Экология • 18 Қазан, 2022

Жасыл орманымыз жайқалсын десек...

293 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл тоғыз айда орман заңнамасын бұзуға қатысты 120 факті анықталды. 62 оқиға бойынша 4 041,6 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Орман қорына келтірілген залал көлемі 1260,1 мың теңгені құраса, оның 915,8 мың теңгесі өндіріліп алынған. Қалған іс материалдарын сот органдары қарап жатыр.

Жасыл орманымыз жайқалсын десек...

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Көкшетау өңірі үзіліп түс­кен моншақтай көгілдір көлдері­мен, қолдың саласындай ақ қайың­дарымен, мәңгі жасыл қарағай­ларымен әйгілі. Қай тарапқа көз салсаң да ит тұмсығы өтпейтін қалың орман қаулап өсіп тұрғандай әдемі әсер қалдыратыны бар. Шын мәнінде, орманды алқап барлық жер көлемінің 2,6 пайызы ғана. Демек қолда бар алтынның қадірін біліп, табиғаттың тамаша көрінісіне сызат түсірмей сақтап қалу парыз әрі міндет. Жоғарыда келтірілген табиғатқа залал тигізіп жатқан деректерді ой таразысына салғанда жаның түршігеді.

– Биылғы келтірілген залалдың көлемі – 186,3 текше метр, – дейді облыстық ор­ман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспек­ция­сының басшысы Лашынтай Дүй­сенов, – 18 мәрте заңсыз ағаш кесу оқиғасы анықталды, 49,1 тек­ше метр ағаш тәркі­ленді. Құ­қық қорғау органдарына 11 материал жолданды, бес адам­ға 1 286,4 мың теңге айыппұл салы­нып, оның 858 мың теңгесі өнді­рілді.

Инспекция қызметкерлері жалпы аумағы 115 текше метрлік залал көлемін анықта­ды. Белгілі болған 4 оқиға кезінде кінәлі тұлғалар анықталмады. Әйтсе де барлық материал құқық қорғау органдарына жолданды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Орманды ойсыратып жатқан тағы бір кесел – ауық-ауық тұтанып, дүйім жұрт­ты әбігерге салатын өрт оқиғалары. Ағым­дағы жылдың наурыз-сәуір айларын­да аталған инспекция барлық орман иеле­нушілерінің өрт қаупі туындайтын маусымға дайындығын тексерген. Негізінен, кейбір жерде тыңғылықты дайындық болғанымен, өкінішке қарай, олқы соғып жатқан тұстары да аз емес. Алты лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Орман мекемелері бұл кезеңге дайындықты ширатып келеді. Тілсіз жауға қарсы тұру үшін материалдық-техникалық база да мүмкіндігінше жақсартыла түсті. Әйтсе де көрікті Көкше өңіріне жадыраған жаз айларында келімді-кетімді кісі көп болғандықтан, өрт шығу қаупі де жоғары. Айталық, табиғат аясына шығып дем алатындар бейқамдықтың салдарынан рұқсат етілмеген жерде от жағып, ас дайындап, кейін сөндірмей кетеді. Осы бір ғана нем­кет­тіліктің қасіреті қалың орманның от құша­ғына орануына әкеп соқтыруы әбден мүм­кін. Қара қарғаның миы қайнайтын шілдеде қау шөптің үстіне абайсыз тастай салған бір тал темекінің тұқылы жайнап тұрған жасыл әлемді жалмап кетуі әбден мүмкін.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 30 қаңтардағы бұйрығы­на сәйкес өртке қарсы қызметті жетілдіру қажет. Әйтпесе өрттің қаншалықты қауіпті екенін әркім де біледі. Осы жылдың тоғыз айында орман өртінің 65 оқиғасы орын алып, 823,2 гектар орман-тоғай өрт­ке шалынды. Осы арада сәл таратып айтуға тура келеді. Орын алған өрт оқиға­ларының 32-сі табиғат әсерінен, ал үше­уінде адамдар кінәлі болып отыр. 26 оқиға бойынша материал құқық қорғау органдарына жолданғанымен, нақты кінәлі тұлғалар әлі күнге дейін анықталмаған. Биылғы жаз айларында 4 бірдей ірі орман өрті орын алды. Осы оқиғалар кезінде тұм­са табиғат зиян шекті. Алдын алу жұ­мыс­­тары мұқият жүргізілгенімен, ұлт­тық бай­лықтың ұнжырғасын түсіретін осын­­дай оқыс оқиғалар кездесіп қалады. «Қаз­ақ­авиа­орманкүзету» мекемесінің ­үш бірдей тікұшағы орманды алқаптардың үстімен ұшып, көзінің қарашығындай қор­ғағанымен, апат айтып келмейді.

Ұшақтар орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің рес­пуб­ликалық диспетчерлік қызметіне есеп ұсынумен бірге, облыстың мемлекеттік орман қоры аумағына әуеден бақылау жасайды. Нәти­жесіз де емес, өткен жылғы кейбір қате­ліктерді ескере отырып, биылғы жағдайды таразы басына тартатұғын бол­сақ, әуеден бақылаудың артықтығы көзге көрініп тұр.

– Инспекция өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 25 лауазымды қызметкер мен бірнеше адамды әкімшілік жауап­кер­шілікке тартты, – дейді инспекция басшысы, – өрт қаупі мол маусымның алдында табиғат қорғау прокуратурасы мен полициясы, орман және табиғатты қорғау мекемелері, жергілікті атқарушы органдар басшыларымен бірнеше мәрте кеңес өткізілді. Біздің инспекция орманды молықтыруды бақылап отырады. Биыл облыстың орман және табиғатты қорғау мекемелері 5 910,6 гектар алқапқа ағаш көшетін отырғызды. Осылайша, күні бұрын межеленген тапсырма 108,7 пайыз асыра орындалды.

Тұқымбақта орман алқаптарын кеңей­туге қажетті көшеттер өсірілуде. Өңірде 11 тұрақты және 8 уақытша жұмыс істейтін тұқымбақ бар. Олардың ішінде мүмкіндігі мол Маралды мен Кіші Түкті тұқымбақта­ры облыстың орман шаурашылықтарын қа­жетті көшетпен толайым қамтамасыз етіп келеді. Әйтсе де белгіленген қағиданы бұзу­шылар да бар. Орман ойсырап қалмауы үшін ке­сілген немесе қураған алқапқа кө­шет отырғызу өте маңызды. Бұл әрбір ор­ман­шының үнемі көкейінде жүретін мә­се­ле болуға тиіс. Әйтсе де бұл тарапта ол­қы­лықтың орын алатынын жасыруға бол­мас. Осындай жауапсыздық жасыл орманның жайқалып өсуіне кесірін тигізеді. Бұл орай­да 37 орман шаруашылығы маманы жауап­кершілікке тартылғанын айтуға тиіспіз.

Республикалық орман селекциялық орта­лығының солтүстік өңір филиалы ауқым­ды іске айтарлықтай үлес қосты. Бар­лық жерде тұрақты орман тұқымы база­сын құру бойын­ша кең көлемді жұмыс атқа­рылып келеді. Дайындалған ағаш тұқым­да­ры­ның сапасын арттыруға кең жол ашыл­ды. Қазір Көкшенің көгілдір орманын мо­лайту бағытында жыл сайын егіліп жат­қан көшеттің едәуір бөлігі өңірдің өзінде өсіріледі.

Қалың орманды көздің қарашығындай күзетіп, қамқорлық аясында әлдилеу бар да, түрлі зиянкестерден, әрқилы аурудан сақтау бар. Осы жылы 10 мың гектардан астам аумақта орманды алқапқа залалын келтіретін әртүрлі зиянкестер мен аурулардан қорғауға бағытталған іс-шара өткізілді. Жыл басынан бері барлық орман зиянкестері мен ауру ошақтары шоғырланған аумақ ­
12 004,4 гектарды құраған болатын. Ты­ным­сыз күрес нәтижесінде 3 127,74 гектар аумақтағы қауіп-қатер сейілді. Оның ішінде 10 699,92 гектар алқапта орын алған зиянкестер ошағы толығымен жойылды.

Орманның халыққа пайдасы өте зор. Бұл бағытта тәптіштеп айтудың өзі артық. Бір ғана жайды тілге тиек етуге болар. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар маңында ұзақ және қысқа мерзімді 44 жер телімі жалға беріліп, игілігін ел көріп отыр. Елдің жа­йын ескере отырып, ережеге сай пішен ору, мал жаю, омарта құру, саңырауқұлақ және жидек жинау тәрізді шаруалар атқарылады. Орман игілігін көру үшін арнайы билеттер жазылып беріледі.

Ең бастысы, көл-көсір байлығымызды келер ұрпақтың кәдесіне жарату үшін бү­гіннен бастап бар күш-мүмкіндікті жұ­­мыл­­дырып сақтау керектігі жеріне жет­­кізіле айтылып жүр. Әсіресе жас ұрпақ­­тың көкірегіне сіңіріліп келеді. Инс­пек­ция қызметкерлері күзетіп қана қоймай, келе­шек­тің қамын осылай жасамақ. Тұтас ел тұтқа бол­ғанда ғана орманымыз ойсырамай, көз жауын алатын жасыл желек жайқалып өсе бермек.

 

Ақмола облысы