Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2022

Жармола жәрмеңкесі жаңғырды

554 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Батыс Қазақстанда, оның ішінде қазіргі Ақтөбе облысының аумағында: Ырғызда – Жармола, Темірде – Қарақамыс, Ойылда – Көкжар жәрмеңкелері тұрақты жұмыс істеді. Бұл өткен ғасырлардағы отарлау капитализмі­нің көрінісі десек те, сол заманда қазақ дала­сының әр жерін кезген саудагерлер елдің малын өте арзанға алып кетуінен сақтандыру үшін қазақ байлары жәрмеңкелер арқылы сатуды жолға қойған. Жәрмеңкелер жылына екі рет – мамырдың басында және қыркүйектің соңында өткізілді. Ел адамдары жайлауға шық­қанда және қыстауға оралар ерте күзде малы мен оның жүн-терісін саудаға шығарған.

Жармола жәрмеңкесі жаңғырды

ХІХ ғасырдың 60-жылдарында қазіргі аудан орталықтары болып қалған қалаларда іргесі қаланған жәрмеңке қатарлары сауда-саттық алаңы ғана емес, ел мен елдің арасын қосатын, жиналып кеңес құратын орынға айналған. Ән мен күй сайы­сы өтіп, балуандар күрескен. Талай қазақ әншісі мен күйшісінің есімдері жәрмеңкелерде танылды. Алайда Кеңес өкіметінің орнауымен 1925 жылдары жәрмеңкелер жұмысын тоқтатты.

Ырғыз ауданының орталығында қыркүйектің жаймашуақ күндерінде «Жармола жәрмеңкесі» мерекесі тойланды. Облыстың он екі ауданы киіз үй тігіп, тері мен жүннен түрлі ұлттық бұйым жасайтын қолөнершілер мен шеберлер бұйымдарын саудалады. Ұлттық ойындар ұйымдастырылып, ат жарысы, көкпар, қазақ күресінен бәсеке көрігі қыз­ды. Ат бәйгесіне жеңіл көлік тігілді. Осы мерекеге Абай, Қызылорда облыстарынан қонақтар қатысты. «Жармола жәрмеңкесі» ашылардан бұрын Абай ­облысынан келген қонақтар Абай Құнанбайұлы­ның атасы Ырғызбайға арнап ашылған ескерт­кіш белгінің ашылу салтанатына қатысты. Жоңғар шапқыншылығы кезінде Абай Құнанбайұлы­ның арғы атасы Ырғызбай Ырғыз өзенінің бойында дүниеге келген екен.

е

«Жармола жәрмеңкесі» мерекесін ашу салтанатына облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, мереке қонақтарын құттықтады. «Ақтөбе облысын басқаруға келгелі аудандарды аралауға шыққан алғашқы сапарым жұрт бас қосқан «Жармола жәрмеңкесі» мерекесінен басталды. ХІХ ғасырдың екінші ширегінде Жармола жәрмеңкесі қазақ даласының атын да шығарған, бағын да көтерген, ел мен елді қосқан. Жармола Ақмешіт, Қарқаралы, Қоянды жәрмеңкелерімен тығыз байланыста болып, сол замандағы экономикалық дамудың үлгісі болған. Жібек жолы бойымен Шығыстан керуендер келген. Қазақ жәрмеңкелері кіндік Азиядан шыққан осы сауда керуендерін Ресейдің Ор, Орынбор, Қазан қалаларымен жалғастырған.

Осы мереке ішкі туризмді дамытуға да серпін береді деген ойдамын. Біз өткен замандағы шеберлер, қолөнершілер мен ұсталарымыздың ұмыт болған өнерлерін қайта қалпына келтіріп, ұлттық өнерімізді насихаттау үшін мақсатты іс-шаралар атқарамыз. Жармола жәрмеңкесіне Абай елінен арнайы келген азаматтарға ерекше алғысымды айтқым келеді. Өткен жылы Ақтөбе облысының азаматтары «Ырғыздан – Ырғызбай еліне» деген сапармен Абай еліне барып, тарихи орындарды аралап келді. Сол кезде осы үлгіні жалғастырамыз деген ой болды. Алдағы жылдары Темір және Ойыл аудандарында, Ақтөбе қаласында тарихи жәрмеңке орындарын жаңғыртып, мәдени-туристік кешенді іс-шаралар ұйымдастыру жоспарымызда бар», деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Қарақамыс жәрмеңкесінің жетістіктерін насихаттап, Мұстафа Шоқайдың 1918 жылы эмиграцияға кетер алдында Досжан ишан мешітіне келуінен көрініс дайындаған Темір ауданының «Досмұхамет Қашақұлы» ордасы жәрмеңкенің бас жүлдесін жеңіп алды. Ақтөбе облысының тарихи және табиғи туристік маршруттарын дамыту үшін осындай іс-шаралар тың бастамаларға жол ашары анық.

 

Ақтөбе облысы