Қоғам • 18 Қазан, 2022

Ерболдың ерлігі ескерілді

311 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күздің басында Абай облысының аумағында дала өрті бо­лып, тілсіз жау халықты біраз әбігерге салған еді. Төтен­ше жағдай кезінде арнаулы қызметтермен бірге өртті сөндіруге жергілікті азаматтар да жұмылған болатын.

Ерболдың ерлігі ескерілді

Сын сағатта мүдіріп қал­май шұғыл әрекет ете біл­ген жанның бірі – Тоқта­мыс ауылдық округінің тұрғы­ны Ербол Рахин. Дала өртін сөндіруде Абай ауданы­ның азаматы қайтпас қайсар­лығымен танылды.

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев дала өртін сөндіруде көрсеткен ерлігі үшін Ербол Рахинге «Ерлігі үшін» медалін тапсырды. «Тұтқиылдан келген апатқа тайсалмай қарсы тұрып, сын сағатта ерен ерлік жасайтын Ербол сынды азаматтар барда қандай да болсын қатерге төтеп беретінімізге сенімдіміз. Сондықтан сіздің ерлігіңіз бен отаншылдық ұстанымыңызға мың алғыс», деді Н.Ұранхаев.

Биыл қыркүйек айында Абай ауданы­ның Тоқтамыс ауылдық округі­нің алқап­тарында дала өрті болып, мың гектарға жуық аумақты жалын шарпыған еді. Өртті сөндіруге 168 адам мен 27 техника жұмылдырылды. Тілсіз жаумен күресте Тоқтамыс ауылының тұрғындары да белсенді атсалысқан-ды.

Ербол Рахин өртпен арпалысып жүрген кезде лаула­ған от жан-жағын шарпып, жалынның ортасында қалып қояды. Жылдам әрекет ету арқылы ол төтенше оқиға орнынан аман шығады. Алайда оның екі қолы мен тізесін күйік шалған еді.

 

Абай облысы