Қазақстан • 18 Қазан, 2022

Өмірі – өнеге

329 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Аса жақын араласпасаң да, ерекше құрмет тұтатын жандар болады. Олардың адамдармен қарым-қаты­насынан парасаттылық, қара­пайымдылық пен биік мәдениет есіп тұрады. Кеңес Нокин шынайы болмысымен айналасына шуақ шашып жүретін, өзін де құрметтете алатын азамат болатын. Ақтөбе өңірінің көптеген ауданын­да шаруашы­лық қызметін атқарып, облыс­тық партия коми­тетінде 22 жыл бойы жұмыс істеп, ауыл шаруа­шылығы саласына басшылық еткен.

Өмірі – өнеге

Төрт мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Парасат» ордендерінің иегері, Ақтөбе қаласының, Ойыл, Темір аудандарының құрметті азаматы, 1927 жылы Ойыл ауданының Алтықарасу ауылында дүниеге келген. Балалық шағы аштық жылдарына тап келіп, сол уақытта туған екі апайынан, он жасында әкесінен айырылған. Жетімдікті, қиындықты басынан өткерген. Еті тірілігімен Темірдегі ауыл шаруашылығы техникумында оқып, кеңшардың қара жұмысына араласады. Кеңес Нокинді замандастары әділдігі үшін зор құрмет тұтса, адам тағдырына аса жауаптылықпен, түсіністікпен қарайтыны оның білікті басшы екендігін дәлелдейді. Осының бәрі – заманның қиындығын еңсере жүріп, елді басқаруға жеткен тұлғалардың бәріне ортақ қасиет. Өйткені кеңес өкіметінің кадрлық мектебі мамандарды адамгершілік қасиеттері мен жұртшылықпен тіл табыса алу қабілетіне, іскерлігіне қарай іріктеп алатын. Жұмысқа қабылданған жас мамандар­дың қарымын танып, айыра білу үшін де басшының көреген болуы өте маңызды. Өйт­кені басшының әрекетінен қоғам зардап шекпеуге тиіс. Өзі ерінбей-жалықпай ел ішін аралап, еңбек адамдарымен кездескенде де маман таңдап жүретін.

К.Нокин – елін сүйген азамат болды. Азамат – қазақтың ең қасиетті сөзі, еліне пайдасы тиген, жұртына қамқор, адал еңбегімен көзге түскендерді азамат дейді. Азаматтың жолы –бейнетті жол. Оған қай кезеңде де елдің жүгі молынан артылады, көтере білу оған үлкен сын. Адамдардың мұң-мұқтажына сергек қарап, әрбір маңызды істі шешуде зеректік пен алғырлық, әділдік пен өткірлік таныту нағыз басшыға лайық қасиет болса, Кеңес Нокин осы талаптарға лайық болған және азаматқа тән асыл қасиеттерді бойына жинақтаған жан еді.

Ақтөбе облысы елімізде Қарағанды облысынан кейінгі аумағы үлкен өңір. Аудандардың арасы өте шалғай, облыс шекарасының бір шеті – Аяққұм, Мойынқұм, бір шеті Матайқұм, Сам, Оймауыт, оңтүстігінде Тәуіп, Нұраға келіп тіреледі. Облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы Кеңес Нұрмұхамедұлы адам аяғы сирек басатын қиырдағы шаруашылықтарды сан мәрте аралап шығатын. Жаз айларында Комсомол, Қобда, Мәртөк аудандарының егіс алқаптарын, ал қыста мал шаруашылығымен айналысатын Ойыл, Темір, Шалқар, Байғанин, Ырғыз аудандарын аралайтын.

Ақтөбе облысының ауыл шаруашылығында қол жеткен табыстары ол заманда да оңайға түспеген. Кеңес Нокин сырт көзге сабырлы да салқынқанды болып көрінгенімен, жұмысқа өте талапшыл еді. Еңбек адамдарына құрметпен қарап, олардың әрбір ескертпесін назарда ұстап, шаруаларының шешілуіне көп жәрдемдескен. Қызметтестері Кенекеңді терең ойлап, тегеурінді сөйлейтін, өз бетінше шешім қабылдайтын, принципшіл азамат деп білген. Жақсы жолдас, уәдеге берік басшының қызмет дәрежесіне қарамай өз ойын, пікірін тура айтатын деп еске алады. Сондықтан да кеңестік жүйенің партия қызметкері болса да, өз пікірін жариялаудан жасқанбаған, көңілге түйген ойларын батыл айта білген. Бұл туралы ақтөбелік Анарбек Ниятұлы былай дейді: «Кеңес ағайды бір көрген жан мінезі қаттылау, бірбеткей деп қабылдайды. Алайда оның жүрегі жылы, жетім-жесірлерге қайырымды, өтірікке жаны қас еді. Ол кісіде кез келген адамның бойынан табыла бермейтін тектілік байқалатын. Ғибрат аларлық әңгімелерді көп айтатын. Бала, немерелерін қазақша тәрбиелеп, оларға өзі үлгі-өнеге көрсетіп отырушы еді. Ол кісінің алдына барар болсақ, құдды бір емтихан тапсыратындай дайындалатынбыз. Әсіресе қазақшаға шорқақ жолдастарымыз қатты қиналатын».

Кеңес ағаның үйі тұтас кітапхана болатын. Әлем классиктері мен қазақ әдебиетінің ілгері-кейінгі буын өкілдерінің шығармалары жинақталған аса бай кітапханасына қолға түсе бермейтін сирек кітаптарды тапсырыспен алдырып жүретінін замандастары қызыға айтатын. Кітапты сән үшін жинамады.

Ол қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсі­реповпен екі рет кездескен. Бірінде оны Шалқардан күтіп алған, екіншісінде ол жазушымен Ақтөбеде кездескенінде оқыған дүниелерін айтып, әдебиетке қатысты ой-пікірлерін ортаға салыпты. Шынында ол заман қазақтың ел басқарған азаматтарының тек қана орысшаны алға шығарып, қазақ тілін қағажу қалдырған уақыты еді ғой. Әйгілі жазушы шенеуніктердің арасынан өзінің Кеңестей нағыз оқырманын тапқанына қатты қуанып, ризашылығын білдіріпті. Кеңес аға заманымыздың заңғар жазушыларының бірі Әбдіжәміл Нұрпейісовпен де бірнеше мәрте жүздесіп, сұхбаттасқан.

Абзал ағамыз саламатты өмір сүріп, айналасына жақсы жандарды жинай білді. Атақты Қазыбек би:

«Қатының жаман болса

Бұл жалғанның тозағы емес пе!

Балаң жаман болса,

Көрінгеннің мазағы емес пе!   

Туған балаң жақсы болса,

Тән мен жанның шырағы емес пе!

Алған жарың жақсы болса,

Жиғаның мен мейманыңның тұрағы емес пе?!» деген екен.

Бұл рас сөз. Біз көп жағдайда естіген, айтқан сөзіміздің мән-мазмұнына тереңдей бермейміз. Бұрынғылар сөздің ішкі мәніне, кімге немесе кімдерге арналғандығына, нені көздейтініне, түпкі сыры мен мәніне үңіле білген, сөз парасатын, тілдің (сөздің) философиясын ұғына алған. Жоғарыдағы өлең жолдары азамат үшін жары мен баласының жамандығы қандай азапты екендігін меңзеп тұр. Кеңес аға жары Жамиғашпен жарасымды ғұмыр сүрді, оларға қарап балалары бой түзеді. Қазақта: «Жақсы болса ұрпағың, өмірге қайта туарсың», деген сөз бар. Кеңестің ұл-қыздары осының айғағы. Балалары, елге танымал азаматтар – Серік пен Патрис әкелерін былайша еске алады: «Әкеміз мінезі орнықты, адамгершілігі мол, жұртқа қайырымды, балаға мейірімді, жомарт, өте ұстанымды адам болды. Өзін демалыс күндері ғана көретінбіз. Өйткені жұмысқа өте ерте кетіп, кеш оралады, көбінесе ауылдарды аралап кетеді. Әкеміз үйге келгенде біз ұйықтап жатамыз. Үйдің шаруасымен, біздің тәрбиемізбен негізінен анамыз айна­лысты. Ата-анамыз «Біреудің ала жібін аттама, сұраншақ болма, бастаған ісіңді өзің аяқта, кісіге қиянат жасама» деп айтып отыратын. Әкеміз «Адамгершілігің, кісілігің болсын, еңбекшіл болыңдар», деп аманаттаған осы үш қасиет – біздің де ұстанымымыз», дейді.

Өмірлік жары, балаларының анасы –Жамиғаштың өмірден ертерек өтуі Кеңес ағаға қатты соққы болып тиді. Олар жастай қосылып, өмір бойы бірін-бірі іштей ұғынысып, сыйласып өткен жандар еді. «Әкеміздің жүріп өткен жолы біздерге үлкен өнеге болып қалды. Еліміз тәуелсіздікке ие болған жылдары немереле­рін қазақ балабақшалары мен қазақ мектептері­не оқытуға беріп, үйде тек қазақша сөйлеу­ді дәстүрге айналдырды», дейді балалары.

Бабаларымыз адамгершілік қасиеттің бес қағидасын есте жоқ ескі заманнан бізге жеткізген. Оның біріншісі – біреуге орынсыз тіл тигізбеу. Мұны «Ақыл – дос, ашу – дұшпан» деп тәмсілдеген. Екіншісі – әдептілік. Аталарымыз әдептен аспай, кішілік көрсету арқылы көсем болған. Мұны мәмілегерліктің дара жолы деуге болады. Үшіншісі – «Сен өзгеге күдіктенбе, өзгелер сенен күдіктенбесін». Басқаша айтқанда, «Иман жиям десең, пиғылыңды таза ұста» деген тәмсіл. Төртіншісі – не істесең де ойланып іс қыл, бастаған шаруаны аяғына дейін тиянақты жеткізе біл. Ол сенің – ырысың. Бесіншісі – біреуге қиянат жасама, одан артық күнә жоқ. Осыдан сақтана біл деген. Осы бес адамгершілік қасиеттің барлығы қазақтың даналық мектебінен тәлім алған Кеңес ағаның бойынан табылды. Қазақ ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлы адам болмысын саралай келе:

«Қайтадан қайырылып қауымға келмейсің,

Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің.

Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,

Шын бақыт – осыны ұқ, мәңгілік өлмейсің!», деп өсиет қалдырған.

Халқына қызмет етуді мансап емес, парыз деп ұғынып, өмірлік ұстанымына айналдырған абзал ағаларымызды «Қайран, азаматым-ай!» деп еске алып жатқанымыздың өзі елдігіміздің айғағы. Олай болса, тағылымды ғұмыр кешіп, саналы ғұмырын туған елінің өркендеуіне жұмсаған азаматтың өнегелі өмір жолы мен тындырған істері жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып қала бермекші.

 

Алтай ТАЙЖАНОВ,

Ақтөбе облысының құрметті азаматы,

философия ғылымдарының докторы, профессор