Биыл Махамбет ауданындағы Жалғансай ауылында 1 гектарға 17 мың түп құлпынайдың италиялық, калифорниялық түрілерін егіпті. Құлпынайдың бұл сұрыптары ыстыққа да, суыққа да төзімді екен. Оны тамшылату әдісімен суарады.
– Бұрын жеке кәсіппен де, егін шаруашылығымен де айналыспаған едім. Коронавирус инфекциясы басталғанда, тұрғындар тарапынан қойдың құйрық майына, лимон мен имбирьге, оған қоса құлпынай мен таңқурай сынды жеміс-жидектен қайнатылған тосаптарға сұраныс арта түсті. Сол кезде Атырауға Түркия мен Қырғызстаннан бір қорабы 2 500 теңге тұратын құлпынай әкелінетінін естідім. Базардан сатып алған сол құлпынайдың дәмі де, түрі де көңілімнен шыққан жоқ. Себебі бірнеше күн көлікпен тасымалданған жұмсақ жеміс езіліп қалған, – дейді Нұржігіт Рақымжанов. Осылайша, екі жыл бұрын құлпынайды өзі өсіруге бел буды. Бірақ алдымен оның өсіру әдісін зерттеді. Нидерланд мен Италияның бағбандарымен пікірлесіп, тұқым ерекшеліктерін салыстырды. Сөйтіп, былтыр тәжірибе ретінде үйінің ауласына 2 мың түп құлпынай егіп көрді.
– Қазір италиялық «Клэйр» және калифорниялық «Альбион» деп аталатын құлпынайдың 17 мың түбін өсіріп отырмын. Бұл құлпынайлар әрі ірі, әрі дәмді, біздің өңірдің ауа райына төзімділігімен ерекшеленеді. «Клэйр» жемісті көктемде береді. Ал «Альбионнан» ерте көктемнен қарашаға дейін өнім алуға болады. Құлпынай өсіру үшін тұқымы мен сұрпы сапалы болуы керек. Суару, тыңайтқышпен өңдеу, түрлі аурулардан қорғау технологиясын меңгеру қажет, – дейді Нұржігіт Рақымжанов.
Атырау облысы