Қоғам • 20 Қыркүйек, 2022

«Мектепте жарылғыш зат бар...»

360 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осылай деп жалған ақпарат тарататындар азаймай тұр. Мұны еріккеннің ер­мегі екенін іштей сезсе де, құқық қорғау органдары ғимаратты тексеру­ге міндетті. Өзге де құзырлы мекемелер аяғынан тік тұрады. Соңында ерік­­кендердің аяғы көктен келеді.

«Мектепте жарылғыш зат бар...»

ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Дархан Разуев­тің айтуынша, соңғы уақытта Астана мен Алматы қалаларында, сон­дай-ақ еліміздің кейбір өңірлерінде ірі сауда-ойын сауық орталықтары, әуежайлар, мектептер, сот ғимараттары белгісіз адам­дар тарапынан анонимді шабуылға ұшыраған.

– Құқық қорғау органдары кез келген нысанды миналау туралы ақпарат ке­ліп түскен кезде нақты қауіптің қа­те­рін бағалай отырып әрекет етеді. Барлық келіп түскен қауіп-қатер­лер бойынша шұғыл қызметтер мін­дет­ті түрде оқиға орнына барады, объек­ті­лерге егжей-тегжей тексерулер жүр­гі­зе­ді, жарылғыш құрылғыларды іздейді және оның салдарын болдырмау үшін кезек күттірмейтін шараларды қа­был­дайды. Құқық қорғау органдары қауіп­тілік туындайтын аймақтан адамдарды эвакуациялауға міндетті. Бұл өз кезегінде адамдардың жоспарларын бұзады және өмірдің үйренішті жағдайына кедергі келтіреді. Барлық жағдайда жарылғыш зат қойылғаны туралы ақпарат расталмай жатады. Қыл­­мыскердің қылмыс жасау себебі әр­түрлі болуы мүмкін: кек алу, бұза­қы­лық, өзіне назар аударту. Ойланбай жасаған әрекеті үшін кәмелет жасына толған адамға қылмыстық жаза қа­рас­ты­рылғанын естен шығармаған жөн, – дейді Дархан Разуев.

Әрине, еріккендер көп ұзамай қолға түседі. Себебі ішкі істер органдарының иелігінде соңғы үлгідегі техникалық қон­дырғылар бар. «Телефон тер­роризмі» фактілеріне тосқауыл қойыл­ды десек те, соңғы уақытта интернет желілерінің электрондық пошталары арқылы жалған хабарламалар та­ра­ту жиілеп кеткен. Осыған бай­ла­нысты Ішкі істер министрлігі мүд­делі мем­лекеттік органдармен бір­ле­се оты­рып, арнайы топ құрған. Ма­ман­­дар тобының қызметі шетелдік әріптестермен, сондай-ақ ком­­па­ния­лар­мен ІР-мекен­жайларды, аккаунт­тарды және элект­рон­дық ме­кен­­­жай­лармен байланысты басқа да де­рек­терді анықтау бойынша өзара әрекет етуге бағытталған.

Жалпы аталған қылмыс бойынша биыл 8 айда сотқа 14 қылмыстық іс жолданып, 13 адамға сот үкімі шы­­ға­рылған. Олардың жетеуі бас бос­тан­ды­ғынан айырылып, төрт адам бас бос­тандығын шектеу жазасына тар­тылған. Бір азаматқа қатысты мәж­бүр­лі ме­ди­ци­налық шара қабылданды.

Елімізде аталған қылмысты жаса­ға­ны үшін бес мың айлық есептік көр­сеткіш мөлшерінде айыппұл (бү­гін­де 15,9 млн теңге) салу немесе түзету жұмысына тарту, сондай-ақ бес жылға дейінгі мерзімде бас бос­тан­дығынан шектеу немесе айыру жазасына тарту көзделгенін атап өткен жөн. Қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Соттың шешіміне сәйкес, осындай хабарламаның салдарынан келтірілген залалдың барлық шығыны өтеледі. Мұндай іс-әрекетті кәмелетке толмағандар жасаған жағ­дай­да шығындарды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкіл­деріне жүктеледі.