Әкесі Серафим отбасымен 30-жылдардың соңына таман Карелияға қоныс аударыпты. Карелияның батысы кезінде Финландияның бір бөлігі болған. Ал 1939 жылы фин соғысының оты тұтанды. Сол тұста финдер үйлерін тастап, көше бастады.
– Финдердің бос қалған үйлерін сырттан келіп, алушылар көбейді. Олар бізді өздерімен бірге тұрып, шаруашылықпен айналысуға шақырды. Біздің отбасымызда әжем, əке-шешем, 9 бала – барлығы 12 адам бар еді. Отбасымызбен сол жаққа көшіп бардық. Әрине, күнделікті күйбең тірлікпен жан бағудың қамына кірістік. Сөйтіп жүргенде 1941 жылы неміс-фашист басқыншылары Кеңес Одағына тұтқиылдан соғыс ашты. Міне, осы кезде үйлерін тастап кеткендер кері оралды. Біз бір сәтте баспанамыздан айырылып, босқынға айналдық. Басқыншылар біз секілді босқындардың бəрін тұтқынға алды, – дейді Екатерина Абсатырова.
Оның айтуынша, тұтқынға түскеннің бәрін концлагерьге қамаған. Құрамында 12 мүшесі бар оның отбасы үш концлагерьде болған. Алдымен 1941 жылы сол елдің аумағындағы Юрокко лагеріне жіберілген. Кейін Ханко жартыаралындағы концлагерьде, содан соң Финляндияның астанасы – Хельсинки қаласына таяу орналасқан осындай тікенек сыммен қоршалған лагерьдің «дәмін» татты.
– Отбасымызбен бірге концлагерьге түскенде 10 жастағы баламын ғой. Концлагерьдегі азапты күндер әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Сол күндерді ұмыта алар емеспін. Тұтқынның аты – тұтқын. Суық барактың тақтай төсегінде аштықтан бұратылып жатып, талай таңды ұйқысыз атырдық. Қорлықтың түрін көрдік. Сол қорлықтан босайтын күнді аңсап, үш жыл үш ай күттім ғой. Концлагерьдегі үш жыл мені ерте есейтті, – деп күрсінеді 91 жастағы кейуана.
Екатерина Абсатырова отбасымен бірге концлагерь тұтқынынан 1944 жылы босап шыққан. Нақтысында оларды тұтқынға түскен жау солдаттарымен алмастырған. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін асханада аспаз, госпитальда санитар секілді жұмыстарды атқарған. Сондай күндердің бірінде асханаға жеті солдат тамақтануға келген. Соның бірі – Вагаф Абсатыров.
– Бастапқыда болашағымды осы жігітпен байланыстырамын деген ой болған жоқ. Оның туып-өскен жері – сол кездегі Гурьев облысының Теңіз ауданы. Осы аудандағы жетімдер үйінде тәрбиеленген ғой. Біраз уақыт сөйлесе жүріп, дос болып кеттік. Кейін ол маған үйленгісі келетінін айтып, ұсыныс білдірді. Сөйтіп, 1950 жылы отбасымызды құрып, батыс Сібірде 13 жыл тұрақтап қалдық. Өйткені күйеуім Ленинградтағы ІІМ мектебін бітірді. Сол кезде жас лейтенантты Кемеров облысына жолдамамен жұмысқа жіберді. Отбасымызда алдымен Лидия қызымыз өмірге келді. Кейін Анатолий есімді ұлымыз жарық дүние есігін ашты. Күйеуім Вагаф туған жерін жиі есіне алып, оралуды көздеді. Әрине, мен оған қолдау білдіріп, 1968 жылы Атырау қаласына көшіп келдік, – деп күйеуін сағына еске алды ол.
Атырауға оралған соң күйеуі мұнай компаниясында инженер болып, азаматтық қорғаныс саласында дәріс берген. Ал өзі локомотив депосына жұмысқа орналасып, машинистердің демалыс үйінде кезекшілік атқарды. Сол деподан зейнетке шықты. Қазір концлагерьдің кәмелетке толмаған тұтқыны ретінде соғыс ардагеріне теңестірілгендердің санатына алынып, түрлі жеңілдікті пайдаланады.
– Менің бір ғана тілегім бар. Бұл – бейбіт өмір. Бұдан былай соғыс өрті тұтанбағанын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғанын қалаймын. Бүгінгі ұрпақ жоғары білім алып, қиындықсыз, бақуатты өмір сүрсе екен, – дейді концлагерь тұтқыны Е.Абсатырова.
Концлагерьдің тұтқынында үш жылдан аса болып, ерте есейген кейуана екі немере, бір шөбере сүйіп отыр.
Атырау облысы