қазылар алқасының арнайы жүлдесі - «Воспоминание о яблоне», режиссері Линара Миргалиева.

Естеріңізге сала кетейік, фестивальдің байқау бағдарламасына барлығы 306 киножоба үміткер болды.  Олардың ішінде бағдарламалық қызмет Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Армения және Ресейден 48 фильмді іріктеп алды.