Жаз жауын-шашынды болды. Күз де жайлы. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуларына қарағанда, дән тамырлана бастағанда аса қажетті ылғал мол түскен. Бір өкініштісі, барлық ауданда бірдей емес. Егін шығымының ала-құла болуы да осыдан. Орта есеппен 11,6 миллиметрден 68,2 миллиметрге дейін жаңбыр жауған. Көктен игені сол емес пе?! Ылғал көлемі жылдағы деңгейден тиісінше 33,3 және 57,4 миллиметрге көп.
– Биыл егіннің 75 пайызы немесе 3,4 млн гектар алқап өнімді жақсы берді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов. Жауапты науқанды күні бұрын межелеген мерзімде аяқтадық. Біздің облыстың диқандары 5 млн 455 мың тонна алтын астықты қамбаға құйып алды. Өткен жылмен салыстырғанда, гектар берекесі өте жақсы, 11,7 центнерден айналды.
Сөз арасында шаруаның тап-тұйнақтай етіп атқарылуына өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының материалдық-техникалық базасы, машина-трактор паркі жақсаруы себепші болып отырғанын айта кетелік. Биылғы егін орағына 8,7 мың астық жинайтын комбайн қатысса, оның 4,4 мыңы – жоғары өнімді жаңа комбайндар.
Ағымдағы жылы ақық дән аялаған диқандар жалпы құны 35 млрд теңге болатын 1 025 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Бұл – өте үлкен күш. Мұндай жетістікке жету ең алдымен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көл-көсір қамқорлықтың нәтижесінде мүмкін болып отыр. Қуатты техникалар өнген дәнді жерде қалдырмауға септігін тигізіп, еңбек өнімділігін арттырды. Осындай күштің жемісі болар, кей жылдары сүмбіленің ақ жауынына тап болып, ақ қармен арпалысып егін бастыратын көрініс биыл қайталанған жоқ. Танап басынан алтын астықты 4,8 мың жүк көлігі қырманға, қырманнан қоймаға тасымалдады.
Ораққа шалғы түскен уақытта біршама жауын жауған. Диқандар астық ылғалды болар ма екен деп қауіптеніп еді. Бойында ылғалы мол астықты кептірудің салмағы элеваторлар мен астық сақтайтын кәсіпорындарға түсуі де ғажап емес болатын. Егін орағы қарқын алған кезде аспан шайдай ашылып, ылғалды дән дала төсінде-ақ кеуіп үлгерді. Мол астықты лицензияланған 70 астық қабылдау кәсіпорны қабылдады. Олардың қамбасына 4,7 млн тонна астық сияды. Оған ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының жалпы көлемі 2 млн тонналық астық қоймасын қоссаңыз, жалғыз түйір дәннің далада қалмайтынын түйсінуге болады.
Ел ырыздығын жинауға жұмылған жұртқа мемлекет тарапынан дер кезінде орасан зор қолдау көмек көрсетілгенін жоғарыда айтып өттік. Сәл ғана нақтылайтын болсақ, жауапкершілігі мол күзгі науқан кезінде қажетті 83 мың тонна жанар-жағар май дер кезінде жеткізілді. Соның нәтижесінде ешбір техниканың қаңтарылып тұрмағаны анық.
Өңірдегі өзге аудандардан оқ бойы озып шыққаны – Сандықтау. Бұл ауданда да егін орағы уақтылы аяқталды. 314,8 мың гектар жерге дәнді дақылдар тұқымын сіңірген ауыл шаруашылығы еңбеккерлері күзгі егін орағы кезінде ұйымшылдықтың үлгісін көрсете білді. Бұл аудандағы гектар берекесі 20 центнерден айналды. Өңірдегі ең үздік көрсеткіш!
– Бұл қоңыр күздегі еселі еңбектің ғана нәтижесі емес, жыл бойы тынымсыз атқарылған істің шарапаты, – дейді аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков. Егіннің 53 пайызын бөлектеп орсақ, қалғанын тікелей бастырдық. Аудан диқандары келер жылдың егісі үшін де қам жасауда. 52 мың тонна сапалы тұқым қамбаларға құйылды. Астықпен бірге екінші нан есебіндегі 501,5 гектарды құрайтын алқапқа егілген картоп та, көкөніс те жиналды. Мал азығы да назарда болатын. Осы орайда, 300 тонна сүрлем дайындалды, 52 мың тонна сабан жеткізілді. Қазір аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдары сүдігер жырту үстінде.
Тұқым демекші, облыс диқандары жоғары өнікті 532 мың тонна тұқым дайындап алды. 2 млн тоннадан астам алтын астықты лайықты бағасымен сату көзделіп отыр. Нандық қасиеті жоғары Ақмола өңірінің бидайына биыл да сұраныс мол. Қазір Иран, Тәжікстан, Қытай, Ресей мен Өзбекстаннан өтініштер түсіп жатыр.
– Егер үшінші сұрыпты бидайдың нандық қасиеті 23 пайыз болуы талап етілсе, биылғы көрсеткіш 28 пайызға жетіп отыр, – дейді Еркеш Әленов. Бұл – соңғы жылдардағы тамаша көрсеткіш.
Өткен жылы гектар берекесі 9,1 центнерден айналған болатын. Биылғы көрсеткіш 11,7 центнерге жетіп отыр. Мамандар гектар берекесінің артуы – егіншілік мәдениетінің жақсаруынан десіп отыр.
Жаңа технологияға иек артқан шалғайдағы Жақсы ауданы да 463 мың гектардан 523 мың тонна астық жинап, ел игілігін молайтуға өз үлестерін қосты. Жақсының жалпақ даласындағы «Қаражон», «Новокиенка», «Труд», «Қима Агро», «Тарас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері көш бастады.
Ырыздықты молайтқан дархан даладағы еңбек ерлерінің іс-қимылы кейінгі жасқа өміршең өнеге. Ырысы молайған өлкенің ынтымағы еселене түседі.
Ақмола облысы