Қоғам • 20 Қазан, 2022

«Екі қолға – бір күрек» тауып берген...

249 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері өңірде 16 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Демек мыңдаған отбасының дастарқанына береке бітіп, игілігі арта түсті.

«Екі қолға – бір күрек» тауып берген...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай халықтың табысын арттыру бағытында қыруар іс атқарылғанын айтсақ, артығы болмас. Қазір екі қолға бір күрек тауып, отбасын қам­тамасыз етуге мүмкіндігі туғандар ақ-адал еңбегімен жұмыс істеуде.

Жыл басынан бері 16 мың адам жұмыс­пен қамтамасыз етілсе, соның ішінде 10 мыңға жуық жерлесіміз тұрақты жұмысқа тұрған. Байыптап қарасаңыз, аз емес. Тағы бір ерекшелігі, халықтың табысын арттыруға және жаппай кәсіпкерлікті да­мытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Әсі­ресе, кәсіпкерлікті дамытудың ма­ңы­­зы зор. Қолынан іс келетіндер өз кәсібін дөңгелетсе, нәтиже болып, әділ бәсекелестік туындайтыны анық. Жер­гі­лікті өнім мол болған кезде баға да тұрақ­тан­уы ықтимал. 

– Бүгінде халықты жұмыспен қамту, жұ­мыссыздық деңгейін төмендету мақ­­сатында жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін қолға алынған он жо­ба­ның аясында барлығы 17 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған, – дейді об­лыс­тық жұмыспен қамту және әлеу­­мет­тік бағдарламаларды үйлес­тіру бас­қар­масының басшысы Дина Ах­мет­жа­нова, – 4 мың жұмыс орны ұлт­тық жобалар аясында ашылды. Облыс­тың 3,5 мыңнан астам тұрғынын бел­сенді жұ­мыс­пен қамту шараларының нәти­же­сінде жұмысқа орналастырдық. Тағы бір айта кетерлігі, 8 378 адам бос жұмыс орындарына жі­берілді.

Шын мәнінде, ұлттық жобалар аясында жаңа жұмыс орындарының ашылуы өңірдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге біршама оң ықпалын тигізіп отыр. Айталық, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 33 ақмолалық азамат жеке кәсібін ашқан. Бұл – құптарлық қадам. Кәсіп иелері жұмыс ауқымына орай өзге адамдарға да шарапатын тигізеді. Бұл тарапта табысқа қолы жеткендерді үлгі-өнеге етіп, ел ішіндегі жастарды жақсы іске баулып, жұмылдыруға да болады. Алға ұмтылған Ақмоладағы өзге де жобалар мыңдаған тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға сеп болып отыр.

– «Сапалы білім» және «Білімді ұлт» жобалары бойынша 170 жаңа жұмыс орны ашылды. «Мықты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 358 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Дәл осындай игілік «Жасыл Қазақстан», «Агроөнеркәсіптік кешен» жобалары арқылы үйлестіріліп отыр, – дейді басқарма басшысы, – айталық, «Индустриялық-инновациялық даму» бағыты бойынша облыстың 256 тұрғыны жұмысқа орналасты.

Бұл арада жастарға құлаққағыс ретін­де айта кететін бір мәселе бар. Не­ғұр­лым сұранысқа ие, болашағы бар ма­­ман­дық­тарды игерген жөн. Әр жыл сайын ата-аналар бауыр еті балаларын әй­теуір тегін оқытамыз деп жүректері қала­маған мамандықтарға беретінін көз көріп жүр. Тегін оқу. Күні ертең сол жастар әлгі ма­ман­дық бойынша жұ­мыс істей ме, жоқ па, ол дәл сол сәтте еш­кімді қызықтырмайды. Нәтижесінде, жас­тық шағының қаншама жылы босқа өтеді. Мәселен, педагогикалық оқу орнын бітірген кейбір жастар мектепке барғысы келмейді. Бірақ осы мамандық бойынша оқып, білім алған. Амал жоқ, жұмыссыздардың санын көбейтеді. Міне, осындай қателіктерге жол берілмесе екен дейміз. Қазір еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды оқыту қолға алынған. Жемісі де жоқ емес. Жыл басынан бері 500-ден астам жас қысқа мерзімді курстарда оқып шығып, жұмысқа орналасты.

Өңірдің 3 275 тұрғыны субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтамасыз етілген. Жастардың мәселесі де назарда. Биыл жоғары оқу орындары мен колледждердің 537 түлегі еңбек жолын бастаған. Осылайша, адамдардың тұрмыс деңгейін жақсарту бағытында ауқымды іс атқарылып жатыр.

 

Ақмола облысы