Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2022

Ауылдағы ақынға құрмет

460 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Базартөбе ауылдық округіне қарасты шағын ғана Қадырқұл ауылында жас ақын Абылайхан Мақсұтовтың «Жансебіл» атты тұңғыш кітабының тұсауы кесілді.

Ауылдағы ақынға құрмет

Бір қарағанда бұл бір әдет­тегі оқиға сияқты. Бүгінде жа­ңадан шығып жатқан кітап көп. Құдайға шүкір, қазақта ақын да аз емес. Ендеше, мұны неге айтып отырмыз?!

Айтайық. Абылайхан – ала­қандай ауылда «қойын құрттап, айранын ұрттап» жүрген қара­пайым ғана қазақ баласы. Маң­дайына өнер, таңдайына өлең жазылғаны болмаса, ауылдан ұзап шығып, үлкен ортаны көр­меген. Керісінше «сүрініп кетіп, бүлініп кете жаздаған» тағ­ды­ры бар талайлы жас болатын. Жүрегін жарып шыққан шынайы жырларын ара-тұра әлеуметтік желіге салып қоятыны болмаса, жеке жинақ шығарып, өз кіта­бына қолтаңба беріп отырам деп ойламаған да.

Міне, сол Абылайхан бір күнде Ақжайықтың жалпақ жұр­тына әйгілі болды. Жас ақын­­ның өлеңдері бір жерге жина­лып, әп-әдемі кітап болып шық­ты. Оны шығарған – орал­дық «Рухтастар» деген топ екен. Топ мүшелері үндемей-түнде­мей, ешкімге жар салмай, өздері ортаға ақша жинап жіберіп, жеке баспадан жарқ еткізген!

– Абылайханды сыртынан көптен білеміз. Туған жерінде жатып алып, өлеңнен алыстаған жоқ. Қолына түскен кітабын оқып, жүрек сөзін параққа тү­сіру­мен келеді. Талантты жігіт. Абылайдың өлеңдерін жи­нақ­тап, кітап етіп шығару жыл басынан бері миымызда жүрген мәселе еді. Ақыры нүктесін қой­­дық, – дейді Асан-Темір Қар­шы­ғаұлы.

Асан-Темірдің өзі де ақын, Қазақстан Жазушылар одағына мүше болғанына көп уақыт бол­ған жоқ. Ел ішінде елеусіз жүрген жас дарынға мұндай қол­дау қаншалықты қажет екенін жан-тәнімен түсінгенінде сөз жоқ.

Айта кететін жайт, «Рух­тас­тар» тобы «Жансебіл» кітабының тұсаукесерін Орал қаласында, театр төрінде, жырсүйер қауым­ның ортасында өткіземіз деп жоспарлаған екен. Алайда автор өтінішін айтыпты: «Менің жақсылығыма менен артық қуанатын асыл анам бар. Ол кісі ауылдан ұзап шыға алмай­ды, өйткені қартайған анасын бағып отыр. Сондықтан кітаптың тойын туған ауылда өткізсек...». Осы­лайша, шағын ғана Қа­дыр­құл ауылы аяқастынан жыр кешінің орталығына айналды. Жиырмаға жетер-жетпес түтіні бар ауылда мұндай шара көптен өтпеген де шығар. Өйткені қызыл отау – клуб та жоқ қой. Он оқушы ғана оқи­тын бастауыш мектептің ең үлкен бөлмесі сол күні поэзия пат­ша­лығына орын берді. Рухтастар ақынның анасын да құрметтеп, иығына қамзол жауып, гүлмен көмкерді. Аядай ауылда өткен жыр кешіне қатысқан әр адам әлеуметтік желіде әсерін тауыса алмай жазып жатыр...

* * *

Біз Оралда «Рухтастар» ат­ты топ құрылып, бірқатар игі ша­раға мұрындық болып жүргенін бұдан бұрын да ес­тігенбіз. Бір қызығы, еш жерге ресми тіркелмеген, күнделікті қоғамдық-саяси шараларға араласпайтын бұл топтың мақсат-мүддесі тереңірек екен.

– Біз отбасымызбен араласып, дастарқандас болып жүр­ген он-он бес жан едік. Осындай отырыстардың бірінде қолдан келгенше қоғамға пайдалы іспен айналысып, неге әрекет етпеске деген ой туды. Бұл идея бәрі­мізге ұнап, бір-бірімізді бірден қол­дап кеттік, – дейді Асан-Темір.

«Рухтастар» тобында ақын да, әкім де, әнші де, есепші де, құт­қарушы, журналист, полицей, мемлекеттік қызметкерлер де бар. Бәрімізді біріктірген нәрсе – рухани орта іздеуіміз. Ой, ниет, тілегіміздің бір жерде тоғысуы. «Өзі үшін оттаған хайуанның бірі болмай», қал-қадерімізше қоғамға пайдалы іс жасау. Ол қолымыздан бірде келіп, бірде үйлеспей жатады. Ниет түзу, жоспарымыз көп»,  дейді осы ұйымның тағы бір белсендісі Ардақ Мұратқызы.

Топ мүшелерімен сөйлес­кен­де байқағанымыз, олар негі­зінен Орал қаласында рухани орта қалыптастыруды, ойлы, ізгі істерге ұйытқы болуды мақ­сат еткен екен. «Алдымен руха­ниятқа қызмет еткен, әлі де еңбек етіп жүрген аға-апаларымызды тыңдап, оларды ұмыттырмау. Басқа сала үздіктерімен де кез­десіп, олардың ісін насихаттау. Қазақтың сөз өнерін, ат­бегілік дәстүрін, жыр-тер­ме­сін дәріптеу. Осы тақы­рып­­тар­да еркін кештер ұйым­дас­тыру. Ешкімге ақыл айтпай, өзгеге өзіміз үлгі болу. Жай еңбек­қорлығымызбен, өне­гелі ісі­мізбен, абыройлы қыз­мет, адалдығымызбен ғана кө­ріну. Жалпы, қоғамда олқы тұр­­ған, жетпей жатқан, кемшін соқ­қан тұстарды да айтып, аза­маттық үнімізді білдіру. Би­лік­ке ой салатын, қозғау бола­тын ұсыныстарды көтеру». Міне, тір­келмеген «Рухтастар» ұйы­мы­ның жазылмаған жарғы­сы осындай.

 

Батыс Қазақстан облысы