Руханият • 26 Қыркүйек, 2022

Ән оқу

436 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Ән айту – поэзия оқудың ең биік шыңы» деген сөзді бір емес, бірнеше мәрте естіп едім. Бұған келісуге де, келіспеуге де болатын сияқты. Әркімнің талғамына байланысты алуан пікір өрби беретіні бар. Қолына домбырасын алып микрофонмен «сөйлеп» әлде «сөйлесіп» тұрған әншіні сан көрдік. Шыбынның дыбысы естілер еді-ау ондайда. Ән шарықтап немесе үзілердей тағы да жалғанған сәтте анау бір тұстан әлдебір тыңдарман еріксіз «пәлі!», деп қалмай ма сонда?! Әнмен бірге тербеліп отырған жан еріксіз ішкі күйін шығарып қоятыны таңсық емес қазақ ортасында.

Ән оқу

Тыңдарманның ақыл-ойы емес, ет-жүрегі әнді оқып отырған болады. Әуенмен қоса тыныстап тебіренгені ғой. Кейде адам баласы өзі де түсінбеуі мүмкін, бірақ әлгі туынды жанына майдай жағады. Өнер сонысымен ұлы шығар, кім біліпті?! «Қидым соның бәрі үшін, бір тамаша ән үшін» демей ме?!

Ән адамның ішкі сезімін, жан күйін тап басып, оған тебіренген бөлек. Әуен мен күйді кәдімгідей түсініп, оқитындар болады. Көптеген шығармаларда кездеседі. Күйдің бәрі кең дала мен шапқан атты суреттей бермесі анық қой. Адамның ішкі күйінің тебіренісін салады. Мүлде басқа суреттерді әкеледі көз алдыңа. Бұған Әбіш Кекілбаевтың «Күй» атты повесі дәлел бола алады деген ойдамыз.

Мәселен Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінде» автор «Әупілдек» әніне тоқталады. Туынды туралы біраз жайдан хабар береді. Оның табиғатын ашады. Ән сырына үңіледі.

«Анау не көл? – дедім.

– Ол – Әупілдек, Алакөл, – деді.

– Уай! Әупілдегің әлгі, кәдімгі өлеңдегі «Әупілдек» пе? – дедім.

– Ие, сол өлеңдегі Әупілдек. Сол өлеңді шығарған қызды алған адам, сол Әупілдекті мекен қылатын елдікі ғой. Елі қазір сол көлдің ар жағында отыр. Бірақ бұл жерден көрінбейді, – деді.

– Е, е, өлеңдегі Әупілдек осы десейші... Ол келіншек қазір өлген ғой, ә? – дедім.

– Иә, өлген, бейшара, сол қайғыдан өлді ғой! – деді...

Ұшан-теңіз белестердің ортасында, ат үстінде, әлгі көлдерге қарап тұрдық...

«Сүйгеніне бара алмаған, малға са­тылған сорлы қыз қайғыдан өлді ғой...».

...Көз алдыма келіп елестеді: Оның жылағаны... Сатылып барған жерінен Әупілдек көлін жағалап, неше рет жаяу қашқаны көз алдыма елестеді... Тап осын­дай тып-тыныш жер мен көк... Тө­ңі­рек тым-тырыс, елсіз, шалқыған көл. Жылап келіп, көл жағасында отырған жал­ғыз әйел. Манаураған жер мен көк – меңіреу. Меңіреу жаратылыс көздің жасын көрмейді. Жылаған жанның қайғысын сезбейді. Жалғыз-ақ еңіреген әйелмен бірге көлдің қамыстары ғана теңселіп сыбдырласып, сусылдасып сөйлейді. Көлдегі құстар ғана еңіреген әйелмен бірге сыңсып, шулап жырлайды... Әйел жылайды... Әйел жырлайды.

Қамысы Әупілдектің мүше-мүше,

Сарғайдым осынау көлдің суын іше!

Қос қанат құсқа біткен маған бітсе,

Барар ем қалқажанға әлденеше!..

Қар басты Әупілдектің қамыстарын,

Айтады әркім көрген қасірет-зарын,

Түседі қайғылыға қара тұман,

Кім білер сол тұманның ашыларын?!

Еріксіз Әупілдекті мекен еттім,

Жасым жас, он алтыға

жаңа жеттім!

Айырған екі ашықты еңіретіп

Ісіне бар ма шара құдіреттің?!

Тағы да көп сурет көз алдыма елес­теп, біраз Әупілдекке қарап тұрып қайт­тық...», дейді Сәкен.

Осы бір қысқа мәтіннің өзінен біраз жайды аңғаруға болады. «Әупілдекті» әуелі осы мәтінді оқып барып тыңдаған нұр үстіне нұр болар еді-ау деген ойға жетелейді.

Халық ішіне кең тараған «Әупілдекті» салушылар көп болса керек бұрын. Сәкен заманына дейін де кең тараған ән еке­ні байқалады. Берідегі бір орындаушы Рәбиға Есімжанова болса, кейінде бұл туындыны Гүлмира Сарина орындағанын білеміз. Гүлмираның орындауында да тамаша шыққан, ән табиғаты, әуен сыры ашылған. Бір қызығы, бұған де­йін халық әні аталып келген туындыны атақты Қайрат Байбосынов «Сыр сан­дық» атты қазақ әндерінің антология­сында авторымен жазады. Әні Мақажан Шиденұлы Мырзамбетовтікі десе, сөзі Дәмеш ақындікі деп беріпті. Демек, қазақ әндерінің антологиясын жасаған әнші туындының авторларын тауып, арнайы енгізіп отыр. Соңына түскен сайын туындылардың бояуы анық байқалып, табиғаты ашыла түсетін секілді. Уақыт тас­пасына жазылған ән де, күй де сөй­лей­ді. Осылай ежіктеп оқып тұрса.