Әдебиет • 21 Қыркүйек, 2022

Қазақ әдебиеті: әлеует пен құлықсыздық

760 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өзгенікін зор, өзінікін қор санау құлдық психологияның көрінісі. Бұл жағымсыз үрдіс өз әлеуетіңді елеп-ескермеуге, бағаламауға итермелейді де, басқаның жасығына жанасып, жаманынан жақсылық іздеп, іші қуыс, сырты жылтыр дүниесіне тамсанып, соған қарай итініп әуре еткізеді. Өкініштісі сол, сен өзің құр босқа әурешілікке салынып жатқаныңды білмейсің, білгеннің өзінде оны мойындамайсың, сыртқа қарай «ұлуыңды» жалғастыра бересің. «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ, Оларға жөн – арамның сөзін ұқпақ».

Жалғанда өз күшіңді, өз ерік-жігеріңді, өз ресурсыңды көзге ілмей, өзіңе өзің сенбей іс бастаудан артық қисынсыз не бар?.. Бірақ біз осыдан қисын іздеп, есекке теріс мініп алған жанның күйін кешіп келеміз. Бүгінде еліміздің мәдени-рухани әлемі жұпыны. Қолға алынған шаралар мардымсыз. Халықтың мәдени-рухани сұранысын қанағаттандыруда шетелдік өнімдерді көшіріп, аударып, не ұрлап алудан аса алмай келеміз. Содан келіп, рухани әлеміміз жұпыны күйінде қалып отыр.

Біз шетелдік не отандық руханисымақ өнімдермен халқымыздың шынайы сұранысын қанағаттандырып бере алмайтынымызды мойындауымыз керек. Бірақ бұл мойындау әзірге маңдайымызға жазылар емес. Осылайша, сырты жылтыр, көзді арбар жат әлемнің ішіне секіріп түсіп, содан әлдене іздеп, тапқанымызды жаһұт санап, оны өз әлемімізге тартқылап, тықпыштап, мұнымызды үлкен бір іс тындырғандай көріп жүрміз.

Қанша жерден өзге әлем ашық болғанымен ол біз үшін жат. Жат дүние кімге болсын қашанда түсініксіз әрі қараңғы. Ал сол қараң­ғы мекеннен қолыңа оңды дүние түсе қоюы неғайбыл. Соны іштей білсек те тас қараңғы жертөледен қажетін іздеген жан секілді түртінектеп әуреміз. Осы әурешіліктен құты­лудың жолы бар ма? Бар.

Бірінші кезекте, қазақтың рухани сұра­ны­сын қанағаттандыруда өзіміздің әлеуетімізге, бай қорымызға иек артуға мойын бұру маңыз­ды. Арыға бармай-ақ, қазақтың телегей те­ңіз­дейін жазба әдебиетінің қорына арқа сүйеп, ондағы мұраларды бүгінгі талғамға, заман талабына сай жарыққа шығарып, кино тілімен сөйлетіп, танымдық, музыкалық хабар­лар­дың өзегіне айналдырып халыққа ұсы­ну ше­телдік арзанқол, болмысымызға жат дүние­лерге жүгінуден құтқарып, салиқалы жолға түсірер еді. Бұл нағыз өзіміздің тұнып тұрған ресурсымыздың жемісін жеуге алып келеді.

Біздің өз байлығымызды, өз әлеуетімізді дұрыс, қажетті деңгейде пайдалана алмай отыр­ғанымыздың бір дәлелі – басқасын айтпағанда, Мұхтар Әуезовтің керемет шығармаларының өзін кино тілімен сөйлете алмай отырғанымыз. Бұл бір ғана мысал-дәлел. Бұдан бөлек, өз дара жолын салып кеткен қаламгерлеріміздің, бүгінгі классиктеріміздің ұлттық бояуы қа­нық, қызықты да шым-шытырық оқиғаларға құ­рылған, кино туындыға сұранып тұрған қан­шама шығармасы елеусіз жатыр. Бұл деген үл­кен мүмкіндік, үлкен қор емес пе? Осынау мол әлеуетке неге мойын бұрмасқа? Бұған мо­йын бұруға өреміз жетпей ме, әлде құлқымыз жоқ па?

Біз бұл жерде ешкімге тыңнан түрен сал деп отырғанымыз жоқ, тек, қазақ қаламгерлерінің шығармаларынан көркем фильм түсірудің қалыптасқан тамаша үрдісін әрі қарай сәтімен жалғастыру қажет екенін айтқымыз келеді.

Аталған жағдайға қарап, бүгінгі Қазақ­стан халқының рухани-мәдени өмірін ұйым­дас­тырушылардың ұлт әдебиетінің жауһар­ларынан хабарсыз екенін аңғарасың. Сондай-ақ іс басында жүргендердің жан дүниесі қазақтың шынайы, ұлттық болмыс-бітімінен тым алшақтап кеткендей көрінеді. Егер бұ­лай болмаса, ұлттық әдебиетіміздің мол қорын­дағы талассыз тамаша туындылар сөрелерде «қаңтарылмай», заманауи технологиялар ар­қылы халқымызбен қайта қауышып, рухани тірегімізге айналар еді ғой.

Бүгінде мемлекет ақпараттық-танымдық, рухани-мәдени салаға қатысты контентті отан­дық өнімдермен толтыру мақсатында қы­руар қаржы бөліп, қолдау білдіруде. Бұл қаржы­лардың қайтарымы – әзірге жарнамасы «жарып» тұрған, бірақ, назар аударсаң жаныңды сыздатар, кейіпкерлері орысша мен қазақшаны араластырып сөйлейтін, диалогі тартымсыз, оқиғасы жаттанды, ұлттық-танымдық бояуы солғын немесе болмысымызға жат, же­ңіл әзілге құрылған, қойыртпақ дүниелер. Бір қын­жылтатыны, осындай күлдібадам, талғамсыз, бірақ халықтың қаржысына түсірілген көр­се­тілімдер алдын ала електен өткізілмей көрер­менге ұсыныла береді. Осы орайда халық қаржысына фильм түсіретіндерге қойылатын негізгі талап – қазақ әдебиетінде орны бар іргелі шығармаларға назар аударту болу керек. Сонда ғана шетелдік не отандық арзанқол дүниелер кейінгі ысырылып қалады. Бұл қазақ ұлтының жеңісі болмақ.