Серікбай Құсайынов 1937 жылы қазан айында Жамбыл ауданындағы Баян ауылында өнерпаздар отбасында өмірге келген. Әкесі Бәри сауда саласында қызмет істегенімен өнерге жақын, балаларын да ән-күйге баулумен айналысқан жан екен. Көпбалалы болғанына қарамастан домбыраның бірнеше түрін сатып алып, отбасылық ансамбль де құрған.
Абзал ағамыз өткен ғасырдың 50-ші жылдарының аяғында ұлтымыздың арда ұлдарының бірі – Ілияс Омаров обкомның хатшысы болғанда музыкалық училищеде ашқызған домбыра курсында бір жыл оқиды. Бұл курс Ілияс Омаров кеткен соң жабылып қалады. Содан Серікбай училищені 2 мың шақырым жердегі Шымкент қаласына барып бітіруге мәжбүр болады. Кәсіби білім алғаннан кейін ол домбыраны облыс көлемінде таратуға бар күш-жігерін салады. Қазақ мектеп-интернатының жанында домбыра курсын жүргізіп, талантты балалардан оркестр де құрады. Ол кездегі үлкен жиналыстардан кейінгі концерттерде қазақшаға көп дегенде екі нөмір ғана беретін. Сондай нөмірлердің біріне Секеңнің оркестрі де ілігіп, бір күй орындайды. Ұлттық құндылықтарымызға құмартып жүрген қазақтар арасынан сол кездегі одақтық бағыныстағы «Союзцеливод» тресінің үздіксіз 25 жыл басқарушысы болған Қаттай Кеншінбаев ағамыз Секеңді өзіне шақырып, оның оркестріне қажетті аспаптардың бәрін әперіп, сахналық киімдерге дейін тіктіріп береді. Осы қамқорлықтың арқасында оркестр ұзақ жылдар бойы елді мекендерді аралап, концерттер қойып, күй өнерінің Қызылжар өңірінде үзілмеуіне өлшеусіз үлес қосты. Сонымен бірге Серікбай ағай музыкалық училище мен интернатта талантты балаларға домбыра тартуды үйретуден де жалықпады. Оның 200-ден артық өнер қуған өрендері бар. Сол жылдарда қала көшелерінде домбыра ұстап жүрген жалғыз Серікбай Құсайынов қана болатын.
Кездесу кешіне халық көп жиналды. Алдымен С.Мұқанов атындағы әмбебап кітапхана мен халық атынан Секеңнің иығына шапан жабылды. Өзі ұзақ жылдар бойы қызмет істеген қазіргі Ә.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған гимназия-интернат директорының орынбасары Жақсылық Көкенқызы ұжымдарының атынан сый-сияпат жасады. Серікбай Құсайынов ағамыз 60-70 жылдарда қазақ өнерінің тамырын үзгізбей жүргенде спортта да қазақ күресінің даңқын асырып, атой салып КСРО спорт шебері атағын облыста бірінші болып алған Жамбыл Тасеменов ағамыз да құттықтап, сол күндерден естеліктер айтып мерейгер арқасына шапан жапты. Өңіріміздің танымал азаматы, тарихшы ғалым Зарқын Тайшыбай да өзінің өзекжарды пікірін білдірді.
Биылғы қаңтар айында Серікбай Құсайынов туралы ел газеті «Егеменге» де жазылып, ондағы айтылған дүниелерді ескерген облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Ғани Нығметовтің күш салуымен ағамызға облыстың Құрметті азаматы атағы берілген. Ал Секең Білім министрлігі тарапынан берілетін ведомстволық марапаттардың бәрін де алған. Былтыр «Асыл мұра» орталығының жетекшісі Ахметжан Қуантаевтың көмегімен «Күй құдірет» атты жинақ та шықты. Сондықтан Серікбай ағайдың еңбегі қазір бағаланып келеді. Дегенмен мемлекет тарапынан бір марапат берілсе артық болмас еді деген пікірді жиналысқа қатысқан көптеген адамдар айтты. Соның ішінде қарт ұстаз Қарақат Шалабаев жыл сайын облыста Серікбай Құсайынов атындағы күйшілер конкурсы өткізіліп тұрса деген де орынды пікір айтты.
Кездесу кешінде еңбек ардагерлері Тілек Әбдірахманов, Амандық Жантеміров, Қошан Қали, Майра Тұрғынқызы, белгілі журналист Айгүл Ысқақова және басқалары естеліктер айтып, ақындар Марал Зейнелғабиқызы, Самрат Құскен, Ғалымжан Нұрпейісов, Құбайдолла Бәйімбет, Айдарбек Бұланов, Секеңнің қарындасы Күлбара, немересі Диас өлең оқып, ән, күй орындап, кездесу кешін шаттыққа бөледі. Жиынды Серікбай ағамыз бен оның өмірлік серігі Нағима апай қорытындылап, жиналғандарға алғысын жеткізді. Сөйтіп қызылжарлықтар бұл кештен мол рухани ләззат алып қалды.
ПЕТРОПАВЛ