Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Облыста 605 елді мекен болса, соның 441-іне жайылымдық жер жетіспейді. Мал сүмесімен күн көріп отырған ауыл тұрғындары тарапынан өкпе-наздың көп туындайтын жері де осы. Кейде мәселенің күрделенуіне жергілікті атқарушы органдардың шешімді дұрыс қабылдамауы себеп пе деп ойлайсың. Мәселен, облыс орталығының іргесіндегі Садовый ауылындағы 200 жуық отбасы 200-ден аса қара мал мен 300-ден аса қой-ешкіні әрең бағып отыр. Шабындық жер болмағандықтан малсақ қауым жем-шөпті сатып алады. Ауыл тұрғындарының айтуларына қарағанда, жем-шөпті сатып алып, мал бағу мүлде тиімсіз. Малдың еті мен сүтінен түскен табыс өзінің азығына жұмсалмақ. Бір өкініштісі, бұл ауылға тиесілі жайылымдық жер – Көкшетау-Атбасар тасжолының бойында, шамамен жиырма шақырым жерде. Онда тусырап жатқан бақандай 10 мың гектар жер бар. Не егін егілмейді, не мал жайылмайды. Қанша тырысқанымен, ауыл тұрғындары бұл алқапқа малын жеткізе алмайды, өйткені жол бойы – сыңсыған егістік алқаптар. Міне, бар жерді кәдеге асыра алмаудың себебі осында жатыр. Ал ел іргесіндегі мал жайылымы шеткі үйдің ауласына дейін егілген егістік арғы бетінде. Енді түсініп көріңіз. Ол жайылымға егістікті баспай мал қалай өтпек?! Ерте көктемде ауыл тұрғындары осы мәселені ашына айтқан соң барып көрдік те. Жергілікті шаруашылық басшылары егістік ортасынан көлденеңі 300 метр жол қалдырамыз, мал сол жерден өтіп, жайылымға барсын деген уәж айтты. Негізі тығырықтан шығатын жол бұл емес қой. Әуел баста жерді бөлген кезде ауыл іргесіндегі алқапты жайылым етіп бос қалдырып, егінді әрірек ексе де болар еді. Сол кезде ешкім де өкпе айтып, тиісті орындардың табалдырығын тоздырмас еді. Мұндай ойланбай, иен тегін жерді бейберекет бөлудің көп жерде кездесетінін екпін түсіріп айта кетуге тиіспіз. Әйтпесе, миллион гектар жері кәдеге аспай бос жатқан өлкеде жайылым табылады.
2022 жылдан бастап осы бір өткір мәселеге мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөліне бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай жерге байланысты тексерулерге тыйым салатын мораторийдің күші жойылды. Сол сәттен бастап сең қозғалды. Іле облыстық жер ресурстарын басқару департаменті 334 кәсіпкерлік нысанға қатысты жерді қаншалықты заңды пайдаланып жатқандығына орай тексеру жүргізуді қолға алды. Жыл басынан бері 52 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші кәсіпорындар тексеріліп, нәтижесінде 40 ұйғарым жолданды. Қазіргі күні сотқа 116,1 мың гектар жерге байланысты 21 талап-арыз түскен. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді бос жатқандықтан кейін қайтару, заңсыз шығарылған шешімдердің күшін жою туралы 18 талап-арыз қарастырылуда. Күні бүгінге дейін мемлекет меншігіне 89,2 мың гектар жер қайтарылды.
Департамент басшысы Ерғали Шоринның айтуына қарағанда, жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары үш бағытта жүргізілуде. Бұл – тұрғындар тарапынан түскен өтініштер бойынша пайдаланылмай жатқан жерлерге қатысты тексеру, олардың жергілікті атқарушы органдардың қарастыруына жолдау және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер арасында түсінік жұмыстарын жүргізу. Биылғы жылдың басынан бастап департамент 40 шаруашылық нысанына 130 мың гектарға жуық жердің пайдаланылмай жатқаны туралы ұйғарым жолдаған. Бір әттеген-айы, заңға сәйкес нұсқамада көрсетілген заң бұзушылықтың жойылуын тек бір жылдан кейін ғана тексеруге болады. Оған дейін есіл уақыт текке кетеді. Міне, сондықтан департамент қызметкерлері аудандарға шыққан кезде кәсіпкерлермен кездесіп, ауыл тұрғындарының қажеттілігіне орай жайылымдық жерлерді қайтаруды сұрайды. Мәселеге түсіністікпен қарайтындар да бар. Ол туралы да айта кетелік. Атбасар ауданындағы «Шортанбай-2020», Біржан сал ауданындағы «Болашақ Инвест 2018» жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшылары 3 мың гектарға жуық жайылымнан бас тартып, ауыл тұрғындарының пайдалануына берген. Ақкөл ауданындағы «Жарлыкөл» серіктестігі 2 мың гектар жайылымды босатқан. Мұндай мысалдар арагідік болса да кездесіп қалады. Ол үшін, әрине, жағдайға түсіністікпен қараған серіктестік басшыларының әрекеттерін құптауымыз керек. Атбасар ауданының әкімдігі таяуда 20 мың гектардан астам жайылымның қайтарылғандығын жария етті.
Жайылым мәселесі ретке келтірілсе, ауыл тұрғындарының көп жылдан бері қордаланып қалған мәселелері оңынан шешілер еді. Бірақ бұл арада да ойластыратын шаруа аз емес. Айталық, ауыл тұрғынының қаншалықты мал басын ұстауға хақысы бар екені Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» заңында тайға таңба басқандай етіліп, айқын жазылуы керек. Ауылдағы малсақ қауымның бағымындағы мал саны да әрқилы ғой. Мәселен, бір отбасында 5 сиыр болса, көршісінде 50 ірі қара мал. Мұндай жағдайда келісім қалай жасалмақ. Ендігі бір мәселе – ата дәстүрімен бүгінгі күні тусырап бос жатқан жайлауларды тиімді пайдалану. Бір қарағанда, реттеуге болатын шаруа тәрізді. Ол үшін су айдындары жоқ жерге ұңғымалар қазып, электр қуатын тартса, жетіп жатыр. Ал иен жайлау біздің өңірде аз емес. Есілдің бойы мия, бозқанақ, бозжусан, қоңырбас, ақселеу өсетін, изен мен қараөлең жайқалған құнарлы жайылымға толы. Тіпті әсірелеп айтқанда жетек шаншысаң, арба өсіп шығады дейтіндей. Ақанборлық, Тайсары, Жабай, Ақсораң, Жыланды тәрізді аумағы әлденеше көш болатын жерлерде қаншама мал бағуға болар еді. Енді бір кезекте бос жатқан жерлерді есепке алып, көпжылдық екпе шөптер ексе, жер құнары арта түспей ме? Сол сәтте жайлаудың да жаны кіріп қалары даусыз. Бәлкім, малы көп шаруалар ауыл маңында отты жер аз болса, ерте көктемде бірігіп, жайлауға шығу қамын жасаса.
Жер мәселесінде түйткілді тұс әлі де аз емес. Осыған орай департамент басшысының да пікірі көңілге қонымды айтылған тәрізді.
– Әрине, шағым айтып келетін адамдар аз емес. Бірақ белгіленген тәртіп бар екенін ескеруіміз керек, – дейді Ерғали Шорин, – кәсіпкер жерді 20 жыл пайдаланбаса да тексеріп, шара қолдану үшін шағымданушының арыз-шағымы дұрыс түзілуі керек. Әйтпесе біз тексеруді өз бетімізше ұйымдастыра алмаймыз. Әрбір тексеру құқықтық статистика органдарында тіркеледі.
Алдағы уақытта бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғаса бермек. Жер телімдерін алудың заңдылығы да тексерістен өткізіледі. Міне, осындай сүзгімен сүзілген кезде егістік және жайылымдық жерлер жалпы жұрттың кәдесіне жарап, ел игілігі артып, ырысы көбейеді. Еліміздегі әділеттің салтанат құруы осындай іргелі жұмыстардан басталса керек-ті.
Ақмола облысы