Қоғам • 04 Қазан, 2022

Реновация – түбегейлі жаңарту немесе биік үйлердің де проблемалары аз емес

314 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде «реновация» сө­зінің қолданылу ауқымы әлдеқайда ке­­ңейіп, құрылыс са­ла­сына да дендеп енді. Бұл үдеріс ескі ны­сандарды сүріп, олардың орнына жаңа құ­рылыстар тұр­ғызу­мен ғана шек­тел­мей­ді. Оған кешенді құ­рылыс жүргізу ар­қы­лы азаматтардың қо­лайлы өмір сүр­уін­е жағдай туғызу, тұр­мыстық қауіп­сіз­дік шараларын қам­тамасыз ету, аумақ­тар­ды, көше-жол бойларын абаттандыру, кө­гал­дан­ды­ру, әлеу­мет­­тік желілерді ке­ңе­й­­ту құзы­реті мін­дет­тері де кі­реді.

Реновация – түбегейлі жаңарту немесе биік үйлердің де проблемалары аз емес

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жергілікті жерлерде де қала­лар­дың келбетін жаң­ғыр­татын, ай­рықша көрік бере­тін үрдіс пайда бол­ды. Елімізде 2,8 мың көпқабатты үй ескірген, оның ішінде 788-і апатты деп танылған. 2022-2025 жылдар аралығында 251 үйді бұзу белгіленген, оның ішінде Қызылжар өңірі де бар. Кей оқырманның «Шағын қалалар үшін реновация бағдарламасының қаншалықты қажеті бар?», деген сауалын біз облыстық Құ­рылыс бас­қармасы бас­шы­сының орынбасары Абай Лесбековке қойған едік.

Басқарма өкілі көпқабатты үй­лерді қала шетіне салу оңа­йырақ болғанымен, инфра­құ­рыл­ымға жұм­салған қаражат өзін өзі ақта­май­тынын айтады. «Себебі жылу, комму­ни­кациялық жүйелерді алыстан тарту оңай шаруа емес. Қо­ғамдық көлік қатынасы да қиындайды. Пайдалану мер­зімі біткен үйлердің көбі қала орталығында орна­лас­қан­дықтан амалсыз сүруге тура келеді. Сондықтан қала­лық­тардың өмір сүру сапасы мен құрылыс саласына инвестиция тар­туға бағытталған рено­ва­циялауға үлкен басымдық бе­ріп отырмыз. Бір ғана «Ко­пай» шағын ауданын алып қарайық. Бұл шағын ауданның жаңартылмағанына жарты ғасырдан асты», деді мәселені жан-жақты түсін­ді­ріп өткен А.Лесбеков. Құ­ры­лыс басқармасы басшысы орын­басарының айтуын­ша, қазір өңірде «Жаңа қала» де­ген үлкен жоба қолға алынды. Жоба бойынша 117 ескі же­ке­меншік баспана сү­рі­ліп, 2,8 мың пәтерлік 27 көпқабатты үй, сондай-ақ балабақша, мектеп, емхана тұрғызылмақ. «Ал орталық шағын ауданда 120 ескі баспана бұзылып, көп­қабатты үш үй бой көтер­ді. Олардың жанынан бала­бақ­ша, спорт кешенін салу жоспарланған. Студенттерге арналған үш жатақхана пай­да­лануға беріледі. «Бере­ке» ша­ғын ауданында 2,7 мың пә­терлік 30 көпқабатты үй тұрғызылды. Тұтастай ал­ған­да, 50 алаңда құрылыс жү­ріп жатыр. Алдағы уақытта олардың саны 61-ге дейін жетпек. Сөйтіп, тұр­ғын үй құрылысына салынатын инвестицияны үш есе арттыруға мүм­кіндік алдық. Бұдан еш­кім ұтылмасы анық», деді Абай Лесбеков. Басқарма қызметкерінің айтуынша, қала халқы жыл өткен са­йын кө­бейіп келеді. Былтыр 7 мың адам көшіп келсе, үй кезегінде 15 мың адам тұр. Былтыр 350 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілсе, биылғы меже – 410 мың шаршы метр. Алдағы бес жылда 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілмек, бұл 21 мың пәтер немесе 70 мың адам баспанасын жақсартады деген сөз.

Дегенмен бұл мәселе төңі­регінде пікірлер әрқилы. Облыс орталығында ең зәу­лім тұрғын үй кешенінің биік­тігі – 18 қабат. Биыл қа­ла­ның бас жоспарына сәйкес 30-35 қабатты үйлер салынбақ. Тұрғындар осыған алаңдаулы. «Қала батпақты жерде орналасқан, осы жағы ескерілмеген. Төтенше жағ­дай­лар бола қалған жағ­дай­да құт­қарушылардың қалай әре­кет жасары белгісіз», дейді. Жаны бар сөз.

Жуырда облысқа жұмыс сапармен келген Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин 10 қабатты үйлерде тұратын адамдарды қауіпсіз жерлерге шығаратын арнайы құралдардың жоқтығын айтып, шарасыздық танытты. Облыстық құрылымға тиесілі техникалардың 77,6 пайызы ғана жаңарған. Өкініштісі сол, қаржы жоқтығынан 22 қабатқа дейін су жет­кізетін заманауи жабдықты сатып алу мүмкін болмай тұр. Бағасы – 100 млн теңге. 90 метрге дейін су айдайтын жабдық 1 млрд теңге тұрады. Зәулім ғимараттарға шығатын саты да жоқ. Бұдан кейін адамдардың қарапайым қауіпсіздігі туралы сөз қозғаудың өзі артық. Екіншіден, құрылыс компаниялары кадр жетіс­пеушілігіне жиі шағымданады. Алайда жазда студенттер еңбек етуге құлық танытқанымен, жұмыс берушілер арнайы мамандығы жоқтығын сылтауратып, ат тондарын ала қашады. Өздеріне жүктелген міндетті жа­уапкершілікпен атқарудың орнына ұзын арқан, кең тұсау салатын құрылыс ұйымдары аз емес. Таяқтың бір ұшы істің ұтымды жолын таппай отырған аудан, қала әкімдеріне тиеді. Өңірде жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеумен айналысатын мекемелер үшеу ғана. Сырттан тартылған мамандар теріскейдің ерекшеліктерін жете білмегендіктен, жобаларға көп түзетулер енгізіліп жатады. Құрылыс материалдарының дені әлі шеттен әкелінеді. Әлемдік нарықтағы күрделі жағдай бағаның күрт қымбаттауына соқтырып отыр. Үшіншіден, жеке сектор тұрғындары тарапынан тозығы жеткен баспананы сүруге келісім бермейтін жайттар да ұшырасады. Олар үй кезегіне тұру міндетті емес деген жеңілдікті түсінгілері келмейді. Төртіншіден, қалалық әкімдік шенеуніктерінің қызмет бабын асыра пайдаланып, сыбайлас жемқорлыққа ұрынатын оқиғалар да кездеседі. Былтырлары «бармақ басты, көз қыстымен» тұр­ғындардың баспаналарын өз аттарына жаздырып, қордан заңсыз үй беру фактілері әшкереленді. Бесіншіден, өңірде бір шаршы метр тұрғын үйдің бағасы көтеріліп, 11-18 пайызға қым­баттаған.

Жақында ірі құрылыс мекемелері және инвесторлардың қатысуымен өткен республикалық форумда өңір­де құрылыс жүргізілетін шағын аудандар, мемлекеттік қолдау шаралары, инвесторларға берілетін жер телім­дері, қамтамасыз ету тетіктері таныстырылды. Сондай-ақ іс-ша­рада реновация бағдарламасы шең­берінде жаңа архитектуралық ше­шімдер қабылданатыны, баспана қоры жаңартылатыны, Петропавлдың аумағы өзгертілмейтіні, көпқабатты үйлер қаланың ішінде салынатыны айтылды. Өйткені мамандардың айтуынша, қаланы далитып соза берсе, жылу, газ, көлікпен қамтамасыз ету секілді әлеуметтік проблемалар түйткілге айналып, жағдай күрделеніп кететін көрінеді.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

журналист

 

Солтүстік Қазақстан облысы