Ахмет Байтұрсынұлы президиум төрінде
Іссапар бір аптаға ғана жоспарланғандықтан алдын ала интернетті шарлап, әзербайжандық деректер базасынан ол елдің мұрағаттары туралы мәліметтерге қанығуға тырыстық, ресми хат жолдадық. Әзербайжан Республикасы Ұлттық архив басқармасының директоры Аскер Расулов мырзадан құптау жауапхаты келген соң Тіл білімі институтының жас маманы Әрлен Сейтбатқал екеуміз Бакуге аттандық.
Шындығын айтар болсақ, басты мақсатымыз Ахаңның жанды дауысын табу болатын. Қаншама жылдан бері ойда жүргендіктен, Бакуге бара қалсақ, іздегенімізді табатынымызға тым сенімді едік. Себебі біршама жыл бұрын әзербайжандық YouTube каналдарында съездің 6-7 минуттық бұлыңғыр бейнежазбасы таралған. Яғни съезд барысы бейнекадрға түсірілген. Жиынның 416 беттік стенографиялық материалы да жарияланған, сол себепті оның аудиожазбасының табылуына жетелейтін бірнеше себеп те баршылық еді. Мысалы, стенографиялық есепте шешендердің баяндамасы барынша дәлдікпен хатқа түсірілген, тіптен оларға қатысты түрлі эмоциялары (қол шапалақтау, наразы болу, т.б.) да беріліп отырған. Мұның сыртында бейнежазбасы түсірілген тұста оның аудиожазбасы да болуға тиіс деген интуициялық болжамымыз да болды.
Әзербайжандық YouTube каналдарына қойылған бейнежазба мүлдем сапасыз-тұғын, сол себепті кейбір зерттеушілер тұрпаты, әлпеті ұқсас бір-екі адамның суретін «Ахмет Байтұрсынұлы» деп тұжырымдап, оны асығыстау жариялап үлгерген де болатын. Бірақ мұның ағат екені кейіннен анықталған. Біз тапқан бейнежазбада ол адамдардың Ахмет Байтұрсынұлы емес екені анық көрінеді және ғалымның бейнесі басқа тұста күмәнсіз анық танылады.
Түпнұсқа бейнежазба Әзербайжан Республикасының Ұлттық архив басқармасында орналасқан Кино-фото құжаттар архивінен табылды. Бірақ, өкінішке қарай, ол кинохроника жалаң сурет, дыбыссыз болып шықты. Өйткені сол заманда кинокадр мен ілеспе дыбыс бір құрылғыға біріктірілмеген, тіпті дыбыс жазудың өзі аса күрделі жұмыс болған. Бейнежазбаның әр кезеңде фототаспадан көшірілген 3 нұсқасы сақталған. Үшеуінің сапасы үш түрлі, бірақ бәрі бір бейнежазба: экранда біреуі сарғыштау болып көрінеді (08.05 минут, файл көлемі – 1,4 Gb), екіншісі қаралтқым (07.54 минут, файл көлемі – 10,2 Gb), ал үшіншісі – ақшылдау, ең анық көрінетін нұсқа (07.50 минут, файл көлемі – 10,1 Gb).
Архив қызметкерлерінің жылы қабылдауы мен бауырлас қазақ ұлтына, Қазақстанға деген құрметінің арқасында біз бейнетаспа сақталатын қойманың өзіне кіруге мүмкіндік алдық. Қоймадағы сөреден съезд бейнетаспасын алып таныстық. Сары түсті дөңгелек қалбырға салынған бейнетаспа сыртына «SP26 – P950» деген белгі қойылған, бейнетаспаның жалпы ұзындығы «224 м» деп көрсетілген және қорабының қырында «1» деген жазу бар.
Мұны көріп, қолға ұстағаннан кейін съезд бейнекадрының бұл бірінші бөлімі емес пе екен, жалғасы, екінші, үшінші бөлімдері бар шығар, мүмкін осыншама ұзын бейнетаспа толық көшірілмеген болар деген зерттеушіге тән болжам, күдікті ой туындай бастады. Дегенмен қордың жауапты қызметкерінен «Бұл бірінші бөлімі сияқты, мұның жалғасы, екінші, үшінші бөлімдері бар ма?» деп сұрағанымда, «Жоқ, осы біреу ғана» деген жауап алдым. Бұл жауаптан кейін қойма сөресін рұқсатсыз қопару ыңғайсыз болатындықтан, осыны қанағат тұттық. Әйтседе қазірге дейін менің көкейімдегі шешімі табылмаған бір жұмбақ ой қалды. съезд бейнетаспасы қойылған сөренің астыңғы қатарларында мұның екінші, үшінші бөлімдері тұрғандай-ақ сезіле береді.
Қоймадан шыққаннан кейін түрлі техникалар орналасқан арнайы бөлмеде ескі кадрлардың заманауи видеоға айналдырылған түпнұсқасын көрдік. Жауапты маманның компьютерінде 3 файл дайындалып қойылыпты. Сол компьютерге мені отырғызды да, Қор басшысы қасымда тұрып үш файлдың бірінші тұрғанын ашып, бейнежазбаны толық көрсетті. Бұл экранда сарғыштау көрінетін (уақыты 8 минут 5 секунд, көлемі 1,4 Gb) сапасы тым төмендеу бейнежазба болатын. Осының өзінен Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі бірнеше жерде анық көрінді. Қатты қуандық. Бейнежазба аяқталған бойда, ұяттау болса да, өз бетіммен екінші файлды ашып қалдым. Онда алғашында съезге қатысы жоқ кадрлар көріне бастады. Әр жерінен жылжытып қарағанымда, орта тұсынан съезд кадрлары көрінді. Сосын жиын кадрларының басталатын жерін тауып, соңына дейін қарадық. Бұл алдыңғы нұсқамен бірдей, бірақ одан әлдеқайда анық екен (уақыты 7 минут 50 секунд, көлемі 1,4 Gb). Сосын үшінші файлды да өзім ашып, жылдамдатып әр жерінен ақтара бастадым. Бұл видеофайлдан да съезд кадрлары табылды. Бұл бәрінен анық нұсқасы болатын (уақыты 7 минут 50 секунд, көлемі 1,4 Gb). Алдыңғы екеуінде байқалмаған Ахмет Байтұрсынұлының бейнелері бұл нұсқада анық көрінді. Әрнені артықша сұрап, ыңғайсыз болмас үшін осымен тоқтадық та, көрген бейнежазбаларды көшіріп беруді сұрадық.
Ахмет Байтұрсынұлы шәкірттерімен бірге: 1 – Ахмет Байтұрсынұлы, 2 – Елдес Омарұлы, 3 – Нәзір Төреқұлов, 4 – Әміре Қашаубаев
Архивтің ішкі тәртібіне сай, сол күні бейнежазбаны бірден ала алмадық, оның келесі күні ғана берілетінін айтты. Содан соң суреттер каталогін қарап едік, Ахмет Байтұрсынұлының фотосын таппадық. Мұрағат қорында тек съезд бейнежазбасынан скриншот жасалған суреттер ғана бар екен.
Осы орайда жоғарыда айтқанымыздай, алдын ала дайындықпен келгеніміздің пайдасы тиді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын әзербайжандық сайттардан өз бетіммен тапқан (http://photoirs.musigi-dunya.az/elm/agazade_f.html) Ахмет Байтұрсынұлы суреттері мен съезд суреттерін көрсетіп, мұның түпнұсқасының деректерін сұрастырдым. Мұрағат қызметкерлері біраз іздестіре келіп, біз баруды мүлдем жоспарламаған «Әзербайжан Республикасының Әдебиет және өнер мұрағатына» апарды. Сол мұрағаттан Сәмед Ағамалыұлы, Бекир Чобанзаде, Фархад Ағзадә, Әли Низами, Әли Хұсейнзадә, Рухулла Ахундов, Хабиб Габиев, т.б. Әзербайжан қайраткерлерінің қорларында сақталған істерге тапсырыс бердік. Осы тұлғалардың мұралары хатталған қорлардың ішінде Әзербайжанның ғылым қайраткері, латынграфикалы жаңа Әзербайжан әліпбиінің теориялық мәселелерін дайындауға атсалысқан Фархад Ағзадәнің қорынан бұған дейін зерттеушілерге белгілі және ең маңыздысы – бірнеше белгісіз түпнұсқа суреттер табылды. Бірақ бұлар да бейнежазбалармен қоса, келесі күні ғана қолымызға берілетін болды. Осы олжамен іссапардың алғашқы күнін аяқтап, мұрағаттан қуанып шықтық.
Сол күні қонақүйге келген бойда интернетті шолып, орыс және ағылшынтілді деректерден ескі киноқұрылғылар мен кинотаспалардың тарихын, олардың жұмыс істеу механизмдерін зерделей бастадым. Негізгі мақсатым – 224 метр кинотаспа небәрі 8.05 минут болатын-болмайтынына көз жеткізу еді.
Келесі күні мұрағатқа бейнежазбаларды алуға барғанда, осы ақпараттардың пайдасы тиді. Көне құрылғылардың бар-жоғын, фототаспаны түпнұсқадан көруге болатын-болмайтынын сұрастырдық. Бірақ мұрағат қызметкерлері ондай көне құрылғылар жоқ екенін айтты. Бұдан соң көне кинотаспаны түпнұсқадан көрудің мүлдем мүмкіндігі жоқ-ау деп түйдік.
Бір күн күткен CD диск те қолымызға тиді. Алған құжаттарымыздың дұрыстығын тексеріп көргенімде, дискіге жазылғаны экранда сарғыштау көрінетін ең нашар бейнежазба нұсқасы болып шықты. Бірден кеше өзіміз көрген өзге екі нұсқа жоқ екенін айтып едім, «бәрі бірдей емес пе» деді. Біз өзге екі нұсқаның сапасы бұдан жақсы екеніндігін қадап айтып, оларды да беруді өтіндік. Мұрағат қызметкерлері, олай болса, бүгінгідей тағы дайындап қойып, келесі күні берілетінін айтты.
Бейнежазба табылғаннан кейін, түс ауа, оның басқа нұсқасын және дыбыстық жазбасын да тауып қалармыз деген үмітпен әуелі Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік мұрағатына бардық. Бірақ онда іздегеніміз табылмады. Есесіне архив қорынан осы съездің шақырылуына негіз болған профессор А.Н. Самойловичтің 1924 жылы 21 наурызда Ленинградта жасалған баяндамасы табылды. Бұдан өзге Әзербайжан Жаңа әліпби [латын] комитетінің құрылуына, оның жұмысына қатысты бірнеше құжат қолымызға тиді. Бұдан соң тағы да сол дыбыстық жазбаны табу үмітімен Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік дыбыстық жазбалар мұрағатына бардық. Мекеме басшысы съездің дыбыстық жазбасы жоқ екенін бірден кесіп айтты. Осымен бейнежазбаның басқа нұсқасын, бастысы оның дыбыстық жазбасын табу туралы үмітіміз үзілгендей болды.
24 тамызда түске таман бейнежазбаның өзге екі нұсқасын алуға мұрағатқа келдік. Бірақ мұрағат қызметкерлері бір видеофайлда бірнеше бейнекадрлар біріктірілгендіктен және көлемі тым үлкен, 1-1,5 сағатқа созылатындықтан, дайындап қоя алмағанын, тіпті оны беруге болмайтынын айтты. Біз видеофайлдағы тек съездің бейнекадрын ғана қиып беруін сұрадық. Біз үшін өте маңызды екенін сезінген болуы керек, бұл нұсқаларды да беруге келісті. Ақыры алғаш келген күні бейнежазба көрген кабинеттен оларды түгел алдық.
Біз сол күні күтпеген жерден бейнетаспаны түпнұсқадан көру қуанышына кенелдік. Видеофайлдың керек жерін қиып берген маманға ХХ ғасыр басындағы ескі киноқұрылғыларды YouTube арқылы көрсеткенімде, мұндай ескі аппараттар жоқ екенін, бірақ бейнетаспаны көретін басқа құрылғы бар екенін айтты. «Сабақты ине – сәтімен» деген, біз алғаш келген күні бұл маман болмаған, еңбек демалысы бітіп, сол күні ғана жұмысына шығып отыр екен. Ол біздің осы құрылғы арқылы көруге қатты ынталы екенімізді байқаған болуы керек, бейнетаспаны бірден көрсете алатынын айтты. Осылайша, көне кинотаспаны түпнұсқадан екі түрлі заманауи бейнеқұрылғы арқылы тамашаладық. Сонымен бірге осы білгір маманнан көп жағдаятты білдік, сөйтсек сол кездегі кинотаспаға 1 секундта 24 кадр түсірілген екен. Осылайша, бейнетаспаның ұзындығы 224 метр болса да, оның небәрі 8 минутқа созылатынын, бір сөзбен айтқанда, түпнұсқаның толығымен видеофайлға айналдырылғанына көз жеткіздік. Көңілдегі бір күмән түйіншек тарқағандай болды.
Бейнежазбаның үш нұсқасы да толық қолымызға тигеннен кейін жайғасқан қонақүйде оларды сан мәрте қайталап көрумен болдық. Қандай да бір маңызды деректі жіберіп алмау үшін ондағы әр нәрсеге назар аударуға тырыстық. Әсіресе съезге қатысушылардың түр-тұлғасымен қатар, кезінде онда қолданылған техникалық құрылғыларды да саралауға тура келді. Қазірше съезге қатысқан 70-ке жуық адамның түрлі деректері мен өмірбаянын, 30-дан астам аса ірі тұлғаның бейнежазбадағы түр-тұлғасын анықтап отырмыз. Бұған қоса, ең маңыздысы, съезд 3 жерден кинокадрға түсірілгенін анықтадық. Бізге белгілісі тек осының біреуі ғана, яғни ол – қолымыздағы жәдігер. Ал оның қалған екеуі президиумның қақ алдынан, өте жақыннан түсірілген. Демек қалған екі нұсқадағы бейнежазбалар өте анық та қанық болуы сөзсіз. Мұны табу, Ахаңның, басқа да Алаш арыстарының айқын бейнелерімен қауышу – алдағы үлкен ізденіс, міндеттердің бірі.
Осылайша, 1926 жылы Бакуде өткен Түркітанушылар І съезінде кинохроника түсірілгенімен, оның дыбыстық жазбасы болмаған деген болжамға келуге мәжбүр болдық. Есесіне съезд жұмысы стенографияға тиянақты түсірілген, оны жылдам жазатын арнайы мамандар хаттап отырған. Ахмет Байтұрсынұлы бейнесі бар суреттің бірінде президиумның алдындағы столда екі адамның қарама-қарсы отырып жазу машинкасын басып отырғаны анық көрінеді. Біздіңше, бұлар – стенографтар. Алдағы уақытта олардың қолынан өткен жазбалар да іздестірілгені жөн.
Сонымен көзайым болған бейнежазба бізге көптеген мәселені анықтауға жол ашып отыр. Бұл бейнебаянды тереңдеп зерттеу барысында әлі көптеген беймәлім дерекке ұшырасарымызға күмән жоқ.
Бұл тарихи бейнесуреттер біз үшін несімен құнды? Әрине, Алаштың рухани көсемінің Бакуге, Бүкілодақтық І түркітанушылар съезіне барғаны, онда әлденеше рет сөз сөйлеп, маңызды баяндама жасағаны сол жылдары ұлық жиынның стенографиялық есебі толық басылып шыққан ғылыми кітаптан белгілі. Әйтсе де ол ғылыми жазба-есептен біз аяулы Ахаңа – қазақ тіл білімінің негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлына қандай құрмет көрсетілгенін нақты айқындай алмаушы едік. Көзі тірісінде «қазақ жазуының атасы» атанған, әлемдік дәрежедегі лингвист ғалымдар бірауыздан ол түзген қазақ әліпбиін «Байтурсыновский алфавит» деп өз зерттеулері мен сол заманның энциклопедияларында айшықтаған қайраткердің түркітанушы ғалымдар алдындағы мәртебесі мен абыройының ерекше асқақ екенін осы бейнебаян қолға ұстатып тұр.
Съезге ресми түрде жалпы 131 адам қатысса да, басталған алғашқы күнінде төралқаға, президиумға 22 адам дауыс беру арқылы сайланады. Мәртебелі алқа мүшелері «Исмайлия» сарайының (оның өзінің қызықты тарихы бар) сахнасына сыймай, екі қатарға отырғызылады. Біздің көкірек кере мақтанатымыз – Ахаң аты-жөні күллі әлемге мәшһүр, түркі жұртындағы ең беделді қайраткерлермен, ғұлама ғалымдармен, өз елінің мәдени-рухани дамуы мен ұлт азаттық күресі жолындағы өшпес орны бар ірі тұлғалармен бірге ең көрнекті орыннан, төрдің өрінен табылады. Бұл ұлттың ұлы ұстазы, көшбасшы ғалым Ахмет Байтұрсынұлына, Ахаң түрлеген қазақ әдеби тіліне, ағартушы ойлап тапқан араб қаріпті төл жазуымызға («төте жазу») көрсетілген құрмет болатын.
Біздің қолымыздағы бейнежазбада Ахаң жеті рет әр қырынан көрінеді. Бірде мінбердегі баяндамашыны ерекше зейін қойып, мұқият тыңдап отырса, келесі көріністе шешеннің сөзін қостап, ризалықпен қолын шапалақтайды. Енді бірде үзіліс сәтінде қаумалаған көпке өз пікірін дәлелдеп, салиқалы кеңес құрып тұрғанын көруге болады. Бұл топтың ішінде Ахаңның әңгімесін зейін қоя тыңдап тұрған Елдес Омаров, Нәзір Төреқұлов, Әміре Қашаубаев сынды Алаш арыстарының бейнесі анық таңбаланған.
Тарихи мәні зор съездің кинохроникасы мен қолда бар оншақты түпнұсқа фотосурет әлі де нақтыланып, талай ізденістерге тамызық болмақ. Алдағы уақытта да іздестірер, індетер ұрпақ болса әлі талай түпнұсқа суреттер табыларына күмәніміз жоқ. Олардың негативтерін де, фотонұсқаларын да іздестіруді жалғастыруымыз қажет-ақ. Өйткені 1926 жылғы өткен съезд өзінің саяси маңызы жағынан да, оған қатысқан делегаттардың құрамы жағынан да, түркі халықтарының ірі қайраткерлерінің (олардың баршасы кейінгі сталиндік террордың құрбаны) басқосуы тұрғысынан да бірегей жиын болды. Оны қаны бір, тілі ортақ түркі жұртының тұңғыш Құрылтайы дегеніміз орынды. Сол себепті бұл тарихи бейнесуреттер тек Алаш арыстарының ғана емес, туысқан өзбек, қырғыз, саха қайраткерлері мен ғалымдарының да бейнесін таңбалап, түсін түстеуге нақты дереккөзі деп ойлаймыз. Ал олар туралы тарқата айту келесі бір келелі әңгіменің еншісі.
Сөз соңында тарихи мәні зор съездің құнды бейнежазбасына қол жеткізуге көмек көрсеткен Әзербайжан Республикасының мұрағат қызметкерлеріне, әсіресе ӘР Ұлттық архив басқармасының директоры Аскер Расулов мырзаға, бізге жолбасшы болған Гүнел ханымға зор алғыс айтамыз. Түркі жұрты тұтас болып, ғылыми, рухани, мәдени һәм саяси бірлігінен ажырамасын тілейміз.
Ермұхамет МАРАЛБЕК,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, PhD