Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2022

Азаматына қарап, ауылын таны

550 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық да­муы­ның сегіз айдағы жетістіктері қорытыланды. Жиналыста облыс әкімі Құмар Ақ­сақалов сөйлеп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда құрылыс жұ­мыстары – 3,2%-ға, тұрғын үй құрылысы – 3,0%-ға, инвестициялар көлемі – 2,3%-ға, өнер­кәсіп өндірісі – 1,6%-ға артып, бөлшек сауда 100%-ға орын­далғанын жет­кізді. Бұл өңірдің біршама жоғары қарқынмен дамып келе жат­қанын көрсетеді.

Азаматына қарап, ауылын таны

Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы жетекші сала екені белгілі. Биыл саланың дамуы басқа салалармен салыстырғанда алға шықты. Оған ауа райының қолайлы болғаны, қауырт шы­ғын­дардың аз болғаны да айтарлықтай себін тигізді. Биылғы астық пен жем-шөптің шығымдылығы жоғары деңгейде. Сала өнімдерінің жалпы өсімі немесе жалпы өнімнің индексі – 109,7 пайыз. Бұл қаржыға шаққанда 343,5 млрд тең­гені құрайды. Ал республикалық көр­сеткіш – 104,3 пайыз. Астық және майлы дақылдардың өсімі есебінен өсімдік ба­ғы­тының артуы облыста былтырғы сәй­­кес мерзіммен салыстырғанда 116,3 па­­йызға дейін жетті. Осылайша, былтырғы сегіз аймен салыстырғанда биыл 74,5 млрд теңгенің өнімі артық өндірілді. Соның ішінде астық көлемі 1 млн 102 мың тоннаға дейін жетіп, былтырғыдан 146 мың тонна артық жиналды.

Ал мал шаруашылығы бағытындағы өнімнің өсімі былтырғыдан 4,7 пайызға артып, 170,3 млрд теңгеге жетті. Бұл был­т­ырғыдан өнім 27,5 млрд теңгеге ар­тық деген сөз. Биылғы сегіз айда 66 мың тонна ет дайындалды, ал былтыр осы кезеңде 63 мың тонна дайындалған болатын. Жұмыртқа өндіру де 1,4 есеге артты.

Ет өндіру бойынша облыста Ақ­қайың, Тайынша, Қызылжар аудандары алда келеді. Сүт өндіру бойынша да осы көшбасшылар қатарында. Оған Ғ.Мүсі­репов ауданы қосылды. Жалпы,  барлық ауданда да өсім бар. Тек Пет­ропавл қаласында ғана ет-сүт және жұмыртқа бойынша өсім болмай отыр. Бұған Петропавлдағы бройлер фабри­ка­сы­ның жабылуы әсер еткенін айта кету керек.

Облыс аудандарында мал мен құс басы да артып келеді. Соның ішінде сегіз айда жылқы саны – 105,4, қара мал – 103,8, қой-ешкі – 102,4, құс саны 102,8 пайызға артты.

Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан шаруа­шы­лықтар көп. Үкіметтің мал басын асыл­дандыруға, өсімдік тұқымын жақ­сар­туға субсидия беруі, лизингпен техника әперуі сияқты көмегін тиімді пай­да­ланған кейбір шаруашылықтар алға шықты. Сондай озық шаруа­шы­лық­тардың бірі – Аққайың ауда­нын­­дағы Біржан Шаймерденов басқа­ра­тын «Дайындық АГРО» ЖШС. Бұл шар­уашылық – еңбек жетістіктерімен ғана емес, халықты әлеуметтік қолдау істерімен де алға шығып, республикаға та­нылған кәсіпорын. Шаруашылық бас­шысы Біржан Шаймерденов 2018 жылы қайырымды істер жасағаны үшін «Жомарт жүрек» сыйлығына ие болды. Ал шаруашылықтың негізгі ордасы Дайындық ауылы былтыр республика бойынша жарияланған «Ең үздік 30 ауыл» конкурсында жеңімпаздар қатарынан табылды.

Дайындық – Аққайың ауданындағы шағын ғана қазақ ауылы. Бұл бұрынғы «Лес­ной» кеңшарының бір бөлімшесі ғана болған. Солтүстіктегі барша қазақ ауылдары сияқты мұнда да тас жол тартылмаған, басқа да инфрақұрылымдары артта қалған мекен болатын. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасында басқа да ауылдар сияқты бұл мекенге де тарап кету қаупі төнген еді. Қолынан іс келетін жастардың бәрі жұмыс іздеп қалалы жерлерге ағылды, мамандар да өз бақытын басқа жерден іздеуге тырысты. Ауылда қалаға барса да күнкөрісі қиын болатын, қолы қысқа, жасы жеткен адамдар ғана қалды. Зейнетке жеткендері қоңторғай тұрды, ал оған жете алмай қалғандардың жай-күйі тіпті төмен еді. Алдындағы 2-3 қара­сының қауқары жақсы тұрмыс құруға жетпейтін.

Ауылдың өзі үлкен жолдан шеткері болса да қалың орманның ортасына орналасқан, табиғаты көркем. Алайда қалалы жерге шығу қалың қарлы қыста немесе күз бен көктемнің лайсаңында мұң болатын. Алғашқы дүрмекпен шаруа қожалығы құрылғанымен оның да қарымы қысқа болып, ауылды көтеруге шамасы келмеді. Кеңшардан қалған техника мен жерге ие болса да қожалықтың жұмысты ұйымдастыруға, ащы терді төгіп тынымсыз жұмыс істеуге қайраты мен қабілеті жетпеді. Тіпті өндірген өнімді де өткізе алмай, қажыры күннен күнге қожырай берді.

Осы кезде елдің есіне Біржан Шай­мер­денов түседі. Ауылдың көзге түсіп жүрген қайсар жігіті бұл кезде Қызылжар қаласында шағын бизнесін дөңгелетуде еді. Ауылдастары оның біртоға, өз ісін жақсы білетін, қолға алған жұмысын аяғы­на дейін жеткізбей тынбайтын табанды жігіт екенін жақсы білетін. Кеңес Одағы жылдарында Байқоңырға су тартуға вахтамен жұмысқа баратындарды бастап барып, жақсы табыстарға жеткенінен халық хабардар болатын. Вахталық әдіспен жұ­мысқа барғандардың көбі қалтасына түскен мол ақшаның қыбын таба алмай, ақыры ащы суға алданып кететіндері де жиі кездесетін. Ал Біржанның есімі мақ­тауға ілігіп, қаладан үй алып, туған-туыстарына да көмектесіп, жақсы атымен ауыздан ауызға тарап жүретін. Кеңес өкіметі құлап, ел экономикасы нарықтық қатынасқа ауысқан жылдардан бастап ол өз қатарлары сияқты шағын бизнеспен айналысып, табыс табуға кірісті.

р

Жерлестері оның ауылға жақсы көлік­пен келетінін, ісі жақсы жүріп жат­қа­нын, ағайын-туғандарына қарасып жүре­ті­нін көріп, бір күні өзара ақылдасып, оны әңгімеге шақырады. Аузы дуалы ақсақалдар жиналып, Біржанға салмақ салады. «Шырағым, қолыңнан іс келетінін көріп жүрміз. Мынадай қысылтаяң заманда өзіңді ғана ойламай елдің тізгінін ұста, біз саған батамызды берейік, қолымыздан келгенше қолдайық» деседі ақсақалдар. Өз еркімен жүріп-тұратын жігіт мойнына бүкіл елдің салмағын артуға шу дегенде көнгісі келмейді. Бірақ ауылды барлағанда оның аянышты халі жан-жүйесі жылы азаматтың жүрегін қан жылатады. Кейбір үй қою шай ішуден де қалған. Бәрі тақұл-тұқыл, бұрынғы мол дүниенің, дастарқанға сыймайтын ас-судың ізі де жоқ. Киім-кешекке дейін жұтаған. Жарқырап киініп жүретін қыз-келіншектер бойына бұйырғанын іліп, жүдеп кеткен. Мектеп алқам-салқам, төбесінен су ағады, есік-терезелері әбден тозған. Жылу жетпегендіктен қыстың ызғары қабырғаларды сыздан қарайтып, кейбір жерін көгертіп, сәнін жоғалтқан. Дымқыл ауаның иісін жұтып отырған іні-қарындастары да ағаларына үмітпен қарайтындай. Дүкен, медпункт дегендер де жабылған. Ауырып-сырқап қалғандар 21 шақырым жердегі аудан орталығына зорға жетеді...

Кешегі өзі оқыған мектептің, туған ауылының бүгінгі аянышты халі жігітке ұмытуға болмайтын әсер қалдырады. Ой­ла­нып-толғанып, ақыры: «Қой, «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге ада­сайын» деген ақыл табады. Бұл осыдан 25 жыл бұрын, 1997 жылы болған оқиға еді. Біржан Әбділманұлы қалада тұрған жайлы пәтерін тастап, дайындыққа келгенде ауылда 28 ғана үй қалған...

 Бірақ ауылды көтеруге құр қол келе алмайсың, қалта қалың болуы керек. Сол жылдары қаладағы пәтерлердің бағасы ұшып тұрған. Біржан өзінің 2 бөлмелі жайлы пәтерін сатып, барлық ақшаны ауылына құяды. Бұл үлкен тәуекел еді. Өйткені қыруар қаражатты қайтара алмай үйсіз-күйсіз қалу оп-оңай. Сондайға ұшырап қаңғып қалған жігіттер де болған. Бірақ алған бетінен қайтпаған жігіт ауылдың проблемасын шешуге көзді жұмып, қойып кетеді.

Қай жағына қарасаң да құлдырап жатқан шаруа: көктемгі егіске тұқым жоқ, жер айдайтын, егетін тракторлар жүрмей тұр, оған қосалқы бөлшек керек, жанар-жағармай керек... Осы керектердің өзінен адамның шақшадай басы шарадай болады. Бірақ табанды жігіт алған бетінен қайтпайды. Азды-көп бизнесте жүріп ысылып қалғаны бар, кімнен қарыз алуды, қайдан жанар-жағармай алуды т.т. біледі. Жол көрген.

Алғашқы жылы бір мың гектарға ғана астық егеді. Оны ілдебайлап жинап алғанымен өткізу қиын, бидайға баға да жоқ... Ашық аспанның астында қалған астық шіріп қалуы да мүмкін. Күздің ақ жауы­ны да күнде себелеп, ұнжырғаны тү­сі­ріп барады. Бірақ Біржанды ауыл­дастары қолдайды, бидайды шірітпеу үшін үй­ле­рінен жамылғы, шекпен, алаша тасып, әйтеуір аман алып қалады. Көп­тің кө­ме­гі­мен астықты көктемге аман жет­кі­зіп, жақсы бағаға өткізеді.

Біржан – Алланы аузынан тастамайтын тақуа жан. Қандай қиындықта жүрсе де имандылықтан аттамайды. Халықты алдамаған, қолына бірдеңе түскен күні олармен дереу есептесіп отырған. Алғаш­қы үлкен шығынын да мектепті жөндеуге жұм­саған. Балаларға бір мезгіл тегін ыстық тамақты да ұйымдастырған. Ауыл жұмысының таңғы жетіден басталып, жаз күндері түнгі сағат 11-12-лерге дейін со­зы­латынына да көнген. Осындай иман­ды­­лық пен жанкештіліктің арқасы шығар, жігіттің ісі көп ұзамай дөңгеленіп жүре берді. Айналасы 4-5 жылда оның шаруа­шы­лығының аты шықты.

Сол кезде, осыдан 20 жыл бұрын, об­лыстық телеарнада істеп жүрген біздің Дайындық ауылына жолымыз түскен. Ол кезде мал әлі жоқ, бірақ егіс көлемі біршама молайған. Мезгіл күз еді. Көршілес Ленин ауылының қырманын алып, астықты сонда құлатып отыр екен. Айналаның бәрі тап-таза, айнадай жарқыратып қойыпты. Дайындықтың көшелері де жайнап тұр, өн бойына құдық қазылып, олар мұқият сыр­ланып, сақталып тұр. Сол кездің өзінде көше­ге тасжол тартылған. Осының өзі­нен Да­йын­дықтың бағы ашылып келе жат­­қанын көріп едік.

Одан бері Біржан Шәймерденовтың даңқын алыстан естіп жаттық. Оның ауы­лы облыстағы үздік елді мекен болып, атағы жер жарды. Диқаншылықтағы табыстары да алысқа жетті. Жерлестеріне деген қамқорлығы: ауылдағы үйдің бәріне су тартып бергені, 80 үйге жеткен мекенді бір орталықтан жылытатын қазанға қос­қаны, мектеп, мәдениет үйі, балабақша, дәрігерлік пункт, дүкен салдырғаны, қан­шама адамға жұмыс беріп, асырап отыр­ға­ны, тағы басқасы аңыз болып ауыздан түспейтін. Біржанның тағы бір ерлігі – ат­құ­марлығы. Ол жүйрік ат ұстап, дү­­бірлі додаларға қосып, талай рет бәй­ге алған.

Бірақ өмір үнемі бірқалыпты тұрмайды ғой, бәйгеге шауып жүретін 20 жастағы баласы Елжас 2007 жылы Жамбыл облы­сы­ның Мерке ауданында болған бәйгеде аттан құлап қаза табады. Тіл ме өткен, көз бе көктей солдырған, әйтеуір бұл қаза жі­гіт­ке ауыр тиеді...

Жуырда Біржан ауылына тағы соқтық. Осыдан 20 жыл бұрын көргенде лыпып тұратын азамат сәл шау тартып, жігіт ағасына айналыпты. Ол қазір 15 мың гектар жерге астық пен майлы дақылдар өсіреді екен. Серіктестік Дайындық ауылының шеңберінен шығып, көршілес және 40-50 шақырым жердегі алыс ауылдардың да жерін жалға алыпты. Бар­лық алқаптың 10 мың гектарына дәнді, 1,5 мың гектарына майлы дақылдар егетін көрінеді. Мал басы бар болғандықтан 1,5 мың гектар жерге жем-азық отырғызып, 2 мың гектарды парға қалдырады екен.

Мал басы да біршама көп, 1,5 мың қара мал болса, соның ішінде 600 басы – сауын сиыр. Оларды тәулігіне үш рет са­уып қолға ұстап отыр. 2019 жылы тауарлы сүт фермасын ашып, елдің ішкі нарығын сүт және сүт өнімдерімен толтырды. Сиырдың бәрі – салмағы бір тоннаға жуықтайтын сименталь тұқымы. Бұдан басқа бордақыға қойған малы, азды-көп жылқысы бар. Оның ішінде жүйрік аттары ипподромда бағылады.

Қазір серіктестік 120 адамға тұрақты жұмыс орнын беріп, орташа еңбекақыны 350 мың теңгенің деңгейінде төлеп отыр. Қоныс аударушылар мұнда көп келген, бірақ «ауырдың үстін, жеңілдің астын» қалайтындар мұндағы тынымсыз жұмысқа шыдай алмай кетіп қалған, тек үш-ақ отбасы қалыпты. Есесіне осы төңіректің алыс ауылдарынан көшіп келушілер көп. Қазір оларға 17 үй салынып жатыр. Ауылға дейін және ауылдың іші асфальт, жұмыс бар, еңбекақы жо­ға­ры, мәдениет үйі, мектеп, балабақша, қоғамдық монша, спортзалы – бәрі жайнап тұрған ауылға көшіп келушілер азаяр емес. «Бірақ бәрібір ауылдан көшкісі келетіндер табылады. Сырттан келушілер болса да, ауылдың өз адамдарының арасынан да көшіп кетушілер бар», дейді Бікең.

Серіктестіктің техникалық мүмкіндігі де қазір сақадай сай. Біз егіс алқабына келгенде америкалық алты «Джон-Дир» ұшы-қиырсыз алқапты жотап, астығын жинап жатыр. Қорада күтілетін асыл тұқымды сиыр­лардың да жем-шөбі үзілмеген.

Қазір шаруашылықты Біржанның үлкен ұлы Олжас басқарып жүр. «Әке көр­ген оқ жонар» демекші, универ­си­теттен эко­но­мист, заңгер маман­дық­­­тарын алған ол әкенің баулуымен шар­уа­­шылықты иге­ріп әкеткен. Біржан Шай­мер­деновтің өзі биыл зейнет жасына жетіп, өмірдің келесі белесіне шыққалы отыр. «Құрмет», «Парасат» ордендерін алған ол былтыр Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ең­бек ардагері» медалін де кеудесіне таққан.

Біржанның ісіне өңір халқы әр кез риза­шы­лығын білдіріп жатады. Соның ішінде ІІ дүниежүзілік соғысқа қатысқан ардақты ақсақал Сапар Дүйсенов марқұм риза болғаны сондай, сонау жылдары оның ауылына арнайы келіп, батасын беріп кетіпті. Әрбір ауылдан Біржан сияқты бір азамат шыққанда Солтүстіктің ауылдары тарамай, орнында болар еді, бірақ ондай бола бермейді ғой. Ал боламын дегендерге Біржан Шаймерденовтің ісі тамаша үлгі.

 

Солтүстік Қазақстан облысы