Диірмен кешені ұнның алғашқы легін жергілікті наубайханалар мен дүкендерге жеткізіп берді. Әзірге кәсіпорын толық қуатына көшкен жоқ. Тәулігіне 15 тонна ұн шығаруда. Аз уақыттан соң қарқын алмақ. Ұн сапасы жақсы. Оған себеп, қажетті жабдықтардың бүгінгі талапқа толық жауап беретінінде. Ресейден әкелінген жабдықтар мамандардың бағалауына қарағанда ұзақ уақыт қызмет етуге жарайды. Жартылай автоматтандырылған диірменде төрт жаңа жұмыс орны ашылды.
– Біз тікелей ұзақтау әдісін қолданып, жоғары және бірінші сұрыпты ұн шығарамыз. Шикізаттан туындайтын мәселе жоқ. Биыл өңірде астық жақсы шықты, – дейді кәсіпорын директорының орынбасары Игорь Хунзария.
Өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен бірге өңдеуге де мейлінше назар аударылып отырғанын айта кетелік. Ақмола облысында ұн тартумен 37 кәсіпорын айналысады. Барлығы жылына 800 мың тоннаға жуық ұн дайындайды. Биыл сұранысқа орай өндіріс көлемі бір жарым есеге артты.
– Қазір бірінші кезекте Орталық Азия елдері мен еліміздің оңтүстік өңірін ұнмен қамтамасыз етіп отырмыз десек те болады. Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан тарапынан біздің өңірде дайындалатын сапалы ұнға сұраныс мол, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов, – азық-түлік белдеуінде болғандықтан Астана қаласына өнім жеткізу тиімді.
Астықты өңірде жергілікті өнімді өңдеп, ұқсатып пайдалануға басымдық беріліп отыр. Ас атасын молайтсақ, елдің дастарқаны да жүдемейді.
Ақмола облысы,
Жақсы ауданы