Пікір • 03 Қазан, 2022

Жеті жыл – жеткілікті уақыт

370 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Президенттің мандатын қайта сайлау құқығынсыз, 7 жылдық бір мерзіммен шектеу жөнінде ұсыныс айтты. Бұл бастама ел арасында, сарапшылар ортасында және әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Түрлі пікірлер туындады. «Президент бес жылға бір, сосын жеті жылға бір рет қайта сайлана ма?» деген сұрақтар да болмай қалған жоқ.

Жеті жыл – жеткілікті уақыт

Жалпы, республика жұртшылы­ғы бұл ұсынысты негізінен ізгілікті демократиялық қадам деп бағалап, қолдады. Алайда жасыратыны жоқ, «бұл өзгерістер таяу мерзімде жүзеге аспайды» деушілер де болды.

Күдік пен сенімнің тайталасы болғандықтан, Парламент Мәжі­лісінің депутаттары президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсыныс енгізді, ол жаңа үлгі бойынша президентті екінші мерзімге қайта сайлау құқығынсыз, 7 жылдық бір мерзімге сайлау тәсілімен өтеді.

Сол себепті Конституцияға президент сайлауы өткеннен кейін емес, оған дейін тиісті өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Бұл өз кезегінде жоғарыда айтылған мәсе­лені құқықтық жолмен реттейді. Осылайша, президенттік өкілеттіктің жалпы мерзімі екі мерзімнен бір мерзімге, яғни 10 жылдан 7 жылға дейін қысқарады.

Президенттік мерзімнің бір рет қана болуы Конституцияның жаңа ережелерінің өзгермейтіндігін белгілеумен қамтамасыз етіледі. Қазақстан Республикасының Консти­туциясы 91-бабының 2-тарма­ғында белгіленген мемлекеттің тәуел­сіз­дігінен, республиканың біртұ­тастығы мен аумақтық тұтастығынан, оны басқару нысанынан басқа, қайта сайлау құқығынсыз бір реттік 7 жылдық президенттік мерзім туралы жаңа норма қосылады, ол тиісінше Конституцияның өзгермейтін прин­циптері болып қалады.

Президенттік лауазым – ең алдымен ұлы жауапкершілік. Бүкіл халықтың, тұтас мемлекеттің тізгінін ұстайтын тұлға білімді, білікті болуымен қатар аса үлкен жауапкерші­лікті сезінуі шарт. Сөз бен іс үйлесуі керек. Жеті жыл – кез келген мемлекет басшысы үшін сайлауалды бағдарламасын мүлтіксіз орындауға жеткілікті мерзім.

Адамзат тарихы осындай алды-артын болжап болмас саяси-әлеуметтік, турбулентті құбылыстарды бастан кешіп отыр. Қазақ қоғамының да басынан алағай да бұлағай кезеңдер көшіп жатыр. Сондай кезеңдерде елдің көшін – ер түзесе, әділетті ердің ісін – ел жақтаса керек.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Жанарбек ӘШІМЖАН,

Мәжіліс депутаты