Бұл өлкенің топырағы өте құнарлы. Әсірелеп айтқанда, жетек шаншысаң, арба өсіп шығады. Ауыл шаруашылығы құрылымдары да ақық дән аялап, ақтылы мал өсіріп, берекеге кенеліп отыр. Мал сүмесімен күн көріп келген ауылдағы ағайын төрт түліктің жайылымына қажетті жердің тарлығын айтып, сан мәрте құлаққағыс еткен. Жалғыз жайылым ғана емес, малдың қысқы азығын даярлау үшін шабындық жер қажет. Құнарлы алқапқа мал азығын ексе, түлігі кемінде алты ай қолға қарайтын өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға кең жол ашылмақ.
Тусырап бос жатқан жерлерді иеленген серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының тиісінше мал бағып, егін егіп жатқандығын мониторинг жүргізу арқылы анықтаған. Нәтижесінде, қадағалау актілерімен қоса, тиісті шаралар қолдану үшін аудан әкімінің назарына жолданған. Осындай актілердің бірі бойынша жүргізілген түсіндіру жұмыстарынан кейін ауыл тұрғындарының қажеттілігін қанағаттандырып, көмек көрсету мақсатында «Шортанбай-2020» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ерікті түрде бұрын пайдаланылмай жатқан 19 мың гектар жерін мемлекетке қайтарып берді.
Өте дұрыс шешім. Әйтеуір кәдеге асыра алмағаннан кейін жомарт жердің игілігін ел көргені жөн емес пе?! Қайтарылған ауыл шаруашылығы жері алдағы уақытта қарапайым халықтың қажеттілігі үшін қайта бөлінетіндігін естіп қуанып қалдық. Табиғаты тамылжыған бұл аймақта 19 мың гектар жерді игеру арқылы қаншама халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға болады. Осы бір оң мысалды айта отырып, өзге де не өзіне, не жұртқа пайдасы тимей жатқан жерді бауырына басып отырғандардың назарын аударғымыз келгені.
Ақмола облысы,
Атбасар ауданы