Әдебиет • 12 Қыркүйек, 2022

Шәкәрім сауалы

443 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Айқап» журналында 1912 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының «Бі­лім­­ділерге бес сауал» атты еңбегі жа­рық көргені белгілі. Бүгін біз ірі тұлға­ның бесінші сауалы жөнінде аз-кем тоқтала кеткенді жөн көрдік.

Шәкәрім сауалы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Шәкәрім: «Заман өткен сайын адам­дар­дың адамшылығы түзеліп бара ма, бұ­зылып бара жатыр ма?» деп сұрақ қояды.

Әлбетте, «бүгінде бар жамандық жер бетіне шықты, ақырзаман жақындады немесе бұрынғы адамдар ақиқатшыл, әулие кейіптес болған, қазіргі адамдар тым ұсақшыл, бұзылып барады» деген сөздерді жиі естиміз. Кейде өткеннің бәрі сүйкімді болып елестейтіні де жасырын емес. Ендеше, ойымыз түсінікті болуы үшін ежелгі ғасырларға назар салалық.

Түркінің «Бабырнама», «Тарих-и Ра­шиди», «Шежірелер жинағы» сынды туын­­дылардан, аңыз, қисса, дастандардан немесе Шыңғыс хан, Ақсақ Темір жай­лы тарихнамалардан қорған болып үйіл­ген адам бастары мен өзен болып ақ­қан қан бейнесін кезіктіруге болады. Осы тұс­­та көптеген еуропалық жаз­ба түр­кі­лер­ді жабайы өркениет қалып­тас­тыру­шы­лар, билеушілерімізді зұлым­дық пен қаты­гездіктің көсемдері ретінде сомдап жатады. Бұл үрдісті ресейлік қалам­герлердің еңбектерінен де байқау қиын емес.

Осы орайда еуропалық өркениеттің бастауы саналған әртүрлі тайпаларға көз жіберелік. Өткен мыңжылдықта адамзат баласы кісі сенгісіз құралдар мен жан түршігерлік азаптау түрлерін ойлап тапты. Мәселен, кергішпен азаптау түрі. Бұл қинау түрі Ежелгі Грекияда қолданылған. Адамды жатқызып, екі қолы мен екі аяғын әр тарапқа тартқан шақ­та, жазаланушының құлын даусы көкті тітіреткен деседі. Ал «Иуданың бесігі» әдісі – Ежелгі Римде пайда болып, орта ғасырда үлкен танымалдылыққа ие болған. «Иуданың бесігі» атауының өзі католиктік Еуропа тұрғындарының зәресін ұшырған. Айыпталушыны алдымен аяқ-қолын қимылдамастай етіп байлап, пирамида секілді үштік ағашқа отырғызатын болған. «Мыс бұқа» әдісі де ежелгі Грекияда ойлап табылған. Мыстан бұқа кейіптес мүсін соғылып, ішіне (қарнына) жазаланушыны жатқызған. Мұнан соң астынан біртіндеп от жағып, азапкерді ыстыққа қақтап бақиға аттандырған.

Ал көне ассириялық әскерлер үшін адам етін жеу үйреншікті дағды іспеттес көрінген. Жаулап алған ел тұрғындарының терісін сыпырып, бағана бұрышына шегелеген. Күнбе-күн сол орыннан қажетті етін кесіп алып, тамақтанып жүрген.

Мая тайпасы өзге жасақтарға бір ғана мақсатпен шабуылдаған. Яғни мақсат: тайпа арасынан құрбандық тауып, кеудесін арнайы істікпен жарып, соғып тұрған жүректі суырып алу, осылайша құрбандық рәсімін өткізу. Жаңа Зеландияның түпкі ата-бабалалары саналатын Маори тайпасы адам етін жеп, даңқы шыққан. Соғысқұмар тайпа өкілдері көршілес елдерді жаулап алудан жалықпай, үнемі майдан ашып отырған. Бағындырған тайпа адамдарын өлтіріп, еттерін жейтін дағдыларынан танбаған.

Өткен мыңжылдықта мұндай қаты­гез­дік түрлері көптеп танылады. Ал жаңа ғасыр ше? Мәдениет тоғысы мен техника­ның дамуы адамзат баласының ішкі потенциалын өсіре алды ма? Әлде ғимараттар зау көкке шырқаған сайын ізгілік төмен тартып бара ма?

Қараңыз, І дүниежүзілік соғыс салдарынан 10 миллион адам көз жұмып, 55 миллионға жуық адам жарақат алған. Ал ІІ дүниежүзілік соғыстан бір ғана Кеңес Одағы 26,6 миллион адамын жоғалтты. Мың емес, миллион. Сириядағы азаматтық соғыстан 370 мың адам көз жұмғаны нақтыланған. Оның 13 мыңы әйелдер болса, 21 мыңы – жас балалар…

2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-тың қауіпсіздігін сынаған террорлық аппаттан 2977 адам көз жұмып, 24 адам із-түссіз жоғалған. Ал әлемге әйгілі Хиросима-Нагасаки оқиғасынан 246 мың­ға жуық адам шығыны болғаны белгілі. XX ғасырда Қазақ халқының басынан өткен нәубет те жаңа заманның көрсеткіші бола алмақ.

Әрине, мұның бәрі де кісі қолымен жүзеге асып отырған жайттар. Немесе ежелгі үрдістердің біршама дамыған түрі. Біз өткен мен бүгінді қысқаша сараптай келе, Шәкәрім қажыға жауабымыз: адамның адамшылығы қай кезеңде де гармониялық тепе-теңдікте. Бұрын қалай болса, бүгін де солай. Бүгін қалай болса, ертең де солай болмақ. Ақ пен қара, от пен су, әлсіз бен күшті, бар мен жоқ, Фауст пен Мефистофель күресі ешқашан бітпек емес.