Әдебиет • 20 Қазан, 2022

Жіліктің майындай жырлар

355 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Есте сақтау бір бөлек те, жүректе сақтаудың жөні бөлек. Жүректегі дүние көкейден кетпейді ғой. Бара-бара арман-аңсарға айналады. Мұратың болып маздауы да мүмкін. Ұмытылып бара жатып қайбір күндері жүрегіңнің бір түкпірінен оянып, жаныңды жылытады немесе мұңға батырады. Көңіліңді тербейді. Жан дүниеңе сырын шашып, сезіміңді байытады. Ғалидың жыры сияқты. Ғали Ормановтың жырмен дестеленген сыры сияқты. Шуақты, сәулелі шумақтардан нұр атқан Ғалидың жүрегіндей, Ғалидың тілегіндей. Оның сондай жаймашуақ жырларының қуатын сезінгенде, тіпті өлең оқымайтындарды аяп та кетуің ғажап емес.

Жіліктің майындай жырлар

Жан шуағын жүздірген жыр әле­мінде ол қарайғанды айтпайды. Қарай­ғанға сарғайған сәуленің жарығын түсіріп қояды. Бұлыңғырға бармайды. Ақжарқын сәттерді тауып айтады. Ақ тілегі мен айнымас көңілі көрініп-ақ тұрады. Бір қараса қарапайым көрінер ол өлеңдер арасынан сәулелі жүлгелер жүгіреді де жүреді. Ақынның «Алғашқы адым» атты жыры сол замандағы қазақ өлеңінің үздік үлгілерінің бірі деуге бармыз.

«Аттанып ауыл – анадан,

Оқуға кеттім қалаға.

Жабыла маған қараған,

Жалтаңдай кеттім далаға.

Жарбиған жаман тон, тұмақ,

Жабысып кетті үстімде.

Жанайын деген бір шырақ

Жалтылдап кетті ішімде»

– деп басқан ізінің бәрін өлеңге айналдырады.

Оның жігіттік, жастық шағы соғыс­пен тұспа-тұс келгендігінен шығар, ең аяулы сезімдерге қайырылады. Ақын соғыстағы ерлердің ыстық махаббаты мен жалынды тілегін жеткізуге талпынды. Майдандағы замандас ақын Қасым Аманжоловпен үздіксіз хат жазысып тұрды. Екі ақынның достығы мен рухани үндестігі туралы, бала кездеріндегі тағдыр жолдарының ұқсастығы жайлы айтыла бермейді, бірақ. Жыр сапарында екеуі жарыса жазып, бір-бірін қуаттап отырғанын байқау қиын емес.

Ғали майданда болмаса да, ұрыс даласына аттанған ерлердің арман-тілегін жырлады. Соғысқа кеткендердің соңын­да қалған жұрттың қамкөңілі мен аяулы тілегін ол заманда мұндай жырлаған ақын кемде-кем дер едік. «Қолымда жүрегіңнің табы жүрсін, Қысайын қолыңды әкел, қалқам, кәні!» дегенде, аяулысымен қоштасып тұрған жігіт­тің қимас сезімін жазбай танисыз. Бейбіт күнде қол алысқанның қайсы­бірі есте сақталсын? Қимастықпен қош­та­сып тұрған, мүмкін ажал аузына аттанып бара жатқан солдат жанының жағдайымен қарау керек бұған. Туған жерден, сүйген жардан тірідей айырылып кете барғанның тұла бойы жүрекке айналмас па? Кісі баласы сонда ғана өзгенің алақанынан жүрек қағысын сезбек.

«Амал не, ара тұрмақ кім өлімге,

Ар үшін өлсем артық тілегім не?

Жалғыз-ақ жалғанда бір еншім

болсын –

Сақтай жүр атымды аяп

жүрегіңде!».

Майданға аттанған солдаттың арзуы осындай-ақ болар.

«Жарбиған жаман тон, тұмақтың» ішінде бүрсеңдеген кезін аса нанымды жеткізген ақын сол кезде «Азат жер» деп жазды. Ішіндегі бұғып аққан сезімдерін осылай кестелегенін сезінесіз. Өлеңнің тақырыбы қалай алшайып тұрса, шумақтарынан еркіндікке ұмтылған бала аңсар қылаң береді.

«Аунағым да келеді,

Ойнағым да, келеді,

Ыстық көріп қараймын

Мұндағы әрбір төбені»

Өлең өзі үш-ақ шумақ. Солай бола тұра, еркіндікке ұмтылған ақынның азат жаны бозторғайдай шырылдап қоя береді. Әрбір төбе басында ұшып-қонып жүрген бозторғайды көрсеңіз түсінесіз. Оның осы маңда ұясы болуға тиісті. Маңына бір нәрсе жолағанда бозторғай бәйек болып ұшып-қона бас­тайды. Ұшып-қонып жүрген ұясының маңайы өткен-кеткен жүргіншілерден азат болғанын қалайды.

«Жүзі қандай жылы болса – сөзі де, сауалы да май ішкендей жан әлеміңе тосын бір толқын енетін. Шуақты кісі болатын. Бұрындары, жас кезімізде қысқа әрі нұсқа лирикаларын оқып өскесін бе, мінезі де жібек матадай жанға жылы тиетін. Ғали ағамыздың өлеңі ешқандай тасыр-тұсырсыз, таңғы самалдай, жіліктің майындай тәтті сөздермен құлпырып елестейді» депті бір естелігінде жазушы Дүкенбай Досжан. Алып-қосары жоқ.