Әдебиет • 28 Қыркүйек, 2022

Парасат майданы

772 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бала күні оқыған әлдебір Ливан жазушысының «Керең» атты әңгімесі еске түседі. Керең адам балтасымен үздіксіз ағаш діңгегін шауып жатады. Бірақ құлауға айналған ағаш сықырын естімейді. Шаба береді, шаба береді... Ақыры алып ағаштың астында қалып мерт болады.

Парасат майданы

Әр адамды жеке ғаламшар ре­тінде қарар болсақ, сол ғаламшар­ды нұрлы, мейірлі, иман мен адам­дық тоғысқан атмосферада сақтап тұру қажырлы күресті талап етеді. Осы күрес жолындағы жігер – шын жігер, майрылмас жігер. Жазушы Төлен Әбдікұлының «Парасат майданы» шығармасын оқып отырып кейіпкер болмысынан әділет, ар үшін болған күрестің азапты табын сезесіз. Бас кейіпкер өзін мазалаған сансыз сұрақтарды қағаз бетіне түсіріп, күнделік жүргізеді. Бір күні жазған ойларын оқып та­нысқан беймәлім жаннан хат алады. Хатта жан азабын шегушінің пікірлеріне қарсы дәйектер айтылып, өзгеше тұжырымдар баяндалады. Ғұмырда тек қана ізгіліктің ғана емес, зұлымдық пен өтіріктің де адамдар үшін пайдаға асатынын, өмірдегі қараулық деп саналатын бағыттардың да ақты дә­лелдеу үшін қызмет ететінін тіл­ге тиек етеді. – «Өтірікті жек кө­реміз. Ал сол Өті­рік адамдармен айтысатын болса: ­ –Ау, ағайын! – дер еді. – Бәріңнің күн көріп отыр­ғандарың менің арқам емес пе? Ыңғай шындықты айтамын десеңдер, баяғыда тоз-тоз болып, құ­рып кететін едіңдер. Менің ар­­қам­да қанша рет жан сақтап жүрсіңдер...»

Жазушы адамның ішкі құнды­лықтарының сыртқыға қараған­да маңызды екенін айтып, шұбар жы­ландай ирелеңдеген жаман ой, арам пиғыл үшін адамдарды сот­тайтын заң жоқ екеніне күйі­неді. Солайша барлық көріксіз ғадет­тер­­дің алғаш рет сол ой, ниет, жү­рек­тен пайда болатынын алға тартады. Кейіпкер түпсіз құрдымның түбіне құлағандай, бір сәт те санасын осқы­лаған ойлардан босана алмайды.

– «Миллиондаған, миллиард­та­ған жылдармен өлшенетiн кос­мос­­тық дәуiрдiң бiр тұсында жар­қы­ра­ған күннiң де әйтеуiр бiр сө­не­тi­нiн, адамзат ғұмырының да мәңгi емес екенiн ақылмен түсiнуге бола­тын секiлдi. Бiрақ бүгiнгi бүкiл жүй­ке-тамы­рыңмен сезiп тұрған анық тiршiлiк, рухани әлем: адам баласының жарық дүниеге келгеннен бергi бастан кешкен тарихы, қызығы мен қасiретi, үмiтi мен өкiнiшi, сан мың жылдар бо­йына сананы сарғайтып келген па­расат биiгi – рақымшылдық, жа­на­шырлық, аяушылық, жақсы көру­шiлiк, iзгiлiк жолындағы жан­пидашылдық тағы басқа тiршiлiктiң мәнiне айнал­ған әулие қасиеттер – осының бәрi мәңгiлiк түнекке сiңiп жоқ болады дегенге көңiл шiркiн көнгiсi келмейдi».

Иә, бүгінде көзді арбаған кө­гілдір-сары жылтырақ әлем адам­дарға жанашырлық, аяушылық, ізгілік жайлы үлкен ұғымдарды ойлануға мүмкіндік бермей, өткін­ші еліктірмелерімен уақытын ұр­лауда. Барлық бос шашақтарды сер­пе тастап, ғаламның негізін құ­ра­ған мәңгілік құндылықтар туралы ойға қалып, оларды таразыға салатындар сирек. Бас кейіпкер осы бір қауіпті тенденцияның өрттей өршігеніне құлазып, күмәнға батады.

– «Жалпы, iзгiлiк пен зұлым­дықтың табиғаттағы арасалмағы бiрдей, тек сол тепе-теңдiктi сақтай бiлу қажет деген пiкiр, менiңше, жаңсақ пiкiр. Iзгiлiктiң көлемi зұ­лымдықпен ешқашанда тең бол­ған емес. Себебi iзгiлiктiң жолы жiңiшке. «Қиянат жасаудың мың түрi бар, ал қиянат жасамаудың түрi бiреу-ақ, ол – тек қиянат жасамау» деген бiреудiң сөзi бар. Сондықтан қолыңнан келсе, жасайтыныңды iзгiлiкке жаса. Ал зұлымдық сенiң әлпештеуiңдi қажет те қылмайды». Жазушы шығармасында ізгілік пен жауыздық, ақ пен қара теңдей талқыға түскенмен, соңында ізгілік жағы басым түсіп, оған ерекше мән беріліп отырады. «Ізгіліктің жолын жіңішке» көретін гуманистік ойлар ақылға нұр құйып, жақсы таңға, шуақты күнге деген сенімді арттырады. Шығармада: «Өз басым бақыттымын деп айта алмаймын. Өмiрдегi осынша қиянат пен әдiлетсiздiктi көре тұрып, және одан құтыла алмасыңды бiле тұрып, қайтып бақытты боласың?» – деп кейіпкер бақыт жайлы ой қозғай­ды. Шынында, ойлы адамдардың бақытсыздығы – Құдай әділетпен жаратқан жер бетіндегі пенделер­­дің әділетсіздігі мен мейірімсіздігі­нен, нем­құрайдылығынан тумақ. ­Бар­лық адам үшін бір өзі оттың ­ауызын қал­қалауды қалайтын ұлылар қауы­мы миллиондаған адамдар­дың ба­қыт­сыздығына қалай селт ет­песін? «Хал­­қым надан болған соң, қай­да ба­рып оңайын?» деген хакім дана­лы­ғы ой қозғарлық.

Біздіңше, Төлен Әбдік – ақыл-ойы ерте оянған, идеологиялар құ­­растырған жасанды шеңберден ерте аулаққа көшкен жазушы. По­вес­­те: «Ескi ұғым, ескi қағида, ес­кi дағ­ды бiздiң ақыл-ойымызды буып, шын­дық пен ақиқаттың жүзiн дұ­­рыс көр­сетпейдi» деген жолдар ке­зігеді. Қаламгердің советтік жыл­дарда жа­зылған қай шығарма­сын оқы­сақ та, терең түбінен сана тә­уел­сіздігі, ұлт бостандығын көк­се­ген азаттық арманы манардай мен­­мұн­далайды. Тек арман ғана емес, сол арманға деген алаулы, рух­ты, ақшаңқан сенім­ді бай­қай­мыз. Сірә, жазушының біз сүйетін рухани тұғыры – еркін­дік­құмар болмысында жатса керек.