Таным • 27 Қыркүйек, 2022

Оспан батыр туралы қолжазба

581 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжат­тама ар­хивінде «Қазақтың алтын аңызы – Оспан батыр және Нұрғожай батыр­дың мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Оспан батыр туралы қолжазба

Оспан батыр Исламұлының ел мен жер үшін жасаған жанқиярлығы, қан кешіп ұрыс салған ұлт қаһарманының саяси әрекеті, сондай-ақ Нұрғожай ба­тырдың ерліктері мен мұрасы конфе­ренцияның басты тақырыбы болды.

Конференция барысында Ыстан­бұл қаласынан арнайы келген Нұр­ғо­жай батырдың немересі Бахадүр Хад­жи­хан мен Мимар Синан көркем өнер уни­верситетінің профессоры Әбді­уақап Қара Оспан батыр туралы Нұрғожай батырдың түпнұсқа қол­жазбасын архив қорына сыйға тартты. Айта кетейік, қол­жазба Нұр­ғожай батырдың өз қо­лымен төте жа­зумен жазылған әрі бұл бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған.

Орталық мемлекеттік ғылыми-тех­никалық құжаттама архивінің директоры Баян Жұматаеваның айтуынша, қазақтың ХХ ғасырға таңбасын басқан соңғы батыры, Шығыс Түр­кістанда халқының егемендігі мен азаттығы жолында күрескен Оспан батыр Исламұлының қазақ тарихында алар орны өте зор. «Америкалық тарихшы Линда Бенсон «Қазақтың алтын аңызы» деп атаған Оспан батыр бүкіл Алтай жерін және Шығыс Түркістандағы қазақтарды езіп жаншып тұрған Қытай губернаторы Шың Шы Сайдан азат етуге күш салған.

Осы тұста айта кетейік, күрескер тұлғаның өмір жолын жаңа, тың қыр­ларынан танытатын Оспан батырдың алғаш­қы сегіз комиссарының бірі Нұр­ғожай батырдың естеліктері үл­кен тарихи маңызға ие. Өйткені ол Оспан батырдың жанында болған. Сон­дықтан осы екі алып тұлғаны бірге насихаттау болашақ ұрпақты руха­ни тұрғыдан бай, елжанды етіп қалып­тастыруға ықпал етері сөзсіз», дейді Б.Жұматаева.