Саясат • 20 Қазан, 2022

Қылмыстық іс жүргізу заңнамасы

215 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Шымкент қаласында көшпелі отырыс өткізді. Жиында қылмыстық іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіру мәселелері талқыланды.

Қылмыстық іс жүргізу заңнамасы

Комитет төрағасы Владимир Волков отырысты аша келіп, заңнаманы жақсарту мәселелері еліміздің азаматтарының конституциялық құқықтарына тікелей қатысты екенін атап өтті.

«Қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру аясында жеке адамның құқық­тарын қорғауды күшейту туралы, есірткіге байланысты, жеке адам мен меншікке қарсы қылмыстар және басқа да ауыр қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаң­да­туға бағытталған заңдар қабыл­данды. Сондай-ақ қылмыстық процестегі үш буынды үлгінің тартымды тұстары бар», деді ол.

Владимир Волков Сенаттың сот жүйесін жетілдіру жөніндегі жүргізіп жатқан жұмысы туралы кездесуге қатысушыларға айтып берді, оның қорытындысы бо­йынша тиісті заң жобалары әзірленеді.

Отырыс барысында қала әкімі Мұрат Әйтенов сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Ол көш­пелі отырысты Шымкентте өткі­зудің маңыз­дылығын атап өтті және өткізіліп жатқан сарап­тамалық талқылаудың және жағ­дайды «жергілікті жерлерде» зерделеудің нәтижелі болатынына сенім білдірді.

Еліміздің Бас прокурорының орынбасары Әсет Чиндалиев өз кезегінде Бас прокуратураның қыл­мыстық заңнаманы оңтай­лан­дыру жөнінде жүргізген жұмысының қорытындысы мен Қылмыстық-процестік және Қыл­мыстық-атқару кодекстерін бір мез­гілде түзете отырып, қыл­мыстық заңнаманы оңтайлан­дыру мәселелері бойынша әзір­ленген заң жобасы туралы депутаттарға айтып берді.

Шара барысында Ішкі істер министр­лігінің, Сыбайлас жем­қорлық­қа қарсы іс-қимыл агент­тігінің, Шымкент қаласы соты­ның қыл­мыстық істер жөніндегі сот алқа­сы­ның өкілдері де баяндама жасады.

Сенаторлар сонымен қатар қалалық мәслихат депутат­тары­мен, жергілікті полиция де­пар­таментінің қызметкер­лері­мен кездесу өткізді және қала­лық сотта болды, медиа­ция ор­талығының қызметімен, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандарды ұстау шарттарымен танысты.