Ақын, драматург Баянғали Әлімжан жүргізген іс-шараға халықаралық Алаш сыйлығының иегері, ақын Серік Тұрғынбек, журналист, қоғам қайраткері Жанболат Аупбаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Роза Мұқанова, «Астана Ақшамы» газетінің бас редакторы, журналист Еркін Қыдыр, тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты. Қатысушылар қаламгердің соңында қалған шығармашылық мұралары мен асыл қасиеттері туралы тілге тиек етті. Сондай-ақ жиын барысында ақынның «Ғибратты ғұмыр» атты естеліктер кітабы мен «Весна души моей» атты орыс тіліне аударылған өлеңдер жинағының тұсауы кесілді.
Әуезовтің алдын көріп, дәрісін тыңдаған тұлғаны Ақмола, Астананың абызы деп текке атамаса керек. Университетте дипломдық жұмысы «Абай жолының көркемдік ерекшелігіне» байланысты болып, заңғар жазушыдан бағыт-бағдар алып, ақыл-кеңесін тыңдағанының өзі бір тарих. Ол туралы деректерге Баянғали Әлімжанов жақсы тоқталды.
Нұрғожа Ораздың алғашқы жинағы 1964 жылы «Тұңғыш кітап» атауымен шығыпты. Бұған жалғас «Кім табады?», «Шұғыла», «Көңіл көктемі», «Тың түлегі», «Қырандар ұясы», «Тың ырғақтары», «От кешкен балалық», «Өрімталдар», «Сарыарқа сырлары», «Мәңгілік махаббат», «Дәуір додасы», «Талқандалған тарихат», «Қаракүйік», «Ай-Марал» сияқты поэзия, проза, публицистикалық бірнеше кітабы жарық көрген.
Бұл кісінің шығармашылығына Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев, Рақымжан Қошқарбаев, Сәбит Досанов, әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаев тоқталып, жылы лебіз білдіргені айтылады. Ал тәуелсіздік жылдары жазылған «Қаракүйік» романына профессор Тұрсынбек Кәкішев арнайы тоқталып, оң бағасын берді.
Егемендік жылдары ел еңсесін көтеріп, азаттық рухын жаңғыртуға үлес қосқан қаламгердің еңбегі жеке тоқталуды қажет етеді десек, қателеспейміз. О баста Алаш арыстары ашып бастаған «Сарыарқа» журналының ғұмыры келтесінен қиылғаны тарихтан белгілі. Аталған журналдың өнегесін жалғастыруға кіріскен Нұрғожа Ораз Қазақстан азаттық алған бойда «Жаңа Сарыарқа» журналын шығарып, ұлт ұпайын түгендеуге үлес қосты. Басылым туралы кезінде Әбіш Кекілбайұлы «Мен осы кезде «Сарыарқа» журналының көптеген санын оқып үлгердім. Өте қызық басылым. Сарыарқа аймағындағы әдебиетшілеріміздің басын қосып, осы өлкедегі бұрын қалтарыста қалып келген көптеген тарихи жайтты, оқиғаны, өткен заманның қайраткерлерін, олардың халықтың зердесінде қалған мұраларын тірілтуде өте тиімді қызмет істеп жатыр екен», деп жазды.
Ұлт руханияты үшін тер төккен қаламгердің есімі елімен бірге жасай береді, ендеше.