Пікір • 20 Қазан, 2022

Көкейдегі сауалдардың жауабын таптық

167 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президенттің Қонаев қаласына жасаған жұмыс сапарында қоғам күткен мәселелер сөз болған екен, өте дұрыс. Ал өзім ойда жүрген бірер сауалдың жа­уабын тапқандаймын.

Көкейдегі сауалдардың жауабын таптық

Мысалы, мен тіркеу бойынша Алматы облысы, Қарасай ауданының тұрғынымын. Біздің  «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде 20 мыңның үстінде тұрғын бар. Бірақ қолданысқа берілгеніне 7 жылдан асса да, әлі күнге аумаққа мектеп салынған жоқ. Оны «әне салады, міне салады» деп созып келе жатқанына қанша жыл болды. Амалсыз балалар іргедегі Іргеліге, Кемертоғанға, Абай ауылына барып оқиды. Осы сапарында Президент Тоқаев «Алматы облысында үш ауысыммен оқытатын мектеп мәселесі әлі шешімін таппай келеді. Аймақта осындай 52 мектеп бар. Небәрі 30 мың оқушыға есептелген мектептерде 90 мыңға жуық бала оқып жатыр. Бұл мәселені шұғыл шешу қажет», деді. Тоқаев айтып отырғандай, аймақта шынында мектептерде оқушы саны 3 есе көп. Президент «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен облыста 39 мектеп салынатынын атап өтті. Соның біреуі біздің «Асыл арманға» салынса, қуанар едік.

«Асыл арман» шағын ауданына Сүлеймен Демирел университеті жақын. Кезінде осы оқу орнын Қаскелеңге кім салса да, дұрыс істепті. Студенттер қалаға қатынап шаршамайды. Қаланың сырты, саф ауа, оқуға да барлық жағдай жасалған. Президент сөзінде министр Саясат Нұрбекке қарата «Құзырлы министрлік Қонаев қаласында Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждердің бөлімшесін ашу мәселесін қарастыруы керек. Сондай-ақ жаңа заманауи университет ашу ісін ойластыруы қажет» деп тапсырды. Министр Қонаевқа СДУ секілді мықты университет салып, қаланы ғылым-білім орталығына айналдыра алса, нағыз азамат дер едік. Көлдің жағасында келісті университет тұрса, керемет емес пе?!

Айтпақшы, Президенттің қазақ тілі жайлы айтқан сөзі де дұрыс болды. Өткенде Ресейге барғанда көтерген ұсынысына қазақ қоғамы наразы болып еді. Енді бүгін «Ең алдымен, жастарымыз ана тілін – қазақ тілін білуі керек. Ана тіліміз бірінші орында болып, бәріміз үшін негізгі басымдық болуы қажет. Солай болады деп атап айтқым келеді», деп сендірді. Біз де солай болады деп сенгіміз келеді. Солай болуы тиіс нәрсе ғой!

 

Серікбол ХАСАН,

ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі