Әдебиет • 10 Қазан, 2022

Тартысқандардың тақсіреті

218 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетінде көкпар тақырыбына арналған шығармалар аз емес. Прозада да, поэзияда да баршылық. Біздің елде, сонымен қатар түркітектес халықтар арасында кең тараған ойынның түрі (ойыны осылғырдың ойыны мұндай болғанда, шындағаны қандай болмақ сонда?). Біздіңше, ойынның да, спорттың да атасы осы көкпар. Жігіттің жігіті, ердің ері тартады мұны. Тіпті маңайлай алмайтындарды да көргенбіз. Қазақ даласында екі мың, мүмкін үш-төрт мың жылдан бері бүгінге жалғасқан жорықалды «майдан» дерсіз. Оны да көзімен көрген немесе доданың ішіне кірген біледі.

Тартысқандардың тақсіреті

Алғаш 15-ақ жасында жазған Дүкенбай Досжанның «Көкпары» сондай туынды. Доданың арасынан берілген репортаж. Көкпардың ең ауыры – дода. Ауылда үлкендер «басталды ма жынды көкпар?» дейтін. Сол жынды көкпарыңыз – дода. Жүз, екі жүз аттылы бір серкеге таласады, оңай ма? Өлген-тірілгенін білмейді жігіттер. Кескілескен ұрыс секілді сыртынан қарағанда. Талайы мерттігеді. Мертіккені былай тұрсын, жазым болады, өлім құшады. Сонда да қоймай көкпар тартады қазақ! Неге? Жазушы Дүкенбай Досжан да осыған тоқталады, көкпар арқылы қазақтың табиғаты мен тағдырына дендейді.

Шығарма бір қарағанда этнографиялық әңгіме сияқты қабылданады. Иә, этнографиялық сипаты бар. Онда көкпардың неше түрі, амалы, түрлі әдіс-тәсілі – бәрі егжей-тегжейлі көрініс табады. Сонымен қатар қыр қазағының, дала қазағының мінез-құлқы, атқа мінсе еліріп кететін асау, тарпаңдығы қылаң ұрады. Қанға сіңген қасиет болғандықтан, «ондай көзсіз ерлік қайда апарды?» дей алмаймыз, бірақ...

Жазушының «Көкпар» әңгі­месіндегі Сердалы кім? Әке­ден қалған жалғыз, жай ғана жалғыз емес – қу жалғыз. Шеше, туған бауыр, туыс жоқ, рулас­тары ғана бар қу жалғыз. Әкесі Серіқұл заманында көкпардың пірі атанған жігіттің алды. Ажалы көкпардан келген! Әйелі жылап «барма!» деп қалғанда, әкесі болмай кетіп, ақыры үйіне жетіп жантәсілім еткен. Өлім аузына жетсе де көкпарды бермей ауылы­на қалдырған. Енді әкесі көкпардан өлген Сердалыға сол ойынның не қажеті бар еді? Бір жағынан – қанда бар қасиет, екінші жағынан – еш қамқорсыз жалғыз қалған соң атқа мініп, жылқы бағып кеткен Сердалы. Атқа мінген жігіттің ермегі көкпар емей не болсын?! Үшінші жағынан ауыл ақсақалдарының қамшылар сөзі бар емес пе? «Садағаң кетейін, көкпардың пірі еді. Қырғызалының намысын бермей өтті ғой. Әкесіне тартса, мына көкпар осы баланікі болар. Әкеңді көрген ақсақалдарға көрсет өнеріңді!» деген сөздер қолтыққа дым бүрікпей қоя ма?

Әрине, мұндай сөздерден соң бұл көкпарда да Сердалы жанып түседі. Бірінші көзге түседі. Топты жарып суырылып алып шығады серкені. Атының бірер тері ішінде екенін біледі, жарауы жетпеген. Сөйтсе де қоржындаса тартқанда қатарынан үздік шы­ғып бір байқайды да, Сердалы кө­кпарды тастап, әрірек барып тұрады. Қайтсам ба деген ой меңдейді. Оның үстіне мана ауылдан шығарда біртүрлі қобалжып, жүрегі атқақтағаны есінде еді. Сүйгенін де ойлайды: «Осыдан қолға бірер мал бітіріп қосылсақ! «Қосылмақ боп уәделескен!» Керегі жоқ көкпардың! Жастығын қор етіп бітті. Өздері-ақ намысқа құрбан болып қырқыса берсін. Қасында Қарақыз, алдында бес-он тұяғы болса болғаны. Тыныштық керек, тілемейді артықты». Бұл – Сердалының ішкі ойы.

Солай екіойлы болып тұрған Сердалыға ел үлкендері «доданы бұзсын, намысты жықпасын» деп сәлем айтып жібереді. Сүйгенін ойлап, қайтуға бет алған Сердалыға! Намысқа шапқан қазақ емес пе? Додаға енеді Сердалы. Доданы бұзу деген айтқанға ғана оңай. Тебісіп, қамшыласқан жүздеген аттылыны бір шетінен бұзып-жарып, серкеге таласқан ортасына килігудің өзі қиын. Одан әрі күшіңді асырып, айлаңды қосып, серкені алған күнде қалың аттылыны қағып-соғып шығу деген... Бұл жерде өзі пұшпағынан ұстай алмаса да, киіп-жарып арандатып, серкені тақымдап тартып бара жатқанды сыртынан қамшымен соғып, қастандық қылатын шалдуар дүлейлер көп. Оны автор: «Өздері шығармаса да өзгеге шығартпайды. Сан тосқауыл адамды да, атты да жаншып жібереді», дейді. Тура өмірдегідей, өзіне қатысы болмаса да, қағып тастауға тырысады. Жазушы осы тұсын жеткізе білген көкпардың. Бір оқыған байқай бермеуі мүмкін-ау, қайталап оқығанда көкпар – қа­зақтың өз тағдыры дегендей ойлар­ға жетелейді. Адам тағдырын өзі жасайтынға ұқсайды. Сол ойды суреттейді.

Ауылдың өжет ері, жап-жас, отау құрмаған Сердалының доданы бұзғаны неге керек, соңында өліп тынса?! Әкесі көкпардан өлген жалғыз жігіттің соңында қалған баласы да жоқ. Серт байласып сүйген Қарақызы қалды еңіреп. Қайта әкесі бұдан бақытты екен. Сердалыдай ұл қалды соңында. Мұнда ол да жоқ. Тұл кетті. Оны ойласаң бұл Сердалының да, әкесінің де қасіреті емес, жасынан тартысып өткен жұрттың, қазақ­тың қасіретіне айналып шыға­ды. Атасы кәмпескеленіп аштықтан не репрессияда атылған, әкесі соғыстан қайтпаған жалғыз ұлды ақыры көкпарда өз қазағы тепкілеп, қамшылап өлтіргендей жағдай емес пе? Басында әлгіндей тағдыры бар жетім қазаққа ендігі уақытта тартыса беріп не керек?..