Бас-аяғы жинақы, нығыз, көркем жазылған әңгіме бас кейіпкер – Хадиша атынан баяндалады.
« – Сен мені танымай қалдың ба, неге үндемейсің, Мақсұт?
Ол тіл қатпады. Босағада тұрды да қойды.
– Бір-бірімізді көрмегелі отыз жылға жуық болды, Мақсұт.
Сен соғысқа кеткенде, мен жиырма сегізде едім ғой.
Ол үндемеді».
Осы шағын ғана диалогтан шығармадағы оқиға желісін ғана емес, бас кейіпкердің жан дүниесі мен оның жүрегінде шеменделіп қалған қайғысы мен қасіретін түсініп, жаныңызды мұң баурайды. Сұм соғыстың аяқталғанына біраз жылдар өтсе де, өзінің асыл жарын өлдіге жорымай, сол жаққан ошағының отын өшірмей отырған аяулы ананың қайраты мен мұқалмас жігеріне тәнті боласыз. Үбірлі-шүбірлі болып отырған жалғыз қызының қолына бармай, «өзім өлгенше Мақсұттың шаңырағын құлатпаймын» деп отырған Хадишаның болмысын автор көңіліңді селт еткізер ұтымды детальдар арқылы айшықты көркемдеген. Қара шаңырақ – халқымыз үшін өте қасиетті ұғым екендігін қаламгердің астарлап айтқан ойынан түсінесіз.
Шерхан Мұртаза шығарма желісін ширата түсу үшін ауылдағы ағайын арасындағы кейбір көзге көріне қоймайтын көріністер арқылы, кейіпкер бейнесін нанымды суреттейді. Бұдан қазақы мінезді де көресіз.
Мына бір үзіндіге зер салыңыз:
«Oй, алжыған басым, бірді айтып, біріне кеткенім... Бәрі анау Шалабайдың қызы Күләйдан шықты ғой. Күләй күйеуімен келіп түсті. Ауыл болып жиылдық. Күйеу мен Күләй алып келген қоржынның аузын өзім ашамын ғой деп отырғанмын. Ата жағынан алғанда, менен жақын кімі бар Шалабайдың? Аталастан осы Мақсұттың үйінен жақын ешкімі жоқ қой, біле-білсе. Білмеді. Айдаладағы Ақшай кемпір ұстады қоржынның аузын. Ақшай кемпірдің бүгінде мұрнынан есекқұрт түседі. Шалы қасында, үш бірдей келіні қызметін істеп тұр. Шифрлап сегіз бөлмелі үй салдырған, балаларының бас-басында мотоциклі бар. Шалабай, шіркін, сенің інің, менің қайным ғой, қайын болмай қата қалғыр, қоржынды маған ұстатуға жарамады».
Осыны оқып отырып, алақандай ауылдағы адамдардың болмысын, қарым-қатынасын, олардың дүниеге деген көзқарасынан автордың шеберлігі айқын көрінеді. Хадишаға қайнысы Шалабай мен Ақшай кемпірдің ерсі қылығы қатты батады. Қайнысы жеңгесіне қызынан келген кәде-жоралғы салған қоржынның аузын аштырмай, оны бүгінде балаларының арқасында болып-толып отырған Ақшай кемпірге аштырады. Бұған Хадиша қатты қорланады. Тіпті Ақшай кемпірдің оған долданып айтқан «қақбас, қубас» деген сөзі сүйегінен өтеді.
« – Әй, Ақшай, – дедім мен де. Қаным қарайып кетті. – Алды-артымды жалмап, жалмауыз болайын деп құдайдан тілеген жоқпын, дедім. – Мақсұт көппен бірге әскерге кетті. Сенің байың Құрақбас құсап әскерден қашып, үш жыл бойы тауда тағы боп жүрген жоқ дедім. Қызым Жанат болса, тұрмысқа шықты, құдайға шүкір, қазір балалы-шағалы, – дедім. – Өзім болсам, Мақсұттың отын өшірмей, түтінін түтетіп отырмын. «Қырық жыл қырғын болса да – ажалды өледі». Кебенек киген, әйтеуір, бір келеді. Мақсұт үйден кебін киіп аттанған жоқ қой, – дедім. – Оны мен семіз деп сойған жоқпын, етті деп сатқан жоқпын, мен қайдан қақбас боламын, – дедім».
Шын мәнінде, туындыда Хадиша образы қай жағынан алсаңыз да шебер сомдалған. Автор өз кейіпкері арқылы қанша қайғы-қасірет көрсе де ешқашан жаны қиналып мойымаған қазақ аналарының жиынтық бейнесін бедерлеген. Бір жағынан, әңгімедегі оқиға кейіпкердің түсі арқылы өрбиді.
« – Шыннан тағы да түс пе? – деді өзіне-өзі. – Шыннан Мақсұт бір тіл қатпады ма? – деді өзіне-өзі. Ал шындығында, Хадиша Ақшайдан көрген қорлығын арыз етіп айтқанда, сол түсте Мақсұт сай-сүйегі сырқырап егіліп еді. Қаншама жұбату сөздер айтып еді Хадишаға. Бірақ өлгендердің көзінен еш уақытта жас шықпайды. Өлгендердің сөзін тірілер еш уақытта есіте алмайды».
Қазақ әдебиетіне шұрайлы да шымыр жазылған туындыларымен олжа салған қабырғалы қаламгер туралы аса көрнекті жазушы Тахауи Ахтанов: «Шерхан әңгімелерінде сарғайған сағыныш ыстық пен суықтай оқушы жүрегін қарып өтетін қуаныш пен күйініш сызаттаған үміт пен сыздаған мұң сияқты адам сезімінің небір иірімдері байқалады» деп айтқан екен.
Ойымызды жинақтай келгенде, Шерхан Мұртаза шағын болса да көтерген жүгі ауыр «41-жылғы келіншек» атты әңгімесінде сұм соғыстың қасіретін тартқан жалғыз Хадишаны ғана емес, сол секілді асыл жарлары қанды қырғында ерлікпен көз жұмған мыңдаған қазақ әйелдерінің басындағы ауыр қайғыны шынайы бейнелеген. Бір сөзбен айтқанда, бұл туындыны көркем сөзбен соғыстан ері оралмаған ардақты аналарға соғылған ескерткіш деуге болады.