Қоғам • 11 Қазан, 2022

Ақ орамал – әдеп пен адалдық

591 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында Батыс Қазақстан облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде елімізді бірлікке үндеп, ізгі дәстүрді ел есіне оралту арқылы қоғамның барлық мүшесінің бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолында жауапкершілігін арттыруды, ұлтымыздың көнеден келе жатқан «Ақ орамал» тағу мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа мирас қылып қалдыруды көздейтін «Ақ орамал» – аманатқа адалдықтың белгісі» және «Әке – тәрбие тамыры» атты мәдени-танымдық іс-шара өтті. Ауқымды басқосу облыстық Аналар кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылғанын да айта кеткен орынды.

Ақ орамал – әдеп пен адалдық

Іс-шара ең алдымен Батыс Қазақстан облысы дизайнерлер қауымдастығы мүшелерінің қолөнерлері ұсынылған көрмеден бас­тау алды. Көрмеге қазақтың ұлттық бұйымдары, қолдан жасалған сөмкелер, үй тоқымалары, құрақ көрпелер қойылды. Батыс Қазақстан облысы дизайнерлер қауымдастығының төрайымы Әсем Сырымованың жетекшілігімен қыз баланың қартайғанға дейінгі өмір кезеңдерін қамтып, қай кезде қандай орамал тағу керектігі шағын қойылыммен көрсетілді.

«Қоғамдық келісім» КММ басшысы Медхат Қамбетов пен облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина өз сөздерінде халқымыз үшін ақ орамалдың қадір-қасиеті мен маңызы аса жоғары болғанына тоқталса, облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ляна Тұрсынова ақ орамалдың құндылықтары хақында сөз қозғады. Сондай-ақ оның қазақ халқының дәстүрінде үлкен рөл атқаратындығын атап көрсетті.

Жалпы, ақ түсті жаулықтың қазақ мәдениетіндегі, тұрмысы мен тарихындағы философиялық мағынасы – ақ түс тазалықтың, ізгіліктің, аманатқа адалдықтың белгісі екендігі жөнінде кеңінен әңгімеленді. Қазіргі кезде заманауи үлгіде әдемі етіп тағу жолдарының көп екендігі де тілге тиек етілді. Соңында мерекелік іс-шараға өз үлестерін қосқан Батыс Қазақстан облысы дизайнерлер қауымдастығының мүшелеріне Алғысхат тапсырылды.

 

Рафхат ХАЛЕЛОВ

 

ОРАЛ