Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2022

Су қорын ластаушыларға айыппұл салынды

642 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметіндегі «Өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту жөнінде қабылданып жатқан шаралар және Көкжиде кен орнының мәселелері туралы» брифингте Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлпықар Жолдасов баяндады. Ол Темір ауданындағы Көкжиде кенішінде мұнай өндіретін бес компания өкілдерімен кездесіп, табиғи қорықтағы жағдайды көріп қайтты.

Су қорын ластаушыларға айыппұл салынды

Еліміздің батыс өңірін тұщы сумен қамтуға мүмкіндігі мол стратегиялық тұ­щы су қоры бар Көкжиде кеніші Мұғал­жар және Темір аудандарының шекарасында орналасқан. Көкжиде құмдарында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «КМК-Мұнай» АҚ, «Фирма Ада Ойл» ЖШС, «Өріктау Оперейтинг» ЖШС, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС мұнай өндіреді.

Соңғы екі жыл бойы Көкжидеге жүргізілген барлау жұмыстары тәулігіне ағыны 173,4 мың текшеметр болатын жерасты суы қорын анықтады. Табиғи сүзгі ретіндегі Көкжиде құмдарының ар­тық­шылығы сол, мұндағы су қорының құ­рамы және сапасы жағынан еліміздің батыс облыстарын, соның ішінде Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларын толық қам­тамасыз ете алады. Қазіргі уақытта Көк­­жиде суларын екі ауданға жақын елді­ мекен тұрғындары пайдаланып отыр. Жақында ел Үкіметі Көкжидеден Аты­рау облысы мен Ақтау қаласына құ­быр тарту жобасын қарастырды. Қазір Көкжиде құмдарындағы жерасты суының шекарасы анықталу үстінде. Құм­ды алқаптан мұнай өндіретін алты мұнай компаниясының жүзден астам мұнай ұңғысы су қорын ластап жатыр деген қауіп зор. Жергілікті та­биғат жанашырлары ұзақ жылдан бері Көкжидеден мұнай өндіруді тоқтатуды талап етіп келеді. 2006 жылы Көкжиде Үкімет қаулысымен мемлекеттік та­биғи қорықтар тізіміне енгізілді. 2019 жылдан бастап Ақтөбе облыстық әкім­дігінің ұсынысымен мұндағы жерасты суының қоры, оның ағыны және мұнай қалдықтарымен ластану жағ­дайы зерттеле бастады. Құмды белдеуде орнатылған 103 мониторингтік ұңғы арқылы жерасты суынан сынамалар алынып, әр тоқсан сайын оның қорытындысы шығарылып тұр.

«Мұнай өндіруші компаниялар бізге жерасты суы мұнай қалдықтарымен лас­танып жатқан жоқ, мұнай өндіру кезінде барлық экологиялық талап сақ­талады деп хабарлайды. Ал тексеру кезінде керісінше болғаны анықталды. Белгілі бір деңгейде ластану мөлшері бар, жерасты суына мұнай қалдықтары араласқан. Экологияға келтірілген зиян көлемін анықтап, бірнеше компанияға ірі көлемде айыппұл салынды. Сондай-ақ 2021 жылы Энергетика министрлігімен бірлесе зерттеу жоспарын құрдық. Бұл бойынша Көкжиде кенішіндегі жерасты суына тиетін ұңғыларды кезең-кезеңімен тоқтату жұмыстары қолға алынды. Тұ­щы су қорының үстіне орнатылған ұң­ғы­лар­ды осы жылдың соңына дейін ба­қы­лап отырамыз», деді З.Жолдасов.

Ол Ақтөбе облысының экологиясын сауықтыруға арналған Жол картасының орындалу барысы туралы да баяндады. 2020 жылы қабылданған осы құжатта Ақтөбе қаласының ауа сапасын жақсарту, Елек өзенінің алтывалентті хроммен лас­тануын, ферроқорытпа зауыты мен хром қосындылары зауытының зиянды шыға­рылымдарын азайту мәселелері қам­тылған. Экологиялық картаның ма­ңызды бөлігі – Шалқар көлін тазарту. З.Жолдасовтың хабарлауынша, осы кезге дейін Шалқар көлін тазар­ту жұмысы 45 пайызға орындалып, көл түбінен 3 млн текше метр лай шы­­ғарылды. Енді 2023-2024 жылдары Ақ­­төбе облысындағы Қарғалы, Елек, Жіңіш­­ке өзендерін тазарту жоспарда тұр.

 

Ақтөбе облысы