«Инеш», «Марғау», «Битабар»...
«Талантты қолдан шыққан туындыларды көз жүгіртіп қана қоймай, үңіле оқысаң ғана ашылатын бір астарлары болады».
Сафуан Шаймерденов
Қазақ әдебиетінің классигі Сафуан Шаймерденовтің туғанына 100 жыл толды. Танымал сөз зергері сексен бес жылға жуық ғұмыр кешті. Осыдан он бес жыл бұрын өмірден өтті. Жазушының жүз жылдық белесі бізге несімен қымбат? Бұл мерейтойдың қазақ руханиятындағы өзіндік орны қандай? Туындыгердің өмірі мен дүние салғаннан кейінгі кезеңін қамтитын ғасырлық ғибраттың мән-маңызы қаншалықты деңгейде? Ғафу Қайырбеков айтқандай, «Сорайған cолтүстіктің қарағайы» ұлт пен ұрпаққа қай тұрғыдан сая болды? Бүгінгі әңгімеміз осы төңіректе өрбімек.
Жалпы, жазу өнеріне құмартып, Алатауды бетке алған бозбаланың қиялына қос ат мініп қусаң да жете алмайсың. Ол Алматыға келген соң әдебиет әлеміндегі кейіпкерлердің ізі қалған қастерлі орындарды іздейді. Әрине, алдымен сол кейіпкерлерді ойлап тауып, оқырманның ой-санасына көшірген қаламгермен жүздесіп, бір ауыз тілдескенді қалайды. Бірақ оның бірден сәті түсе қоя ма? Содан соң сол шығарманың қаһармандары, анығырақ айтсақ, түптұлғалары шарлаған жолды қайта бір сүзесің. Біз келген кезде Алматының Меңтайы мен Ерболы бар еді. Кәдімгідей култь! Сенің тыныс-тіршілігіңе араласып жүргендей, тіпті көшеде ұшырасып қалатындай әсер қалдырады. «Махаббат, қызық мол жылдардың» оқиғасы соғыстан соңғы дәуірді қамтығанымен, шығарманың оқырманға жол тартқанына он жылдан енді ғана асқан тұс. Соның ықпалынан айыға қоймаған сен үлкен қалаға үйреніскен соң Виноградов көшесіндегі 88-ші үйді бір көріп қайтқанды жөн санап, тоқтамай тартып кетесің.
Меңтай мен Ерболдан бұрын ару астананың Инеші мен Мәулені болған-ды. Бұлар – Сафуан Шаймерденовтің елуінші жылдардың басында жазған «Болашаққа жол» романының кейіпкерлері. Студенттер өмірін арқау еткен бұл шығарманы да өз дәуіріндегі жұрт жаппай оқыған. Әсіресе сол мезгілдегі оқу орындарының қыз-жігіттері қолдарынан түсірмеген деседі. Талдаған, талқылаған, тоқыған... Саралаған, сусындаған, сүйсінген... Сафекеңді баршаға танытқан соқталы дүние осы. Бір заманда жастардың бар көңілін аударған құндылыққа айналған туынды қазір баяғыдай оқыла қоймайды. Бірақ осы Инештің төңірегіндегі аңызға бергісіз әңгімелердің өзі жетіп артылады. Мәселен, биофактың студенттері туралы романды оқыған атақты биолог, КазГУ-дің ректоры Темірбай Дарханбаев авторды іздеп келіп өзі танысыпты. Әлиза деген машинистка келіншек 1952 жылы Инеш туралы романды басып шыққаны үшін иеленген мың сом ақшаға алтын сағат пен алтын сырға сатып алыпты. Кейін бұл дүниелері ескіріп, өзі ауқаттанып кетсе де, көне жәдігерліктерді өмір бойы сақтапты. Сол жылдарда өмірге келген қыздардың бірқатарына бас кейіпкердің аты қойылыпты.
Бұған дейін Сафуан ағаның бірталай шығармасымен мектеп қабырғасында жүргенде-ақ танысып едік. Ол кезде қазақ әдебиеті классиктерінің қай-қайсысының да жазған кітаптары ауыл кітапханасында тұратын. Шетінен ал да, оқи бер. Оған қоса, бірқатар үйдің сарайында «Жұлдыз» бен «Жалын» журналдары үйіліп жатады. Жұрт оны тастауға қимайды. Себебі әлі кітап болып шықпаған дүниелер алдымен осы басылымдарда жарық көреді. Үлкендер жұмыстан қолы тисе, жедел оқып бітіреді. Мұршасы болмаса, әйтеуір бір қараудың реті келер деп, сарайға аттандырады. Сондықтан бұл сарайдың мән-маңызы біз үшін сұлтан сарайынан кем емес-ті. Сыр ұқтыратын Сафуан ағамның әңгімелері мен повестерін ең алғаш осындай төбесі тесік, сылағы түскен сарайдың ұлтанында шашылып жатқан «көшпелі кітапханадан» кездестірдім. «Мезгілді» оқып, қилы тағдырдың арпалысын сезіндік, «Битабар балуанды» оқып, қазақ даласында алапат күштің иелері көп болғанына көз жеткіздік. Ал енді соның ішінде бала болсақ та, санамызды селт еткізген «Марғаудың» («Ит ашуы») жөні бөлек-ті. Бұл повесті оқып шыққан соң, көзі мөлиіп, жүні үрпиіп, қара қайықтың түбін тіміскілеп, итеңдеп жүретін Қаратереңнің иттеріне өзгеше көзбен зер сала бастадық. Мың сырлы «Марғау» ит атаулыға ит деп қарамауға үйретті. Адам психологиясын төбеттің тағдыры арқылы көркемдеп кестелеуге болатынын анық аңғартты бұл «Марғау». Ит жылы туған атақты қаламгер бізге соны ұқтырды.
Шынымызды айтсақ, сонау студент кезімде зәуқайымда Сафуан ағамен жолыға қалсақ, ол кісінің шығармалары жөнінде аз-кем әңгімелесетіндей шамамыз бар еді. Бірақ ол заманда тегеурінді қаламгермен тілдесе қоятындай батылдықты бізге кім берсін?! Сол тұста «Жалын» журналына академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» атты роман-эссесінің үзінділері жариялана қалсын. Бас алмай құныға оқыдық. Бұл ә дегенде кейіпкерлер өмірдегі өз атымен аталған шығарманың алғашқы нұсқасы еді. Яғни эссенің қаһармандары Евней, Сафуан, Тұрсынбек, Зейнолла... Әсіресе жасындай жарқылдаған Сафуан ағамның болмысы бөлек. Бетің бар, жүзің бар демейді, тіліп түседі. Өр. Өткір. Өміршең. Бұл туындыны оқыған соң біздің көз алдымызда көрнекті қаламгердің беделі биіктей түсті.
Күллі оқырман жата-жастана оқыған «Инеш», «Мезгіл», «Марғау», «Битабар балуан» секілді кітаптар біздің буынды да Сафуан Шаймерденов әлеміне жіпсіз байлады. Сол әлемде шырмалдық та жүрдік. Бала күнгі әдемі әсерімізден әлі де арыла қойғанымыз жоқ. Иесінің намысын қорғап қалған, адамнан бетер есті ит – Марғаудың да бір кезде дамылсыз жортқан жерін көргің кеп кетеді кейде... Кейіпкеріңнің болмысын оқырманыңның миына осылай шегелеп тастаудан артық бақыт бар ма, сірә?!
Көркем ой, жеңіл юмор
«Қиялға бай жазушы құлағы қылтиып тұрған болмашы бірдеменің өзін де бері суырып алып, түрлендіріп, мүсіндеп шығара алады».
Сафуан Шаймерденов
Ол кісіні ара-тұра Жазушылар одағының және университетіміздің ғимараттарында өтетін әдеби жиындарда көріп тұратынбыз. Еңсегей бойлы, найзадай тіп-тік, көп сөйлемейтін, сөйлесе де әр сөзін орнымен айтатын, ерекше байсалды Сафуан аға қашанда жағымды әсер қалдыратын. Мұндай басқосуларға қатысатын көрнекті қаламгерлердің кітаптарын ала шығып, қолтаңба қойдырып алу сол кездегі студенттердің бұлжымас дәстүрі еді. Сафуан ағаның өз қолымен жазған тілегі біздің де қолтаңба-коллекциямыздың қатарына қосылды.
Кейінірек семсер сөзді Сафуан ағаның өзімен кеңірек отырып жүздесудің сәті түсті. Ол кезде «Хабар» агенттігінде қызмет істейтін едік. Бас продюсер Қайнар Олжайдың тапсырмасымен «Көзкөрген» деп аталатын бағдарламалар сериясын әзірлей бастағанбыз. Осыған орай Бердібек Соқпақбаев туралы ой-пікірлерін жазып алу үшін Сафуан ағаның үйіне келдік. Қазақы дәстүрмен дастарқанға шақырды. Режиссер, телеоператор, жарық беруші мамандар санасында саңылауы бар қыз-жігіттер еді. Бәрі де қаламгердің қолтаңбасын алды. Сөзінің салмақты, жадының мықты екеніне сүйсініп қайттық.
Бір кезде Сафуан ағаның өзі: «Сөз орнын тапса, төңірегіне нұрын шашып тұрады. Ал орнын таппаса, төңірегіндегі жарқырап тұрғандардың өзіне де көлеңкесін түсіріп, көмескілендіріп жіберерін бекер дей алмайсың ғой», деген еді. Шынында да, ол – сөз өнерін терең меңгерген қаламгер. Сөйлемі түгілі әр әрпі қиыс кетпейтін жазушы.
Сафуан Шаймерденовтің шығармашылық шеберханасы көп зерттеле қойған жоқ. Қаламгердің өзі де бұл тақырыпқа келгенде кеңінен көсіле қоймайды. Тек анда-санда басқа бір әңгіменің желісіне түсер алдында оқырманын жазу машығынан хабардар етіп қоятыны бар. Онда да бұл мәселеге қатысты қойылатын сауалдарды аса ұнатпайтынын сездіріп өтеді. «Әр кездесулерде: «Енді не жазып жүрсің, өзіңіздің жазу лабораторияңыз туралы айтыңыз», деген тілек білдірілгенде арқам мұздап жүре берер бір жай бар. Жай емес, мінім десем де болады. Арқамның мұздайтыны да содан. Ол мін – менің күнделікті ертемен тұрып, бір мезгілде жазу үстеліне отыра алмайтынымда. Айлап қолыма қалам алмай кетемін. Ал ала қалсам... айлап жазу үстелімнен бас ала алмай қаламын. Керек десеңіз, сондай кезде кәдімгі тыныс алу, бой жазу, көшеге шығып сейіл құру секілді денсаулығыңа керек-ақ жайлардың өзі маған басы артық бірдемелер секілденеді де тұрады. Жазуға арналмаған уақыт – тегінге кеткен асыл қазынаңдай жаныңды бұрайды кеп. Осының ар жағы – басыңның, жүрегіңнің ауыра бастауы», дейді халық жазушысы. Бұдан қаламгердің айналасындағы дүниенің бәрін ұмытып, жаныңды деп жазу дағдысын ұстанғанын көреміз. Бір кезде Зейнолла Қабдолов Шыңғыс Айтматовтың қаламгерлік машығы жөнінде «Апырмай, шығарма жазғанда тура өліп-тіріліп отырады екен... Өзін-өзі ұмытады. Ұйқы-күлкі жөнінде қалады», деп жазып еді. Шындығында, академик-жазушының Сафуан досы да осы кепті басынан кешсе керек.
Сол Зекең КазГУ-де сабақ берген Мұхтар Әуезов туралы эссесінде: «О, ғажап! Аудиторияға ұлылық кіріп келе жатты!» деп толғанатыны баршаға белгілі. Ендеше, Зейнолла ағамен бір оқу залында отырып, ғұлама ғалымның лекциясын тыңдаған Сафуан Шаймерденовтің де өз Әуезові бар. «Аудиторияда шыбынның ұшқаны естілетіндей. Сол кезде Мұхаң шайқалған теңіз секілді көрініп кетті. Тоқтау жоқ, мүдіріс жоқ. Жер шарының барлық түкпір-түкпіріне сүңгіп, өткен-кеткен тарихтың бәрін қопарады. Сөйтсе де, өзінің ой жібінен әсте жаңылмайды». Зекең сөзді зерлейді, әдемілеп-әспеттейді. Сафағаң салқындылықпен сөз саптайды. Бірақ екеуінің де мақсаты бір – ұстазды ұлықтау, алыпты ардақтау.
Қаламгер кейде көркем ойды жеңіл юморға бөлеп отырады. Мәселен, «Мені қалай үйлендірмек болды?» деген әңгімесін езу тартпай оқып шығу мүмкін емес. Ағайын-туыстары әскер қатарында жүріп, ауылға демалысқа келген біздің кейіпкерімізді бірден аяқтандырып жібермекке ниеттенеді. Бозбаланың пәлендей уәде байласып қойған ешкімі жоқ. Тек бір қызбен анда-санда хат алысып тұрған көрінеді. Елдің мен деген алпамсадай азаматтарын бетке ұстап, сол үйге табан тіреп отырған кезі. Қыздың көнетін түрі байқалмайды. Жазушы сол сәтсіз құдалықтың әдепкі екпінін былайша баяндайды: «Өз көңілін патшаға да бермейтін менің ағаларым баппен басып, төрге шығып, іргеге тасталған мамық жастықтарға шалқая отырысты. Солардың төменгі жағынан осы үйдің бес минуттан кейін күйеу баласы болып кетейін деп тұрған мына мен де жайғастым». Ақыры, ол бұл шаңыраққа бес минут түгілі бес күннен кейін де күйеу бала бола алмайды. Қыздың тілін таба қоймай, ағаларын жерге қаратып, кері қайтады.
Сафуан Шаймерденов мейлінше ұзақтау ғұмыр кешсе де, аз жазған, бірақ саз жазған жазушы. Бірінен соң бірін топырлатып, бірнеше роман туғызуды әдетке айналдырмады. Дилогия, трилогия деп айдар тағып, прозалық жинақтарын егіздетіп, үшемдетіп ұсынатын үрдістерге де онша қызықпады. Роман түгілі әңгімелері мен повестері де, пьесалары да салыстырмалы түрде алсақ, соншалықты көп емес. Бірақ жазғанының бәрі оқылды. Сол баяғыда май шамның жарығымен миына сіңірген жұрттың зердесінен бүгін де өше қойған жоқ. Себебі сапаға жете көңіл бөлді. Саясаттың салқыны тимеген, уақыттың кез келген сынына төтеп беретін шығармалар туындатуға тырысты. Ол «шығармашылық шеберлік» пен «шығармадағы шынайылық» деген ұғымдардың арасын ешқашан алшақтатқан емес.
Сондықтан «Сафуан сөзі» және «Шаймерденов шындығы» деген түсініктер де әлі күнге дейін үнемі қатар қолданылып келеді.
Ақырып теңдік сұраған
«Қазақта «көзсіз ерлік» дейтін сөз айшығы бар: алды-артына қарамайтын ерен батырлықтың үлгісі. Көзсіз ерлік көзсіздіктен туады екен ғой шынында да».
Сафуан Шаймерденов
Сафуан ағаның өзінің болмыс-бітімі туралы жазбаларының бірінде мынадай жолдар кездеседі: «Несін жасырайын, мен, тегі, қапияда тауып сөйлейтіндердің қатарына жатпайтын болсам керек. Менің қайтарар жауабым көбінесе келесі күні барып ойыма оралады. Содан ба, бір кезде «Берілмей қалған жауаптар» атты кітап жазуды да жоспарлағаным бар». Әрине, адамның табиғатын сол пенденің өзінен артық ешкім біле қоймас. Бірақ біздіңше, суреткер Сафуанның ойына оралған семсер сөзді дер кезінде қолдана білген кездері жеткілікті. Мәселен, ол – әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейін Жазушылар одағына келген Колбинге қаймықпай қарсы тұрып, сескенбей сөйлеп, жастарға араша түскен санаулы қаламгердің бірі. Өзі айтқандай, нағыз көзсіз ерліктің – «алды-артына қарамайтын ерен батырлықтың» үлгісін көрсеткен айбарлы азамат.
Мұхтар Әуезовтің Мәскеу ауруханасынан жазып, Есмағамбет Ысмайыловқа жолдапты делінетін хатында төрт жас жазушының есімі аталады: Тахауи Ақтанов, Сафуан Шаймерденов, Әбдіжәміл Нұрпейісов және Зейнолла Қабдолов... Осыған орай, Қабдеш Жұмаділов: «Жоғарыдағы хат әлгі аталған қаламгерлерге ұлы жазушы беріп кеткен мандат сияқты болды. Көп жылға дейін олардың өздері де, басқа жұртшылық та солай түсініп келді», – деп пікірін білдірді. Қалай болғанда да, жас Сафуанның Әуезовтей тұғырлы тұлғаның назарына ілінуі бар жақсылықтың басы еді. Мұхаңның батасын алған төрт қаламгердің қай-қайсысының да тұлпары алысқа шапты.
Өмірдегі Сафуанның ұстанымы шығармаларындағы кейіпкерлердің тек табиғатымен өзектес болды. Адами қасиеттер оған алдымен әкесінен дарыды. Ол кісі ұлын адалдыққа, үлкенді қадірлей білуге баулыды. Әйгілі Сәбеңмен, әдебиет алыбы Сәбит Мұқановпен аралас-құраластығы бар Шаймерден перзентіне: «Балам, қанша өсіп кеттім десең де, Мықановты («Мұқанов» демейді) сыйлап жүр» депті. Сол қағидаға беріктік танытқан Сафуан тек әкесі тапсырғандай, «Мықановты» ғана емес, өзіне өнеге болған бүкіл ағасын төбесіне көтерді. Бір кезде Мемлекеттік сыйлыққа қолын жеткізген кітабының «Ағалардың алақаны» деп аталғаны да тегіннен-тегін емес.
Ағалары түгілі інілерінің де алдынан кесе өтпей, әдеп сақтап жүрсе де, өзін кім-көрінгеннің басынуына жол берген жоқ. Ондайларды дер кезінде тиып тастап отырды. Бұл турасында «Алшымның әманда оңынан түсе бермейтінін мен өзім жақсы білемін. Алшым оңынан түспейді деп қайғыра береміз бе, ең болмаса, ақыңды өстіп сөзден жібермеуің керек қой...» деп ой толғайды.
Сафуан Шаймерденов – қазақ топырағында өгей шешеге көркем шығарма арнаған жазушының бірі. Бәлкім, жалғыз қаламгер болар. Сол Бейіс атты өгей шеше мұның туған анасын жоқтатпаған. Ересек балалардан таяқ жесе, арнайы барып ара түскен. Өзіне тиесілі тағамды үнемі бала Сафуанның аузына тосқан. Адалдықтан аттамаған, ұят деген ұғымды ұлы қасиет ретінде қастерлеген. Бірде ол Бейісті төлқұжат алу үшін суретке түсуге ертіп барады. Талап бойынша, жалаңбас отыруы керек. Бірақ Бейіс бұған өлсе көне ме?! Жазушы осы күрделі сәтті былайша бейнелейді: «Ательеде фотограф үшеуміз болсақ та, шешем жаулығын алғысы келмеді. Үгіттеуге тура келді. Ұялатындай қайын ата, қайын аға дегендердің жоқтығы айтылды. Шешем жаулығын шешті. Дайын тұрған аппарат сырт етті. Осы бір қабақ қағыста шешемнің қара терге шомылып жүре бергенін байқадым». Міне, осындай арынан ұяла білетін асыл адам қалам ұстаған баланың өмірлік көзқарасын қалыптастырды. Ал мектеп қабырғасында әдебиет пәнінің мұғалімі Ғазиз Әбішев және математика пәнінің оқытушысы Шияп Садықов деген аяулы ұстаздары тәрбиенің тал бесігінде тербетті.
Сафуан аға қаламгер әріптестерімен де барынша сыйласқан. Сыр өңірінде тұратын Қомшабай Сүйенішовті туған інісіндей қадірлеген. Әдебиетіміздің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің көлігі қай тұста бұзылып қалса, сол жерге жетіп барып, жөндеп беретін көрінеді. Себебі Сафуан – сөз өнеріндегі алыптар шоғырынан кейін іле-шала машина сатып алып, оны тізгіндеп қана қоймай, тетігін түгендей білген майталман маман. Кешірімшілдігі мен қарапайымдылығы жағынан да ел-жұртқа үлгі болыпты. Мәселен, бір кезде «Жалын» журналы бас редакторының орынбасары қызметінде жүрген Төлен Әбдіковті өр мінезіне бола онша жақтырыңқырамаса да, «Оң қолды» оқыған соң райынан қайтып, талантына бас иіпті...
Сонымен халық жазушысының туғанына – жүз жыл. Осынау ғасырлық өлшемнің таным-тағылымы мен сынақ-сабақтары қандай дегенде, мынадай қорытындыға келеміз. Заманның қиындығына қарамай, қаламгердің тағдыры жақсылыққа толы еді. Оның ғұмырнамасы қай кезде де ізгілік қасиеттермен айшықталды. Ал жазған дүниелерінен үнемі жанға жайлы жылы леп есіп тұрады. Демек, Сафуан ағаның өмірі мен шығармашылығы ешқашан жылылықтан арылмаған екен.
Біздің айтпағымыз – Маркестің мәртебесін арттырған Жүз жылдық жалғыздық емес, Сафуанның сынын бұзбаған Жүз жылдық жылылық...
Сол Жүз жылдық жылылық әлі де оқырманын аялап келеді.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ