Өңірдегі тәтті түбір алқабының көлемі жыл сайын ұлғайып, тиісінше өнім көлемі арта түскен. Шаруалардың жұмысқа ерекше екпінмен кірісуіне мемлекет тарапынан төленетін субсидияның серпін беріп отырғаны даусыз. Қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша зауыттардың қуаттылығын арттыру мәселесі өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің назарында. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың айтуынша, өңірдегі қант қызылшасы алқабы алдағы жылы екі есеге артпақ. Оған барлық мүмкіндік бар.
«Осы жылы өңіріміз бойынша 5,5 мың гектар тәтті түбір алқабынан 214,4 мың тонна өнім жиналады деп жоспарланған. Қазіргі уақытқа дейін 160 гектар алқаптан 12 946 тонна өнім жиналса, оның 11 076 тоннасы қант зауыттарына өткізілді. Облыс бойынша әр гектардан алынған орташа өнім 630 центнерді құрап отыр. Жинау жұмыстарына 30-дан аса техника жұмылдырылғанын айта кеткен жөн.
Жалпы, 2022 жылы қант қызылшасы өнімін сатып алу бағасы тоннасына 30,0 мың теңгені құрайды. Яғни қант зауыты өткізілген өнімнің тоннасына 15,0 мың теңге төлесе, мемлекет тарапынан 15,0 мың теңге субсидия төленеді. Ал 2023 жылы баға 40,0 мың теңгеге көтеріледі. Атап айтқанда, қант зауыты қызылшаның әр тоннасына 15,0 мың теңге төлесе, мемлекеттік қолдау 25 мың теңгеге жетеді. Нәтижесінде, тәтті түбір алқабы келесі жылы 10,0 мың гектарға жетпек. Жұмысты ширатуға барлық тарап ынталы болып отыр. Әсіресе шаруалар тірлікке қызу кірісуге ниетті», дейді ол.
Басқарма басшысы келтірген деректерге сүйенсек, өңірдегі қант зауыттарының басшылары жұмысты жоғары деңгейде ұйымдастырып отырған шаруалардың 65-70 пайызын сапалы тұқыммен қамтамасыз етуге ниетті. Бүгінде әр гектардан алатын орташа өнімділік бойынша Меркі ауданы шаруаларының көрсеткіші бәрінен жоғары болып тұр. Жалпы, меркілік шаруалар жылда алдыңғы лекте жүретінін айта кеткен ләзім.
Аталған аудандағы «Сыпатай батыр» ЖШС директоры Қанат Шайхиевтің айтуынша, биыл балтамырдан айтарлықтай жақсы өнім алуға мүмкіндік мол көрінеді. Серіктестік басшысы осы жылы 130 гектар алқапқа тәтті түбір орналастырған. Бүгінге дейін алқаптың жартысынан астамында жинау жұмыстары аяқталған. Ал қант зауытына 3,5 мың тонна өнім өткізген.
«Ашығын айтсам, осы жылға дейін 70-80 гектар алқаппен шектеліп келдік. Биыл тәуекелге бел буып, қант қызылшасы алқабын 130 гектарға дейін жеткіздік. Еншіміздегі алқапты ұңғымалар арқылы жаңбырлатып суару қондырғысымен ылғалдандыруды қолға алдық. Нәтижесінде, жылдағыға қарағанда жоғары өнім жинап отырған жайымыз бар. Әлбетте, жаңа технологияның жұмысымызға жақсы жағынан әсер етіп жатқанын айтпай кетуге болмас. Алла қаласа, алдағы жылы алқап көлемін 250 гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Оған бізде мүмкіндік жеткілікті», дейді Қанат Шайхиев жағдайды түсіндіріп.
Деректерден қойсақ, серіктестік тұқымды Франция мемлекетінен тапсырыспен алдырған екен. Мұнда балтамырдың «Эйдар» сұрпы орналастырылған. Қысқасы, серіктестік басшысы сапалы өнім алу үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге бейіл.
Жалпы алғанда Меркі ауданында қант қызылшасын қабылдау жұмыстары қызу атқарылып жатыр. «Меркі қант зауыты» ЖШС басшылығы бүгінге дейін 14 мың тоннадан астам тәтті түбірді қабылдап үлгерген. Бұл жұмыс алдағы күндері де жалғасын таппақ. Серіктестік басшысы Нұржан Қарғабаевтың айтуынша, зауыттың қуаттылығы тәулігіне 2,5 мың тоннаны құрайтын көрінеді.
«Қант тапшылығын болдырмау мақсатында зауыт үздіксіз жұмыс істейтінін айта кеткім келеді. Жиналған тәтті түбірді өңдеуді уақыт өткізбей жедел түрде бастағалы отырмыз. Өйткені халық қанттан тапшылық көрмеуі керек. Қазіргі таңда біздің зауытта 340 адам жұмыс істеп жатыр. Өңдеу жұмыстарын мықтап қолға алған кезде жұмысшылардың санын 550-ге дейін жеткіземіз», дейді ол.
Жамбыл облысы,
Меркі ауданы