Қазақстан • 20 Қазан, 2022

«Мен халқыма сенемін, оның болашағы зор»

4316 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Елім деп аянбай еңбек етіп, бар өмірін, күш-жігерін халқының игілігіне жұмсаған тұлғаларымыз баршылық. Сондай ардақты азаматтардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, аяулы азамат, қазақ халқының біртуар ұлы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев еді...

«Мен халқыма сенемін, оның болашағы зор»

Өткен күнде белгі бар

Сонау 1993 жылғы тамыз айын­­да, Жоңғар Алатауының баурайын­да, Же­тіс­удың інжу-мар­жан­дарының бірі болып санала­тын Лепсі өзенінің басында, атақ­ты Тынышбай бидің жайлауын­да, ағайын түгел бас қосып, қа­зақ­тың көрнекті саяси және қо­ғам қай­раткері, Алаш қозға­лы­сы­ның­ негізін салушылардың бірі, Алашорда үкіметінің мү­ше­­сі және оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым, қа­зақ­тан шыққан тұңғыш теміржол қатынастарының инженері Мұха­мед­жан Тынышбаевтың 115 жыл­­дық мерейтойын өткізуге дайын­далып жатты.

Осынау пішіні бұзыла қой­ма­ған таулы өлкенің табиғаты тамаша. Тамыз айының аяғы болса да, көрінісі ғажап. Атақты Швей­ца­рия­ның табиғатынан артық болмаса кем емес. Тау биігінен құлай ағып жатқан Бұрхан сарқырамасы, көкмайса кілемі, алмалы бағы, қарағайлы ормандары көз үйіріп, көңіл сүйсінтеді... Осындай тамаша табиғат аясынан Тынышбай бидей, Мұхамеджандай азаматтар өсіп шықпауы мүмкін бе?..

Сарқан ауданының сол кезде­гі Қойлы кеңшарына қарас­ты Пио­нер бөлім­ше­сін­де (қазіргі М.Тынышбаев ауылы) Мұха­мед­жан Тынышбаевтың аруағы деп жиналған азаматтардың санында есеп жоқ. Алды сонау Мәскеуден, Санкт-Петер­бургтен, Алматыдан, Семейден, Өске­мен­нен, еліміздің түкпір-түкпірінен келді.

Аты аңызға айналған атақты Түркістан-Сібір теміржолы (Түр­ксіб) – асыл азамат­тың ерен еңбе­гінің жемісі, елге қалдырған тә­бә­рігі...

Көппен бірге Димекең ағамыз да осы жиынның ерекше қонағы қатарында болды. Алматыдан бір күн бұрын бір қауым ел боп шық­қан біздер ат басын ағамыздың ата-бабасының мекені – Бақанас ауы­лына бұрдық.

Көшбасшымыз Димекең, біз болсақ, әр уақытта жанынан табылатын атқосшы­сы­мыз – әріптесім, кино­оператор-режиссер, осы Тал­ды­­қорған қаласының тумасы Юрий Павлович Литвяков және мен­ ки­норежиссер Молдағали Омаров.

Қапшағай – Бақанас тасжолы­ның бойы толған мал, жайлаудан түсіп келе жат­­қан малшылар. Қора-қора меринос ақ қойлар бірінің артынан бірі тізіліп, отар-отар болып жайдаққа түсіп келе жатыр. Тіз­бек­те­рі таусылар емес, бас-аяғы бір­­не­ше шақырымға созылған, жол жүру мүм­кін емес.

Сол бір көрініс әлі есімде, Ди­ме­кең көшімізді жолда тоқтатып, жалғыз өзі биік шоқыға шығып, жан-жағын бағдарлап, біраз тұрды. Өзі ғана. Ешқайсымызға тіс жармады. Кім білсін, не ойлағанын...

Екі ауданның шекарасынан өтке­німіз де сол еді, жергілікті бас­шы­лар, ағайын-туыстар Диме­кеңді құшақ жая қарсы алып, сегіз қанат­ты ақ киізүйге жайғастырды.

Біраз демін алған соң «Бақ­бақ­ты» кү­ріш кеңшарына бет бұрдық. Әйгілі кү­ріш егумен айналысатын шаруашылық. Нау­қанның енді ғана басталып, егінді оруға кіріскен кез. Егін бітік шыққан, көз сүйсінтеді, көңіл толтырады.

Әркім біле бермес осы сәтті, дәл осы жағдайды айтып кеткенім жөн болар.

Бақанас өңірінің күрішті ал­қап­­қа айналуы тікелей Диме­кең­­нің есімімен бай­ланысты. Уақытында бұл дақылды мұнда өсіруге болмайды, ауа райына және табиғатына сәйкес келмейді деп, ғалымдар қарсы болған екен...

Күріш алқабын аралап, механизатор жігіт­термен кездесіп, әдет­тегідей хал-жағ­дай­ларын сұрас­тырып, ахуалдарын біліп жатыр, көбісін дерлік өзі де жақсы таниды.

Биыл өнім бітік өскен екен, шығымы да жақсы, бір гектарға айнал­дырғанда орташа есеппен 45–50 центнерден шығатын сияқты. Бар болғаны жарты сағат­тың ішінде бірталай әңгіме айтылып, сырлы сұхбаттар тілге тиек болды.

Алқап аясында бір топ қыр­ғауыл жайылып жүр. Мұны көрген Димекең балаша қуанды. Кешке қарай Іле өзенінің табиғатын тамашалап, қармақ тастап, балық аулады. Ақ балықтар, сазандар... Іленің табиғи әлемі ағаның көңілінен шыққандай...

Ертеңіне ертелетіп жер жаннаты – Же­ті­судың орталығы Тал­ды­қор­ған қала­сына да жеттік.

Жылышыраймен қарсы алып, қоше­мет­теп жатқан атқамінер жі­гіт­тер, бәрі де құр­метті қонақты қуа­на қарсы алды.

Лепсі өзенінің маңайды дүбір­летіп, әнге бөлеген сыршыл ағы­сының даусы іргедегі ауыл-ай­мақтың ғана емес, сонау қыр ас­­тын­дағы тұрғындардың да құла­ғына жетерліктей тым адуынды...

Тау мен жазықтың арасы бар болға­ны ширек шақырым болса да, көте­рі­ліп түссеңіз, өзі­ңізді трамплиннен секір­ген шаң­ғышыдай сезінесіз... Өңір та­биға­ты­ның алып күші осындай ерекше!

Өзен жағалап тіршілік еткен ауыл-қоныс жетерлік. Бұл жерде өзімізден бас­қа, байырғы, сонау патшалық Ресейдің Воронеж өңірінен келген Столыпиннің станичник-казактары да жетерлік екен.

«Ұлық болсаң, кішік бол!»

Осы тұста бір ерекше кездесу болды. Аласа бойлы ғана, егде тартқан казак азаматы келіп Ди­ме­кеңе сәлем берді. Тұла бойы, пішіні, киімі сол баяғы казак баба­ла­ры­на ұқсайды,

Сәлем беріп, хал-жағдай сұ­рас­қан соң, әлгі азамат өзінің өті­нішін айтты.

– Рұқсат болса, аяғыңызды құшақ­та­йын, – деді.

– О не дегеніңіз, олай болмайды, – деді Димекең.

– Жо-жоқ, сіз менің өтінішімді орын­дауы­ңыз керек! Бұл – мен үшін үлкен мәр­те­бе, ғанибет, – деді казак қария.

– Рахмет! Мен сізге өте риза­мын, бірақ олай жасау қажет емес! Ди­­мекең қо­лындағы ше­тел­­дік са­ға­­тын шешіп, «Мынаны алы­ңыз, ме­нің сізге деген тартуым бол­сын!» деді де, сағатын әлгі қа­рия­ның қо­лына тақты.

Осы аталған кездейсоқ кездесу кинобейнеге тартылып, тасқа жазылып қалды. «Ұлық болсаң, кішік бол!» деген осы.

Жан-жақтан бұл оқиғаның куә­сі болып, тарихи көріністі тамашалап тұрған қарт кісінің жер­лес­тері кездесудің осылай аяқ­тал­ғанына дән риза, өздерінше мәз-мейрам болып, ағамыздың тартуын көріп, көңілдері көтеріліп қалды.

Біреулері қол алысса, біреулері қол ша­па­­лақтап, дауыстап, Диме­ке­ңе алғыс­та­рын жаудырып, аман­дық тілеп жатыр.

Сырт көзге өзінше бір тамаша көрініс!

Өзге жұрт болса да, жүректен шыққан ле­бізін алғаусыз көрсетіп жатыр. «Сыйға сый, сырға бал!» деген осы...

Үлкен тойды былай қойғанда, Диме­кең­мен кездесудің өзі әп-сәтте тойға айналды.

Мұхамеджан ағамыздың кін­дігі кесі­ліп, қаны тамған кіші отаны­ – Пионер ауылы бүгін ерек­ше ажарланып кеткен. Тау бөк­­терінде орналасқан осынау ауылдың таби­ғаты тамаша. Айнала зәулім теректер мен жеміс ағаш­тары көз қы­зық­ты­рады, әсі­ре­се шоқтай жа­нып тұрған қызыл алманы айт­саңызшы.

Жетісу өңіріне танымалы – Ан­тонов алмасы, уақытында Қойлық ауылы осы атаумен атал­ған. Сонау XX ғасырдың ба­сында Воронеж казактарының өзімен бірге ала келген тәбәріктері. Кең-байтақ қазақ жеріне терең тамырын жібе­ріп, әлі де жай­қалып тұр. Түрі де, түсі де, дәмі де сол баяғыдай. Алып­тың жұдырығындай, қып-қызыл, алыстан көз тартып, бір тістегенде ау­зыңыз шырынға толады. Әр­бір ауланың көркі осы қызыл алма дер­ліктей, күзге қарай әр аула, әр көше ал­малы баққа айналады, мол өнім төгіліп тұрады.

Жоңғар Алатауының бір тар­ма­ғы – Лепсі тауы. Тарам-тарам тау жоталары осы жерге келгенде, өзінше бір жай­дақ­танып кетеді. Жасаған Ием өзі бір түзулеп, жан-жа­ғын тегістеп, сондай бір жайлы етіп жасап қойғандай. Жан-жағы құз, құлама жоталар, төмен жақ ылди құламалар...

Ардақты ағаның аруағын еселеп, қола мүсінінің алқызыл лентасын өз қолымен қиған Димекең үлкен тойды өзі ашты. Ауыл мек­те­біне, жаңа көшеге есімі бе­ріл­ді. Осылайша, дүбірлі той бас­талды... Атадан қалған салт-дәстүрдің ережесі де бірың­ғай. Тай, құнан, дөнен, жорға, аламан бәйге, қыз қуу, аударыспақ, теңге ілу, қазақша күрес.

Намысқа тырысқан жігіттер оңайлық­пен бір-біріне берісер емес, айласын асырғаны ғана же­ңіске жетіп жатыр. Мәз-мей­рам болған үлкен-кіші тақым қысып, өздері бәсекеге түскендей. Дом­бы­ра­ның құ­лағында ойнап, ән мен жырдың, күм­­бірлеген күйдің ма­йын тамызған көр­кем­өнер­паз­дарға деген жұрттың ынта-ықыласы да тым ерекше болды...

Осы ретте асыл сөздің шебері Абай ата­мыздың «өлмейтұғын ар­тында сөз қал­дырған!» деген тұжырымы ойға ора­лады. Тағ­дыр­­дың дара жолында жарық жұл­дыздай жарқырап, сонау ХХ ғасырдың басында Ресейдің Санкт-Петербург темір­жол институтын үздік бітірген асыл аға­мыздың бейнесі сол оқу орнының мұра­жайында мәңгілік сақтаулы тұр... Тағдырды өзіне бағындыра алмаса да, тарихты мойындатқан осынау қазақ баласының бұл жетістігі – халқымыз үшін үлкен мәр­тебе. Міне, тектіліктің түбі қай­да жатыр, ағайын!

Сол XX ғасырдың басында Жарат­қан Иеміз қазақ дала­сына да­рынды тұл­ға­лар­ды үйіп-төгіп бергеніне таң­ғаласыз. Өкінішке қарай, олардың үмітке толы алмас­тай жарқыраған өмір­лерін қызыл өкімет қиды. Опасыз биліктің зардабы мен зұлымдығын ешқашан ұмытуға болмайды.

Димекең сол тойда мінберде қоз­ғалмай төрт сағат отырды. Әри­не, осыншама уақыт 33 градус аптап ыстықта отыру жа­­сы келген адамға оңай болмай­тыны айтпаса да белгілі. Алдымызда әлі талай кездесу тұр. Үшарал ауылының тұрғындары да Димекеңмен кездесуге дайын отыр. Уақыт зымырап өтіп барады, сағат төрттен асты, ал жергілікті халықтың Димекеңді жіберетін ойы жоқ. Қараша жұрт ағаны тағы да жарты сағат ұстады, әрқайсысы амандық, денсаулық және ұзақ ғұмыр тілеп, ақындар өлең арнап жатыр. Шіркін, жомарт жүректі халқымыздың кең пейілі-ай десеңізші...

Асыл ағаның ақтық сапары

Ақырында дүйім халқынан рұқсат сұраған Димекең тілегін айтып, ақ батасын беріп, жолға шықтық. Кештетіп Үшаралға да жеттік. Кешкі мерзімге қара­мас­тан, орталық алаңда толған адамдар. Димекеңнің де көліктен түскені сол еді, жиылған жұрттың бір адамдай: «Жасасын Димаш аға!» деп шыққан даусы бүкіл алаңды дүрілдетті. Аспанға көгер­шін­дер де ұшырылды. Халық шын ниетпен қуанып жатыр. Адамға осыдан артық қандай құрмет керек! Шындықтың көзі халықта!

Ағаға деген ілтипат бізге де әсер еткен­дей, күні бойы ыстық күннің астын­да жүріп шар­ша­ға­нымыз лезде ұмы­тыл­­ған­дай. Алаңдағы халықтың көзі Диме­кеңде.

Әрине, айтпаса да түсінікті, мін­берге көтерілуі сол еді, бүкіл алаң бір мезгілде тынышталды. Димекең кешіккені үшін халықтан кешірім сұрап, баршаға амандық, денсаулық және береке тіледі. Соңғы сөзін бітірмей-ақ, алаңда тұрған халық ду қол шапалақтап, ілтипатын білдірді. «Димекең жа-сасын, ағамыз аман болсын!» деген тілектер естіліп жатыр.

Шіркін, дүние, кім ойлаған ерте­ңіне ағамыздың фәни дүние­мен қоштасып, келместің кемесіне мінетінін...

Алакөл... Шығыс Қазақс­тан­ның інжу-маржаны. Өзінің шипалы қасиетімен аты шыққан әйгілі көл, жағажайы қара тасқа боялған графитке ұқсайтын тау жынысы шунгиттен тұрады. Бұл әлем­де­гі осы тұрпаттағы жалғыз-ақ көл. Құрамында отыздан астам хи­миялық элемент бар. Шунгит дегеніміз, осыдан бір миллион жыл бұрын қатып қалған тас кө­мір қалдығы. Осы кең далада бұдан 3000 жыл бұрын жартасқа салынған суреттер сақталған және ежелгі сақтардың көсемдері жерленген – Патшалар жазығы да осында. Көл суының шипалық қасиеті, о бастан-ақ белгілі бол­ған. Уақытында Шыңғыс хан­ның жа­ра­­лан­ған сарбаздарын осы көл­дің суымен емдеген.

Шүкіршілік, осынау өлке жыл­дан-жылға қанатын жайып, үлкен демалыс және туристік ай­­маққа айналуда. Жыл сайын сырқаттарының кілтипанын Ала­көл­дің суының шипасымен емдеген адамдар саны артып келеді. Бұл өлкеге ағамыздың ақ тілегі мен батасы дарыған сияқты...

Димекеңмен жүздесуге жинал­ған халық көпке дейін алаңнан тарамады.

Ертеңіне қадірменді мейман аудандағы жаңалықтармен танысып, жаңадан іске қосылған меке­ме­лерді аралады. Іскер жігіт­тер­мен кездесіп, әңгімесін тыңдап, кеңесін берді. Түс ауа Алакөл айдынына шығып, катермен сая­хат жасап, балық сорпасын ішіп, жақсы демалды. Кеш түсе, жа­ға­дағы ағамыз бұрыннан өзі жиі келетін қонақүйге жайғастық. Сол бір отырыстың күллі қазақ елін қамықтырып, қабырғасын қайыстырып, талай жүректерге жара салар кешке айналарын кім білген...

Әдеттегідей, көңіл күйіміз кө­те­­­ріңкі, Димекеңе арнайы жа­йыл­­ған ақ дастарқанға жинал­ға­­нымызға көп бола қойған жоқ еді, төрде отырған ағамыздың хал-жағдайы күрт нашарлап кетті. Мұны бірден сезген жеке дәрігері жылдам қасына жетті. Бәріміз сос­тиып, бірден орнымыздан өре түрегелдік. Жасыратыны жоқ, ойымызда ешқандай күдік жоқ. Жылдам диванға жатқыздық. Дә­рігері ем-шарасын қолданып жатыр, мен болсам аяқ жағында тұрып, аяғын уқалап жатырмын. Денесі жылы, қан тамыры соғып тұр. Басын құбылаға бұра берді. Алланың үкіміне амал бар ма, асыл ағамыздың жүрегі тоқтап қалды. Сол күйі басын көтермеді, сөзге де келместен, көзін де ашпастан, бақилық сапарына жүріп кетті.

Осылайша, сонау қиын-қыстау заманда, 30-жылдары Мәскеуде оқып жүргенінде, өзінің көзі көріп, өсиетін тыңдаған, бір үзім нанның құны алтыннан да қымбат болғанда қолынан дәм татып, әкедей қамқор болған Мұхамеджан ағасының елінде, 115 жылдық тойын өткізіп, өзі де мәңгілік сапарға аттанды.

Міне, сол кезден бері 30 жыл­дың зымырап өтіп кеткенін бай­қамай да қалыппыз. Өткен ғасырдың 69-жылынан бастап ақтық демі біткенше, ұлы тұл­ғаның жанында қызмет етуді тағ­дыр­дың өзіме берген сыйы деп есеп­теймін. Таңғаламын, толғанамын, ойланамын, осы уақыттың ішінде аузынан бір қатты сөз естімеппін. Шіркін, қандай шыдамдылық пен бай­салдылық, не деген пара­сат­ты­лық, нағыз адамгершілік қа­сиет пен мәдениеттілік! Осы­ның барлығы бір Димекеңнің бо­йындағы мен көрген қасиет.

Кешегі біздер, бозбалалар, міне, 70-тен астық... Димекеңнен маған қалған рухани байлық, бірге жүргенде түсірілген, өлшеммен айтқанда, 30 шақырымдай болатын бейнетаспа. Ол кісінің арқасында бармаған тауымыз, баспаған же­рі­міз қалған жоқ. Әлі күнге де­йін еліміздің әрбір бұрышын, әр түкпірін көзімді жұмып барып, иісінен білемін. Асыл ағаның жүрген жері байлық, отырған орны береке, әрбір сөзі нақыл, ше­жірешіл, ал күлкі-қалжыңы өзінше бір тарих еді.

Өз тарихын білмеу – мәңгүрттік

«Ұлық болсаң, кішік бол!» деген осы. Осынау ғаламат тұл­ға­ға қарап біз өстік, бізге берген тәлім-тәрбиесі бір бөлек еді. Өмір­лік мәселелерді өне­гелі сө­зімен және ізгілікті іс­те­рі­­мен қабыстырып, ақиқат пен адалдықтың, шындық пен әділ­дік­тің, қарапайымдылықтың үлгісін салып кетті. Мұны жалаң айтып, сырғыта жазып жет­кізу мүм­кін емес. Аруағын сыйламаған халық­тың болашағы жоқ, ал өз тарихын білмеу – мәңгүрттік.

Әсіресе бүгінгі заманда өсіп келе жат­қан жастарға, ауыр болса да, адал шын­дықты айтуға адал сөз керек. «Қайран хал­қым – қа­зағым!» деген ғақлиятты сөз­дің мағынасын бағамдаған, мән-маңызын түсінген халықпыз.

Димекеңнің өмір жолы – елі­міздің, мемлекетіміздің тарихы, халқымыздың тағдыры. Халықтан шыққан ұл, халқының қамын ой­лаған перзент халықтың есінде мәңгі қалды. Ешқандай дүниені өзімен бірге алып кеткен жоқ, тіпті оны жинаған да емес, тек еңбегі, аты ғана қалды.

Осыған да шүкіршілік.

Ақтық сапарында алған соңғы сұхба­тын­да айтқан сөзі, ғала­мат болашақты болжаған ұлы тұлға­ның көрегендігіндей еді: «Мен өз халқыма сенемін, оның бола­шағы зор!» деді...

Хал­қына деген осыдан артық сүйіспен­шілік бар ма?!

Ендеше, уақыт келді, Димекең­нің халыққа деген өсиетін тәбәрік етіп қайтару – әрбір азаматтың борышы.

Екі ғасырдың куәгері болған асыл ағамыздың өмір жолы өнегеге толы. Өзінің аузынан жазылып алынған таспалар болашақ кино­фильм­нің негізін құрары сөзсіз. Туындының көркемдік жетекшісі және сценарийін жаз­ған белгілі ақын ағамыз Олжас Сүлейменов. Қолда бар таспадан 30 сағаттық фильм шығаруға болады, бірақ әңгіме көлемде емес, сапасы мен мәнінде, соның өзі 10 сағаттық серияға жетіп тұр. Аталған еңбекті Қазақстан Кинематографистер одағы­ның батыс бөлімшесі атқа­ру­да. «Жомарттың қолын жоқ­тық бай­­лайды» демекші, қолға алар жұ­­­мысты қаражат мәселесі тежеп тұр.

«Көп түкірсе – көл» дейді ха­лық даналығы, бұл мәселеге бейжай қарай алмайтын ел аза­мат­тарының көмегімен асыл ағаның өмір жолы, тұлғалық бейнесі жайлы кинотаспаның өмірге жолдама алатынына кәміл сенгіміз келеді.

• Жастық шақ қанаттарын жайып салу үшін емес, ұшу, жұмыс істеу, жұмыс істеу, жұмыс істеу үшін берілген.
• Өмірдің екі тірегі бар: үйренуден жалықпау, үйретуден аянбау.
• Сыпайылық кiшiлiктен ғана емес, кiсiлiктен де туады.
• Жиырмасыншы ғасыр таңғажайып ғасыр, тарих үшін қызықты, ал замандас
үшін қасірет ғасыры.
• Адам айнасы – адам.
• Ақиқаттан аттап кету – арға сын.
• Сатыға аяқ салмай жатып, баспал­дақтан аттама.
•Қанмен сіңгенді қасиеттемесең, қадірің болмайды.
• Бүгінгі күн – кешегі күннің шәкірті.
• Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге де болса үлкен сын.
• Сенім – құдіретті күш: тауды да қозғайды.
• Жалада шындық болмайды.
• Дүние түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз болып кетуі әп-сәтте.
• Орынды сын ойлантпай қоймайды.
• Панам да ел, данам да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім.

(Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ой-орамдарынан)

 

Молдағали ОМАРОВ,

кинорежиссер