Жағырапиялық жағынан қолайлы, Батыс және Шығыс Еуропаға ең жақын орналасқан облыстың экономикалық әлеуеті өте зор. Бұған дамыған көлік инфрақұрылымын, жерасты табиғи байлығы мен кәсіби білігі жоғары мамандар шоғырын қоссаңыз, өңірдің инвестициялық тартымдылығы арта түседі. Өз кезегінде облыс басшылығы да мұнда келген инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға тырысып келеді. Кәсіпкерлікті қолдау, олар үшін «бір терезе» қағидасы әу бастан жақсы жолға қойылған.
«Барлық ықтимал инвесторларды біздің Ақжайық өңіріне шақырамыз. Оларға жан-жақты көмек көрсетуге әрқашан әзірміз. Біздің экономиканың негізгі бағыты – мұнай-газ саласы, агроөндіріс кешені және машина жасау өнеркәсібі», дейді облыс әкімі Ғали Есқалиев.
Форумнан күткен нәтиже
WestKazInvest халықаралық инвестициялық форумы – облыстың инвестициялық әлеуеті мен жобаларын жан-жақты таныстырып, жаңа өндірістерді локализациялау, сауда-экономикалық байланыстарды орнату мақсатында өтетін дәстүрлі жиын. Кейінгі жылдары пандемия себебінен сәл іркілген басқосу биыл қайта жанданды. Қыркүйек айының соңғы аптасында Орал қаласында Түркия, Израиль, Португалия, Ұлыбритания, АҚШ және Ресей Федерациясының бизнес жетекшілері, даму институттары өкілдері WESTKAZINVEST-2022 халықаралық инвестициялық форумында бас қосты.
– Батыс Қазақстан облысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға дайын, – деді Ғ.Есқалиев.
Ал облыс әкімінің кеңесшісі Арбат Рахымбаев қазіргі қалыптасқан әлемдік экономика жағдайында облыстың логистикалық әлеуеті облысты дамытуға серпін беріп, инвестиция ағынына жол ашатынын айтты. Әлем бойынша азық-түлік қауіпсіздігіне төнген қатер жағдайында португал-израильдік кәсіпкерлер қазақстандық ауылшаруашылық жобаларға инвестиция салуға ниетті екенін форум қонағы Жиль Фернандо Тайниа Виейра да жасырмады.
Форум қорытындысында ресейлік Саратов сүт комбинаты, Орынбор поликарбоксилат зауыты жергілікті Aqjaiyq әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен әріптестік жөнінде меморандумға, сондай-ақ облыста жалпы құны 105 млн еуро болатын құс фабрикасы жобасын іске асыру бойынша жол картасына да қол қойды. Айта кетейік, форумға Ресейдің Саратов облысынан 20-дан астам компания қатысқан болатын. Делегация жетекшісі Иван Бабошкин өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетіне инвестиция салуға дайын екенін жеткізді.
Тұрақты кеңесті ұнатты
Өңірге инвестиция тарту, инвестициялық климатты жақсарту және экспортты ілгерілету жөніндегі кеңестің отырысы облыс әкімінің төрағалығымен тұрақты жиналып тұрады. Кеңес талқысына түсіп, қолдауға ие болған жобалардың тамырына қан жүріп, шынайы жүзеге асып кетуіне мүмкіндік көп. Жақында облыс әкімдігінде өткен осындай кеңес отырысында жаңа инвестициялық төрт жоба қаралды.
Жобаның бірі – Теректі ауданында, Орал – Ақтөбе автожолы бойындағы сервис құрылысы. «Ихсанов» жеке кәсіпкерлігінің қаржы директоры Диля Жұбаева таныстырған бұл жоба Подстепный ауылы маңында салынбақ. Нысан құрылысының алғашқы кезеңінде мұнда қонақүй мен кафе бой көтеріп, паркинг жасалады. Осы құрылысқа инвестор 50 млн теңге жеке қаражатын жұмсамақ. Құрылыс жұмыстарын инвестор жыл соңында бастап, 2023 жылдың соңында аяқтауды жоспарлаған екен. Жобаның екінші кезеңінде кешенде көлік жуатын орын, жанар-жағармай бекеті, монша және көлік жөндеу шеберханасы ашылмақ. Бұл құрылыстың бәріне 200 млн теңге қаражат жұмсалады. Жеке кәсіпкер өз жобасын жүзеге асыру үшін 3 гектар жер бөліп, инфрақұрылым тартуға көмек сұрады. Кеңес мүшелері жобаны қолдап, бірақ жер телімін бірден емес, кезең-кезеңімен беруге шешім қабылдады.
Тағы бір жоба Орал қаласы маңынан бетон зауытын іске қосуға бағытталған. «АртСтройХолдинг» директорының орынбасары Қуантай Шәріпов М-100, М-350 маркалы тауарлық бетон шығаратын зауыт құрылысына жер телімін бөліп, инфрақұрылым желілерін тартуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетуін сұрады. Бұл жобаның инвестициялық құны – 613,6 млн теңге көлемінде. Жылына 180 текше метр бетон өнімдерін шығаратын зауыт үшін кәсіпкер 10 мың шаршы метр жерге орналаспақ. 10 адам тұрақты жұмыс істейтін бұл кәсіпорын толық қуатына көшкенде жылына 200 млн теңгеден астам салық төлейді.
Кеңес отырысында еліміздегі «Qazbilim мектебі» ЖШС-ның негізін қалаушы Аятжан Ахметжан онлайн қатысып, Батыс Қазақстан облысында жаңа мектеп ғимаратын салатын ойын жеткізді. Теректі ауданындағы Подстепный ауылында салынуы жоспарланған мектеп ғимаратында бір ауысымда 600, екі ауысымда 1 200 бала білім алмақ. Бұл жобаға жұмсалатын инвестицияның шамасы 2,4 млрд теңгені құрайды. Құрылысқа 150 адам тартылады. Мектеп құрылысы биыл басталып, 2024 жылдың ІІІ тоқсанында аяқталмақ.
«Мектебіміз пайдалануға берілгеннен кейін 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қажетті қаржының 70%-ын несиеге алып іске кіріспекпіз. Авторлық оқыту бағдарламасы негізінде білім беретін мектебімізде оқушылар әлемнің үздік университеттеріне түсуге дайындалады. Бұл мектеп өңірде қалыптасқан мектеп тапшылығын азайтып, білім сапасын көтеруге әсер етеді», деді өз сөзінде А.Ахметжан.
Аталған жобалар кеңес мүшелері тарапынан қолдау тапты.
Қарашығанақтың екінші тынысы
Өңірге инвестиция тарту, инвестициялық климатты жақсарту және экспортты ілгерілету жөніндегі өңірлік кеңесте ерекше талқыланып, келешегінен үміт күттірген үлкен жобаның бірі – Karachaganak Green Energy Corporation компаниясының газ өңдеу кешені.
Осы басқосуға арнайы қатысқан компанияның вице-президенті Джованни Капанелли Бөрлі ауданындағы Қарашығанақ газ өңдеу өнеркәсібі кешенінің құрылысы жобасымен таныстырды. Инвестиция көлемі 1,4 трлн теңге шамасындағы бұл ірі жоба «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясынан алынатын газды өңдеу жолымен аммиак және электр қуатын өндірмек.
Жобаға қарағанда, жаңа кешенде
аммиак өндірісі жылына 2-2,5 млн тоннаны, электр қуаты 250-500 МВт-ны құрайды. Кешен құрылысына 1 500 жұмысшы қатысса, кейін зауыт іске қосылған сәттен 1 200 адам тұрақты жұмысқа алынбақ. Жоба бойынша кешен 2027 жылы іске қосылмақ.
«Жоба жүзеге асқанда Қазақстан 2015 жылғы Париж келісіміне сай көмірқышқыл газының ауаға таралу көлемін қысқартады. Сөйтіп, қалпына келетін қуат көзінің үлесін арттырады. Жаңа өндіріс Қазақстанның газ өңдеу саласында жаңа бағытты ашып, тың технологиялық кластер қалыптастырады. Облыс тұрғындарын және өңірдегі кәсіпорындарды арзан көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. Қазақстан өнеркәсібінде жаңадан аммиак-сутегі кластерін дамытады. Сұйық көмірсутегі шикізатынан алынатын табыс көзін арттырады. Қазақстан экономикасын әртараптандыруға қол жеткізеді», деді өз сөзінде Джованни Капанелли.
«Газ өңдейтін зауыт – үлкен жоба. Бұл жобаны жүзеге асыру туралы келісімдер республикалық деңгейде жүзеге асырылады. Біз өз тарапымыздан бұл жобаны басты назарға алып, кешен құрылысына барынша қолдау көрсетеміз», деді өңір басшысы.
Айта кетейік, аммиак ауаға тарап жатқан көмірқышқыл газын азайтуға ықпал ете алады. Көмір жағатын электр стансаларында аммиак қолданылса, зиянды көмірқышқыл газының көлемін жылына 20 пайызға дейін азайтуға болады. Сондықтан да әлем бойынша аммиакқа сұраныс өте жоғары. Аммиак сутегімен тығыз байланысты болғандықтан, аммиак өндіретін ірі зауыт ашылса, Қазақстанның бұл саладағы жетекші рөлі нығая түспек. Қазіргі таңда еліміз сутегі саласында жаңа жол картасын жасап жатқаны белгілі. Еуропа елдері бұл салаға қаражат құюға әзір.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде инвестициялық капитал үшін болып жатқан әлемдік бәсекеге түсуге, Ресей нарығында қызметін тоқтатқан шетелдік ірі компанияларды Қазақстанға тарту үшін қолайлы жағдай жасауға тапсырма берген болатын. Өйткені инвестиция – экономиканы дамытатын, халықтың әл-ауқатын арттыратын және ел тыныштығына кепіл болатын ерекше құбылыс.
Батыс Қазақстан облысы