Экономика • 28 Қыркүйек, 2022

Аграрлық секторды алға сүйрегендер

1493 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Атырау облысында мұнай-газ өнеркәсібімен бірге ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге бетбұрыс жасалып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Рүстемовтің мәліметіне сүйенсек, биыл 353 шаруашылық 10 099 гектарға көкөніс, бақша дақылдарын еккен.

Аграрлық секторды алға сүйрегендер

Тамшылатып суарудың тиімділігі

Биыл өздері өсірген егіннен несібе терген шаруалар 29,5 мың тонна картоп, 141 мың тонна көкөніс, 22,6 мың тонна бақша өнімін жинауды көздеп отыр. Егін шаруашылығына төрт бюджеттік субсидиялау бағдарламасымен жергі­лікті қазынадан 315,9 млн теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде тыңайтқыштар үшін 50 млн, су жеткізу шығынын субсидиялау 248 млн, тұқым шаруашылығын дамытуға 12 млн теңге қаралыпты. Бұған қоса пестицидтердің құнын субсидиялауға қаралған 5 млн теңге бар. Қыркүйек айына дейін су жеткізу мен тыңайтқыштар құнын субсидиялау бағдарламалары бойынша 138 млн теңге қаражат төленіп отыр.

– Ауыл шаруашылығы саласын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мақсатында облысқа 1 080 тонна жеңілдетілген бағадағы дизель отыны бөлінді. Мұның 600 тоннадан аста­мы ауыл шаруашылығы тауарын өн­дірушілерге жеңілдетілген бағамен беріледі. Осы кезге дейін 9 шаруа­шылыққа 155 тонна жанар-жағармай жеткізілді, – дейді Бағдат Рүстемов.

Мәселен, Махамбет ауданындағы «Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Қоныс Ермановтың айтуынша, егін егілген алқаптың көлемі – 115 гектарға жуық. Оның 90 гектарына көкөніс-бақша дақылдары, 18 гектар аумаққа картоп, 5 гектар жерге жүгері тұқымы егілген. Шаруа қожалығы жүгерінің «Пионер» аталатын түрін алғаш рет өсіруді қолға алған. Бұл қожалықта 15 жылдан бері тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Осындай әдіспен суарылған жүгерінің әр гектарынан 400 центнер өнім жиналыпты. Енді алдағы жылы жүгері алқабын 20 гектарға жеткізу жоспарланып отыр.

– Көршілес Ресейдегі тамшылатып суару әдісі арқылы жүгері өсіретін шаруалармен тығыз байланыс орнатып, тәжірибе алмастық. Бұл технологияның тиімділігі көп. Өйткені су дақылдың тамырына тікелей жетіп, өнім алу көрсеткішін ұлғайтады. Жүгеріні алғаш рет ексек те, мол өнім алдық. Биыл жүгері алқабы аз көлемде болғандықтан, оның өнімін қолмен жинадық. Алдағы жылы жүгері алқабын ұлғайтсақ, өнімін жинау үшін комбайн мен арнайы техникалар алатын шығармыз, – дейді Қоныс Ерманов. – Жүгеріні егуге мал азығының тапшылығы ықпал етті. Жүгерінің собығын құсқа, ал сабағын малға азық ретінде пайдалануға болады. Біз егіннен бөлек, төрт түлік пен құс шаруашылығын қоса жүргізіп отырмыз. Қазір 2 500 қой, 459 сиыр, 261 жылқы мен 17 түйе бар.

Тамшылатып суару әдісін Жылыой ауданында тұратын Ізімғали Қарабалиев пен Талғат Сөриев те тиімді қолданып отыр. Олар 1998 жылы «Бірлік» шаруа қожалығын құрып, Құлсары қаласынан 30 шақырым қашықта алғаш рет қарбыз өсіруді қолға алған. Содан бері бұл істі үздіксіз жалғастырып келеді.

– Рас, бастапқыда тәжірибеміз бол­мады. Сол себептен алғашқы 3 жыл­да өнім жинай алмадық. Әсіресе зиян­­кес­тер жәндіктерге қарсы нендей шара қолдануды білмедік. Интернеттің қо­сыл­маған кезі ғой. Кітапханаларға барып, зиянкестермен қалай күресудің тәсілдері жазылған кітаптар іздестірдік. Кейін осы саланың маманымен кезде­сіп, ақыл-кеңесін тыңдадық. Тек төрт жылдан кейін ғана өнім алуға қол жеткіздік, – дейді І.Қарабалиев.

Ол Ресей Федерациясының Орын­бор облысында дүниеге келген. Қазір Жылыой ауданының орталығы – Құл­сары қаласында тұрады. Биыл оның «Бірлік» шаруа қожалығы 15 гектарға қарбыз бен қауын өсірді. Он жыл бұрын тамшылатып суару технологиясын іске қосты. Бір қызығы, шаруа қожалығы құрылған 24 жыл ішінде мемлекеттік бағдарламамен жеңілдетілген несие де, тіпті субсидия да алған емес.

– Мемлекет маған жер берді. Енді мен неге мемлекеттен қаржылық көмек сұрауым керек? Әркім өзінің шамасы келетін істі қолға алса, ешкімге алақан жаймауға болады. Біз өз күшімізбен шаруашылығымызды өркендетіп, жемісін көріп отырмыз. Балалары­мызды өсірдік. Оларға жоғары білім алуға қолдау көрсеттік, – дейді фермер.

Төскей толы төрт түлік

Төрт түлік өңірдің барлық ауданында бар. Оның ішінде Құрманғазы, Қызылқоға, Жылыой аудандарында асыл тұқымды түлік саны өскені байқалады. Мәселен, биылғы тамызға дейін мүйізді ірі 212,9 мыңға, қой 703 мыңға, жылқы 114,4 мыңға көбейген. Алайда төскейді төрт түлікпен толтыруды көздеген шаруалар саннан гөрі сапаға мән бергенді қолайлы көреді.

Мұның нақты мысалын Қызылқоға ауданынан байқауға болады. Аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, соңғы жылдары төскей толатындай төрт түлік саны өскен. Қазір ауданда 38 мыңнан аса сиыр, 20 мыңға жуық жылқы, 2 мыңнан аса түйе бар. Ал қой-ешкінің саны 170 мыңға жуықтаған. Биылғы 8 айда 49 шаруа қожалығы 34 асыл тұқымды бұқа, 98 сиыр, 25 қошқар сатып алған. Оларға бұл үшін 56 млн 675 мың теңге мемлекеттік субсидия төленді. Бұл аудан «Хайролла», «Құрман», «Аян», «Нұрлы дала Агро фирмасы», «Нұр-Ай», «Шыңғысхан», «Жұлдыз», «Есен», «Шадияр», «Думан», «Назгүлім» шаруа қожалықтары, «Жасқайрат» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі мен «Шукатыров» жеке кәсіпкерлігі тү­лік санын асылдандыруға үлес қосып жүр.

Соңғы жылдары бұл салада ірі жобаларды іске асыруға ынталылар байқалып отыр. Қазір Атырау қаласының маңында 1 500 ірі қараны бордақылау алаңы, Қызылқоға ауданында сүт өңдеу кешенінің құры­лысы жүріп жатыр. Мұндай жоба­ларға әрине қомақты қаржы салынады. Сол себептен, мемлекеттік бағ­дарламалармен агросекторды алға сүй­рейтін жобаларға жеңілдетілген несие түрінде қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, кейінгі екі жылда Атырау облысының 407 кәсіпкеріне 3,6 млрд теңгенің несиесі берілді. Ал биылғы 6 айда ауыл шаруашылығы саласында 93 жоба қаржыландырылып, шағын кәсіпкерлікпен айналысатын 42 адам жергілікті және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 464,56 млн теңгенің несиесіне қол жеткізді. Оның ішінде «Аграрлық несие корпорация­сы» АҚ Атырау филиалы арқылы «Агробизнес» бағдарламасымен 7 шаруа қожалығына 126,03 млн, «Бас­тау-Қызылқоға НС» ЖШС 5 шаруа қожа­лығына 72,38 млн, тағы 1 серіктестікке 20,3 млн, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалынан 9 шаруа қожалығына 111,36 млн теңге несие берілген.

Бұл салаға да инвестиция құюды көздеген бар. Бұған мысал ретінде өткен жылы инвесторлардың 830 млн теңгені құраған қаржысына салынған 6 жоба іске қосылғанын айтуға болады. Мәселен, Атырау қаласының аумағында «Отбасы» шаруа қожалығы 1 гектар аумақты алып жатқан жылыжайды іске қосты. Жобаның құны – 200 млн теңге. Ал Индер ауданында «АсылАгро» шаруа қожалығы 80, Махамбет ауданында «Жұмағалиев» шаруа қожалығы 100, Атырау қала­сында «Сағиева» шаруа қожалығы 160 гектар аумақты жаңбыр жаудыру арқылы суаратын қондырғыларға қол жеткізді. «Жұмағалиев» жеке кәсіпкерлігі 400 млн теңгеге бағаланған мал бордақылау алаңында 1 мың ірі қараны семіртіп, жылына 235 тонна ет дайындауды қолға алды. Сондай-ақ «Oz Sut» ЖШС-нің жылына 720 тонна сүт қабылдау цехы жұмысын бастады. Биыл тағы 6 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.

Ешкі сүтінің ерекшелігі

Мұнайлы өңірде де ешкіні өсіріп, оның сүтінен түрлі өнім дайын­дау­ды мақсат еткендер бар. Бұл істі алды­мен Махамбет ауданындағы «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожа­лығы қолға алып, 2013 жылдан бері асыл тұқымды ешкі фермасын ашты. Фермада жылына 180 тонна ешкі сүті өндіріліп, 140 тонна өнім шы­ға­ру жоспарланған. Аталған ферма­ға Голландиядан Saanen аталатын асыл тұқымды 150 ешкі әкелінді. Шетелдік ешкілер жергілікті ауа райына тез бейімделіпті.

– Ешкі сүтінің емдік қасиеті мол. Әсіресе жас нәресте үшін дәрумен көп. Сол себептен ем үшін таптырмайтын ешкі сүтін өндіруді көздедік. Қазір өңір тұрғындарына ешкі сүтінен алынған қаймақ пен сүзбе тіпті, шетелдік жеңсік ас саналатын балқытылған ірімшіктің бірнеше түрін ұсынып отырмыз. Бұл өнімдерге жергілікті нарықта үлкен сұраныс бар, – дейді В.Розметов.

Жалпы, құны 600 млн теңгені құраған бұл жоба мемлекет қолдауымен жүзеге асырылды. Қаржының 50 па­йызын кәсіпкер Владимир Розметов өз есебінен салыпты. Ауыл шаруашылығы саласындағы итальяндық ең озық технология орнатылған әмбебап кешенде сүт өндіруден бастап оны өңдеу үдерісі толықтай автоматтандырылған. Қазір ешкі сүтінен «Шаруа», «Қазақстан», «Стандарт», «Асханалық», «Гауда» ірімшіктері, ақ және ысталған құрт, сары су мен йогурт, қаймақ секілді өнімдер дайындалады.

Ал Жылыой ауданының тұрғыны Аманжан Құсайынов асыл тұқымды фран­цуздық альпі ешкілерін өсіріп отыр. Жас жігіт бұл ісін 2014 жылы бастаған.

– Бұл ешкінің айырмашылығы күніне үш литрге дейін береді. Франциядан үш ешкіні алдырған едім. Қазір ешкінің саны елуге жетті. Алғашында ешкі сүтін ұлымның емі үшін ғана пайдаландым. Кейін оны отбасылық кәсіпке айналдырдым. Ешкінің шөбін арнайы гидропоникалық құрылғының көмегімен дайындаймын. Жемді әртүрлі қалалардан алдырамын. Мәселен, арпаны Орал қаласынан жеткізіп отырмыз. Ал ешкілерді сауу озық технологияның көмегімен жүзеге асырылады. Ешкі сүтінен сепаратор арқылы қаймақ, сүзбе, йогурт жасалады, – дейді А.Құсайынов.

Оның айтуынша, мал шаруашы­лы­ғы­­мен айналысудың өзіндік қиын­дық­­тары бар. Әсіресе елімізде сүтті ешкі ша­­руа­шылығы туралы ақпараттың азды­ғы шаруаға кедергі келтіреді екен. Сол се­­беп­тен алдағы уақытта ағылшын тілін үй­­реніп, Еуропадағы ешкі фермалары­на тәжірибеден өтуге баруды көздеп отыр.

 

Атырау облысы