Алдағы жылы парламенттік сайлауда нақты саяси бәсекелестікті «мықты Президент – беделді Парламент – есеп беретін Үкімет» қуатты билік үштігін қалыптастырып, билікке лайықты адамдарды таңдаудың меритократиялық қағидатын жүзеге асырады. Бұған дейін қоғам тарапынан жекелеген саяси құзыреттіліктің әлсіздігі мен олигополиялығы, Үкіметтің әлеуметтік дамудың өзекті мәселелерін шеше алмауы туралы шағым көп айтылып келді. Енді Президент бұл мәселені құзыреттер, идеялар, жобалардың практикалық бәсекелестік алаңына шығаруды ұсынып отыр.
Шындап келгенде, қайта сайлану құқығынсыз бір реттік 7 жылдық мерзімді енгізу – Қазақстанды демократияландыру қадамдарының бірі және либералдық саяси реформаларды жалғастыру деген сөз.
Бастаманың мақсаты – билікті монополияландырудың кез келген мүмкіндігін түп тамырымен жою және биліктің әділ теңгерімін орнату. Бұған дейін Президенттің партия жұмысына қатысуына, сондай-ақ жақын туыстарының саяси лауазымдарға орналасуына тыйым салынған болатын. Осылайша бұл бастама авторитаризмге және биліктің бір адамның қолында шоғырлануына тағы бір кедергі келтіреді.
Бір реттік 7 жылдық мерзім Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен экономикалық іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруға толығымен бағытталады. Сондай-ақ келесі мерзім туралы ойлау, түрлі популистік шаралар қабылдау сияқты түрлі мәселеге алаңдамайды. Нәтижесінде, Президенттің жауапкершілігі айтарлықтай артады.
Қазіргі таңда Қазақстан түбегейлі саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырту кезеңінде тұр. Осы тұрғыдан алып қарағанда Парламент бекіткен бір реттік 7 жылдық президенттік өкілеттікті әлеуметтік-экономикалық мәселе-
лерді шешуге бағытталған қажетті саяси реформалардың бір бөлігі ретінде қарастырған жөн.
Біріншіден, қайта сайлану құқығынсыз бір реттік өкілеттік мерзімінің енгізілуі жаңа саяси модель мен президенттердің тұрақты ауысуын қамтамасыз етеді.
Екіншіден, президенттік өкілеттікті 7 жылға дейін ұзарту саяси тұрақтылықты нығайтады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, шетелдік инвесторлар назар аударатын маңызды факторлардың бірі – саяси тұрақтылық. Тұрақты саяси және экономикалық жағдай кезінде инвесторлар өз инвестицияларына, кірістілігіне және өтелуіне сенімді болады. Инвестициялар ағынының ұлғаюы – елдің экономикалық дамуы үшін қаржылық ресурстардың маңызды көзі.
Мәселен, бір президенттік мерзім Израиль, Армения, Мексика, Оңтүстік Корея сияқты әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Қазіргі уақытта Францияда осы артықшылықтарға байланысты бір реттік 7 жылдық президенттік мерзімді енгізу мүмкіндігі белсенді талқылануда. Францияда жеті жылдық президенттік мерзім 1873 жылы биліктің ықтимал монополиялануын тежеу үшін уақытша шара ретінде қолданылған. Осылайша өкілеттік мерзімін және қайта сайланудың еселігін өзгерту тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінде айтарлықтай ықпалды құрал деуге болады.
Сонымен қатар Конституциялық сот судьяларының өкілеттік мерзімі қайта тағайындау мүмкіндігін қоспағанда 6 жылдан 8 жылға дейін ұлғайтылды. Бұл судьялардың тәуелсіз және объективті болуы үшін жасалған қадам. Бұл –Конституциялық сот судьяларының өкілеттік мерзімі оларды тағайындайтын адамдардың өкілеттік мерзімінен асып кететін халықаралық тәжірибе.
Әлішер ТАСТЕНОВ,
Президент жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы