Пікір • 04 Қазан, 2022

Саяси реформа – уақыт талабы

501 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде жаңа сайлау науқаны басталды. Қазақстан Прези­дентін сайлау қоғамда қолға алынған саяси рефор­малардың жалғасы ретінде қабылданды. Әлемдегі қазіргі күрделі геосаяси ахуал ел үкіметтері үшін жаңа сын-қатерлер мен қиын шешімдер қабылдауды талап етіп отыр.

Саяси реформа – уақыт талабы

Бұл оқиғалар саяси ғана емес, халықтың әлеуметтік және эко­номика­лық жағдайына тікелей әсер етіп жатқа­нын байқаймыз. Еуразия континген­тіндегі соңғы оқиғалар білім және ғылым саласын да сырт айналып өт­пейді. Себебі елдің тұрақтылығы бар­лық саланың дамуына тікелей әсер етеді.

«Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табыс­ты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауы­на баруға дайынмын», деді Мем­лекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында.

Осы орайда елімізде 20 қара­шаға жоспарланған Президент сайлауын Еуразия аймағында қалыптасып жатқан жаңа жүйенің бастауы деп қабылдауға болады. Себебі соңғы оқиғалардың салдары қазірдің өзінде біліне бастады. Еуразия, оның ішінде Орталық Азия аймағы жаңа кезеңге аяқ басты. Ең алдымен, саяси реформалар ауадай қажет. Бұрынғы ереже мен тәртіп келмеске кетті. 20 қарашадан кейін саяси аренада бірнеше мерзімге созылатын президенттік жүйе де ескінің қатарында қалмақ.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл­ғы сайлаудың басты ерекшелігі бар. Бірінші рет Президент бір мерзімге 7 жылға сайланбақ. Бұл елдегі биліктің монополиялануына жол бермейді. Осылайша, демо­кра­тиялық құндылықтар орныға түседі. Жалпы, мұндай тәжірибе әлемде бар екенін айта кеткен жөн.

Елімізде бірнеше жыл бұрын қолға алынған саяси рефор­маның тарихи талдауы мен бағасы бола­шақтың еншісінде. Бұл тақы­рып­та саясаттанушы ғалым­дар мен зерттеушілердің еңбектері қажет. Еліміздегі саяси оқиғалар отан­дық ғалымдардың ғана емес, ТМД және Орталық Азия елдерін зерт­теп жүрген халықаралық ғылы­ми қоғамдастықтың да қызығу­шылығын тудыратыны анық.

Саяси модернизация уақыт талабы ғана емес, мемлекет тұрақтылығы мен дамуы үшін басты қажеттілікке айналды.

 

Лаура ҚАРАБАСОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры