Қарқаралы топырағынан шыққан сахна саңлағының есімін ұрпақтар жадында мәңгі қалдыру үшін тағы бір ілкімді іс туған жерінде жүзеге асты. Атап айтқанда, Үкімет қаулысымен туған топырағында, Қарқаралы аудандық мәдениет үйі бұдан былай Шолпан Жандарбекова есімімен аталмақ.
– Белгілі қазақ актрисасы Шолпан Жандарбекованың есімін беру туралы шешім Үкіметтің қаулысымен бекітілген. Енді Мәдениет үйі актрисаның есімімен аталады. Мәдениет үйінің сахнасынан біздің атақты жерлесіміздің ізбасарлары көптеп шығарына сенім мол, – дейді Қарқаралы ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Баршын Жұмаханова.
Өмірі өнермен егіз өрілген Шолпан Жандарбекова 1922 жылы 1 қаңтарда Қарқаралы ауданы Милыбұлақ ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы театр-көркемсурет училищесін тәмамдаған. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрының актрисасы болған Ш.Жандарбекова 200-ден астам рөл сомдапты. Сонымен қатар кино саласында да, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында да ізі қалған.
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы