Қоғам • 11 Қазан, 2022

Ауыздықталған алаяқтар

184 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жақында Петропавлда қала тұрғынын 8,5 миллион теңгеге тақырға отырғызып кеткен 25 және 30 жастағы екі алматылық алаяққа сот үкімі шықты. Олардың бірі 3,5 жылға сотталса, екіншісі ­4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ауыздықталған алаяқтар

Өзін банк қызметкерімін деп та­ныстырған қаскөйлер қызыл­жар­лық келіншекке қоңырау шалып, оның атына қылмыскерлердің несие рәсімдегелі жатқанын айтып шошытқан. «Қылмысқа тосқауыл қою үшін өзіңізге несие алып, ақшаны көрсетілген шотқа салуыңыз қажет» деген ертегіге сенген әйел алаяқтардың нұсқауымен бес банктен займ рәсімдеген...

Солтүстікқазақстандық поли­ция қызметкерлері алматылық әріп­­­тестерімен бірлесе отырып, осы қыл­мысқа қатысы бар бір топ адам­­ды анықтады. Тергеу-тексеру жұ­мыс­тарының нәтижесінде Петро­павлда Алматының екі тұрғыны сот алдында жауап берді. Олар алаяқ­тық жолмен тапқан табыстарын топтың басқа мүшелеріне жіберіп отырған. Қаржы технологияларын жетік білетін 30 жастағы қылмыскер бұрын банкте жұмыс істеген екен, ол жәбірленушілерден түскен ақшаны бірден криптовалютаға айналдырып отырған.

Сот үкімімен 30 жастағы қыл­мыскер – 4, ал оның «әріптесі» 3,5 жыл мерзімге бас бостандығы­нан айырылды. Осылайша, полиция ІТ қылмыскерлерді әшкерелеудің жолын тауып, істі сотқа жеткізді. Осының өзі үлкен жетістік.

Ал бұған дейін Солтүстік Қа­зақ­стан соты интернет арқылы қыл­мыс жасаған бірнеше қылмыскерге сот үкімін шығарған еді. Соның ішін­де қалалық соттың ­судьясы С.Лит­фуллина 21 жастағы Д.Құл­жабаев (тегі өзгертілді) деген алаяқ­ты 3 жыл­ға бас бостандығынан айыр­ды. Сот үкіміне қарап отырып, еріксіз ­таңғ­аласың. Себебі орта ғана білімі ­бар, жап-жас жігіт өзінен әлдеқайда үлкен, өмірлік тәжірибесі мол 13 адамды алдап, біреуіне 10, тағы біреуіне 20 мың теңге ақша беріп, өзінің айтқанына оңай көндіріп келген. Әккі жігіт құрбандарының бәріне қылмыстық схеманың бір-ақ жолын қолданған. Мәселен, ол Е.Сәду (тегі өзгертілді) деген азаматқа www.technodom.kz сайты арқылы «Technodom Operator» АҚ-та ЖСН-ді ғана көрсетіп тауарлы-кредит алуға болатынын айтады. Ал кредит артынан жойылады деп сендіреді. «Өйткені мен тапсырысымнан бас тартамын, сонда қарыз ақша базадан өшіп қалады» деп сендіреді. Сонымен бірге «ешқашан таппасын» деп сол жерде сим картасын да ауыстырып береді. 10 мың теңгеге қызыққан Е.Сәду оның айт­қанына көніп, өзінің телефонын Д.Құлжабаевтың қолына ұстатады. Ал анау Сәдудің телефонынан оның ЖСН арқылы 12 ай мерзімдік кредитпен құны 180 мың теңге тұратын «Samsung Galaxу А52» телефонын алуға «Фридом финанспен» сырттан келісімшарт жасайды. Сосын екеуі Технодом дүкеніне келіп, сатушыдан қымбат телефон алады. Е.Сәду Құлжабаевтан алған 10 мың теңге олжасына мәз болып қала береді, ал Құлжабаев ұялы телефонды қалтасына басқан күйі зым-зия болады. Несиенің айлық өтеу мерзімі келіп, «Фридом Финанс» өзін мазалай бастағанда ғана Е.Сәду өзінің оңбай алданғанын біліп, санын бір-ақ соғады...

Дәл осы жолмен Д.Құлжабаев барлығы 13 адамды сазға отырғызып кеткен. Көбіне біреуден, ал екі адамға екі-екіден, барлығы 3 136 816 теңгеге 15 қымбат телефон ал­ғызып, оларды қолды қылған алаяқ олжасының бәрін қаланың «Сити-Молл» дүкеніне, Көкшетау, Астана қалаларының супермаркеттеріне және базарда арзанырақ бағаға сатып жіберген. Маркасы мен нөмірі белгілі болғандықтан дүкендерде сатылған кейбір телефондар алаяқтық жолмен қолға түскендіктен сатып алушыдан алынып, іске тіркелген. Сөй­тіп, айдаладағы жазықсыз жандар да бұл алаяқтықтан жапа шеккен. Мысалы, Ю.Громов деген азамат осындай телефонның бірін Астана қаласындағы «Есіл» дүкенінен сатып алған. Артынан полиция оны тауып, іске тіркеу үшін телефонды тәркілеген. Сондықтан сатушы оған дәл сондай басқа телефон беруге мәжбүр болған...

Қарапайым, тіпті қарадүрсін деп айтуға болатын осы алаяқтық әдіс-айла жиырма шақты адамның басын қаңғыртып қойған. Осының өзінен-ақ адамдардың жоқ нәрсеге сенетін аңқаулығын көруге болады. ЖСН көрсетіліп тұрған жерден ешкім де жазадан жалтара алмайтынын түсінген жөн.

Интернет алаяқтықтың тағы бір көп тараған мысалы бар. Өткен тамыз айында Петропавл қалалық соты тағы бір жап-жас жігіт Р.Малдыбек­ті соттады (тегі өзгертілген). Шығыс Қазақстан облысына қарасты Үржар ауданының 23 жастағы тумасы 51 адамды сазға отырғызған. Өзі 2021 жылы 3 жыл алты айға сотталып, мерзімінен бұрын шыққан екен.

Р.Малдыбектің алаяқтығы тіп­ті қарапайым. Ол 2021 жылдың қаң­тар айынан бастап, 2022 жылдың ақпанына дейін бір жыл бойы ОLХ арқылы «Алматы қаласында арзан бағаға үстел, орындықтар жасаймыз» деген хабарландыру таратады. Хабарландыруға «жұтынған» жиһаздардың суретін де салып, телефон нөмірін көрсетіп қояды. Дүкендегі жиһаздардың бағасы у­дай болғандықтан жиһазға зар болып жүрген жандар хабарласа бастайды. Р.Малдыбек алдымен оларға жиһаздың бағасын, бұған үйге жеткізу қосылатынын айтып, соның жарты құнын өзінің Каспий банктегі карточкасына аударуды сұрайды. Осыдан кейін үстел, орындық алу­шылардың бәрі ақшаларын аудара бастайды. Дәндеген Малдыбек енді Instagram желісінде Mebel elІt, Cold meвеl сияқты аккаунттар ашып, олар­ға хабарласқандардан да «жа­салуға» тиісті жиһаздың жарты ақша­сын алып отырады. Өзінің азды-көп жиһаз цехында істеген тәжі­рибесін пайдаланып, кәсіби тілде қалай сөй­леуді де еркін меңгеріп ал­ған. Сөй­тіп, жазықсыз жандардың 4 млн теңге­­дей ақшасын қолды қылған.

Бірақ полиция соңына түскен соң ол 2022 жылдың ақпан айында Алматыдан Петропавлға қашып, ізін суытпақ болады. Бірақ мұндағы полиция қызметкерлері алматылық әріптестерінің сұранымымен оны ұстап, істі сотқа дейін жеткізді. Қала­лық соттың судьясы А.Әшімов ақыры Р.Малдыбекті қылмыстық істің 51 эпизоды бойынша соттап, бұрынғы өтелмеген мезгілін еске­ріп, 6 жыл сегіз ай мерзімге бас бос­тандығынан айырды.

«Осындай істерден халық құлағ­дар болуы керек. Сонда сақтық шараларын да күшейтеді. Әйтпесе, толып жатқан ескертуге құлақ аспай жүре береді», дейді бізді осы істер­мен таныстырған Солтүстік Қазақ­стан облыстық сотының төрағасы Ербол Жанғазин.

 

Солтүстік Қазақстан облысы