Руханият • 18 Қыркүйек, 2022

Әл-Фараби. Бақыт хақында

3383 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Данышпан қауымы адам баласына өз аралын, кеңістігін қалдырды. Сол кеңістігі арқылы ізгілікке, Құдай қақпасына қарай жаңа жол салды. Бұл жолдар көптеген адамға шамшырақ болды, темірқазық іспетті бағыт сілтеді. Ясауи жолы, Сағдидың гүлстаны, Асанқайғының жерұйығы, Абайдың имани гүлі, Шәкірімнің ар ілімі – мұның бәрі рухани әуеге салынған сара жолдар.

Әл-Фараби. Бақыт хақында

Әл-Фарабидің «Қайырымды қа­ла тұрғындары» еңбегі – күмбезі қашықтан көрінетін зәулім ғимарат іспетті. Екінші ұстаз шығармалары арқылы адамның бақытқа жетуі жай­лы ой қозғады. Жеке адамның бақы­тымен қоса қоғамның бақыты хақында да пікір білдірді.

Әл-Фараби ілімі бойынша адам жанының әртүрлі күйлері бар. Бірін­ші жан – өз қабілетін дамытып, нұр­ға бөлене алмаған және «Жасампаз Ақыл-парасатпен» (яғни Құдаймен) байланыс орната алмай, жоғала бас­таған жан. Екінші жан түрі – «Жа­сампаз ақыл-парасатпен» рухани бай­ланысқа қол жеткізсе де, өз бі­лімдерін әрекетке айналдырып, мі­незін жетілдіре алмаған, сол үшін азап шегетін жан. Үшінші – тео­риялық және практикалық сұлу­лыққа қол жеткізгендердің жаны. Бұлар тұлғалық көркемдікке жетіп, рахат­та өмір сүреді. Ғалым әрқашан білім мен әрекетті тұтас қарайды. Тұл­ға болу үшін білім мен әрекет тоғысуға тиіс деп есептейді. Тәрбиесіз берілген білімді адамзаттың қас жауы санағаны да сол. Яғни кемелдік дә­ре­жесіне жетіп, білімін парасатқа айналдырған адам – шын адам. Егер жиналған білім тек санада қалып, ол мінез бен әрекетке әсер етпесе, оның үстіне алтын артқан есектен айырмасы жоқ. Бұл жайлы: «Ақыл-естің тілегенін жасауға парасаты және ба­тылдығы жететін есті адамдар болады. Мұндай адамдарды біз, әдетте, өзіне лайық, ерікті адам деп атаймыз. Ал өз бойында осы екі қасиет жоқ адамдарды хайуан тәріздес адамдар деп атаймыз. Тек қана ақыл-есі ғана жетіп, батылы бармайтындарды жа­ратылысынан құл адамдар дей­міз», деген ой қорытады. Ал «Бақыт жолын сілтеу» еңбегінде: «Ақыл-парасаттың екі түрі болады: бірінші түріне тән қасиет тек білу ғана, бірақ әрекет бұған тән емес. Екіншісі­нің қасиеті білу және әрекет ету болып табылады». Тағы бірде: «Бақыт дегеніміз адамның қолы жетуіне қабілетті келетін ең жоғары игілік. Оған білім мен әрекеттің арқасында ғана жетуге болады» дейді. Әл-Фараби еңбегінде бақытқа жету фор­муласының әртүрлі жолдары айтылады. Бірақ түбірі бір арнаға саяды. «Қайырымды қала тұрғындары» атты еңбегінде: «Бақыт – өз басың үшін көксейтін игілік. Бақытқа жетуге көмектесетін еркін әрекет – тамаша әрекет. Мұны туғызатын әдет-ғұрып – қайырымдылық» – дейді. Иә, қайырымдылық жанды ләззатқа бөлеуші әрекет. Ғалым еңбектерінде жан мен тәннің аражігін ажыратып, тән тірлігінен бұрын жанға етене көңіл бөлуге шақырады. «Өз даму деңгейі мен өмір сүру кезінде тән арқылы жасаған істеріне сәйкес жан ләззатқа бөленеді немесе азап шегетін болады», «адам жанының болмыста кемелдену дәрежесіне шарықтап шырқайтындығы сондай, ол ендігі жерде өз тіршілігі үшін материяны қажет етпейді, өйткені ол тәннен азат болмыстар жиынтығымен және материядан бөлініп шыққан субстанциялармен бірігеді де, осылайша мәңгі-бақи өмір сүреді». Яғни ұлы ұстаз­дың негізгі қалауының бірі бостандық. Бос­тандыққа тек тән машақатынан арылу арқылы ғана жетуге болады. Кейде бостандық пен бақыт ұғымы бір секілді көрінеді. Бірақ бостандық бақытқа барар жолдағы аялдама іспетті. Ғалымның дәлелдеуінше ба­қытқа жетелер тағы бір күш – сана күші. «Адам жаны кемелдікке сананың дамуы арқылы жете алады, адамды құрайтын жан мен дененің тұтастығында сана маңызды рөл ат­қарады». Жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажыратушы күш – сана. Сана әрекетінсіз білім жию мен ғылым іздену нәтижесіз. Адам өз санасы арқылы ықтияры мен ниетін, ар мен ұятын басқарып, санасымен еркін таңдау жасай алғанда ғана жеке тұлға болып саналады. Сонымен бірге Әл-Фараби іліміндегі жоғарғы игілік – білім іздену. Білімді адам ғана санасы мен ерігін шынықтырып, бақыт қақпасына жол ашпақ. Білімсіздік төмендердің төменіне, тірліктің құр­дымына құлатар қауіпті індет. Тіпті бақыт жайлы ұғым білім-ғылыммен тікелей байланысты. Яғни ғалымның пікірі бойынша, адам осы өмірдегі материалдық байлықтан бас тартып, ақыл-ой қабілетін ұштау арқылы бақытқа жетеді. «Және осы адам... кемелденген ақыл-парасаттың иесіне айналады... мұның барлығы Тәңірді таныған тіршіліктің арқасында болады. Осындай адам адами кемелдіктің жоғары деңгейіне ие болып бақыттың шыңына жетеді». Яғни кісіні бақытқа жетуі үздіксіз білім ізденіп, ақыл-парасат иесіне айналып, Тәңіріні өз әлінше танығанда ғана мүмкін болады. «Осы өмірде бақытқа жеткен осындай рух о дүниеде де бақытты болып қала береді, өйткені «Жасампаз Ақылмен» біріккен рух ешуақытта өлмейді».

Әл-Фараби қай биікке де көзсіз догмадтық, демагогиялық сеніммен емес, интеллектуалды ғылым күшімен баруды көздейді. Аристотель, Платон филофиясына жаңа қырынан баға беріп, ислам пәлсапашыларының ең­бектерін таразылайды. Ұлы ұстаз­дың біз ұғынықты етіп беріп отырған ба­қыт жайлы пікірлері де көл-көсір ізде­ніс пен кемел тәжірибенің жиын­тығы.