Пікір • 20 Қазан, 2022

Өңірдің туристік мүмкіндігі зор

228 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықпен кездесуде өңірдегі өзекті мәселелерге тоқталды. Саналы ғұмырын журналистикаға арнаған адам ретінде аймақтағы қордаланған мәселені жақсы білемін деп айта аламын. Өзіме етене таныс жағдайдың шешімін тапқаны да көз алдымда. Әсіресе кейінгі айларда ауыл-аймақтағы бірқатар проблема талқыланып, тұрғындардың көңілінен шығатындай жауап берілгенін көзбен көрдім. Бұл елдің атқарушы билікке деген ризашылығын білдіреді.

Өңірдің туристік мүмкіндігі зор

Кеген ауданының тұрғындарын қазір жер мәселесі толғандырып отыр. Төрт түлік малға арқа сүйеген, егін егіп жер емген ағайынға қажеті – жер ғана. Осы мәселені аудан тұрғындары аудан, облыс билігінің алдына көлденеңінен қойып келген еді. Бүгін Қонаев қаласындағы кездесуінде Президент облыстағы осы жер мәселесіне тоқталды. «Аймақта тағы бір өзекті мәселе бар. Бұл – тұрғындардың малын жаятын жердің тапшылығы. Биыл облыста бос жатқан 300 мың гектар жер анықталған. Оның басым бөлігі – жайылым. Жер иелері 100 мың гектар жерді өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарды. Оның 50 мың гектары қазірдің өзінде халықтың игілігіне берілді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы игілікке Кеген ауданындағы шаруалардың да қолы жетті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің турис­тік әлеуеті зор екенін айтты. Осыған орай біздің ауданымыздың туристік әлеуеті туралы мақтанышпен айтуға болады. Кеген ауданы облысымыздағы туризмнің бір отаны ғой. Биыл көрікті Көлсайға дейінгі республикалық маңы­зы бар жол асфальтталып, жасалғалы өңірге келушілердің саны екі еселеп артты. Ауданда 3 қонақүй, 61 қонақтарды қабылдайтын үйлер бар. Үстіміздегі жылдың 8 айында 175 778 турист келіп, ауданның бюдже­тіне 54 809 мың теңге салық құйылды. Аудан мемлекеттің ту­ристік сала­сын дамытудың 2019-2025 жыл­дарға арналған мемле­кеттік бағдар­ла­ма­сының басым аумақтарының онды­ғына кіретін Алматы тау кластеріне енгізілген. Экологиялық туризм аудан­ның негізгі туристік өнімі болып та­былады. Оның дамуы аудан аума­ғында орналасқан «Көлсай көлдері» Ұлт­тық табиғи мемлекеттік паркінің әлеуе­тіне негізделген. Өткен жылы «Көл­сай Гранд» және «Көлсай Номад» қонақүйлері пайдалануға беріліп, 143 миллион теңгенің инвестициясы тартылды.

Алдағы уақытта Қазақстан Рес­пуб­ликасы экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, «Көлсай көлдері» паркінің аумағында экологиялық туризмді дамыту үшін Ұлттық паркке 5 миллиард теңгеге инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Ұлттық парк аумағына жол және инженерлік инфрақұрылым жүргізу мақсатында биыл 2,1 миллиард теңге бөлінді. Осылайша 19 шақырым жол жөндеуден өткізіліп, 17,2 шақырым  электр желілері қайта жаңғыртылады. Бұл өз кезегінде туризмнің, шағын және орта бизнестің дамуына жарқын жол ашады.

 

Қанат БІРЖАНСАЛ,

ақын, журналист,

Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі

 

Алматы облысы