Аймақтар • 25 Қазан, 2022

Көк байрақтың бәсі биік

503 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада осы ұжымның мүшелерінің күшімен дайындалған «Қазақстан – көк байрақты нұрлы ел» атты Республика күніне арналған мәдени шара өтті. Оған облыстың ардагерлер алқасының мүшелері, мемлекеттік және Ұлттық ұлан қызметкерлері, студенттер мен курсанттар, мектеп оқушылары қатысты.

Көк байрақтың бәсі биік

Алғаш болып сөз алған об­лыстағы байланыс саласы­ның ардагері, облыстың Құрмет­ті азаматы Тілек Әбдірахманов Республика күнінің маңызына тоқ­талды. Алдымен ол Алаш қай­раткерлерінің Қазақстанды жеке ел қылуға тырысқан қоғам­дық-саяси еңбектері туралы айтты. «1918 жылы 2 сәуірде Алаш­орданың төрағасы Әлихан Бө­кейханов, мүшелері Халел Ғаб­басов және Әлімхан Ермеков үшеуі В.Ленинмен, содан кейін ұлт істері халық комиссары И.Сталинмен сөйлеседі. Қа­зақ автономиясы туралы мәсе­лені шешуді сұрайды. Ленин­нің өмірбаянында «1918 жыл­дың сәуір айының 2 жұл­ды­­­зында Ленин мен Сталин «Алаш Орда» үкіметінің өкіл­дері Ә.Бөкейхановпен, Х.Ғаб­ба­совпен, Ә.Ермековпен сөй­лесті», деп жазылған екен. Онда автономияның шека­ра­сы да қарастырылған. Мәскеу Алаш­орданы үкімет ретінде мо­йын­даған және олардың ұсы­ныс­тарының дұрыстығына мойын қойған», деді. Белгілі алаш­­танушы, филология ғылым­дарының докторы Тұрсын Жұртбай да осы пікірді де­рек­ті құжаттар­мен дәлелдеп жаз­ған еді. Атап айтқанда, ол 1919 жылы Қазақ автономия­сына берілетін жер туралы Ұлттар жөніндегі Халық комиссариатында Әлімхан Ермеков Астрахан, Орал, Торғай, Ақ­мола, Қызылжар, Семей, Сыр­дария, Каспий сырты, Самарқан, Фер­ғана облысы мен губер­ния­ларын қамтитын жал­пы кө­лемі 3 467 922 шаршы ша­қы­рым жер­ді Қазақ рес­пуб­ли­ка­сының құрамына беруді ұсын­ғанын, көрсетілген жердің 81%-ын жан саны 5,5 миллион болатын қазақтар пай­да­­ла­натынын, бұл бүкіл тұр­ғын­­дардың 54%-ы еке­нін атап көрсеткенін айтады. Сол жи­на­­лысқа қатысқан Әлихан Бө­кей­­ханов кейіннен: «Мен сен сөй­леп отырғанда көтеріліп-ба­сылған жанартаудың үстін­­де отырғандай болдым. Сөйле­гендегі жалының бетімді шарпыды», деп Ермековке риза бол­ған екен.

Еліміздің осындай жанашыр­ларының еңбегін ұмытпауы­мыз керек дей келіп Тілек Әйтім­ұлы, Қазақ жерінің бір бөлігін Ресей Федерациясына қосуды қа­лаған әпербақан Н.Хрущевтің саясатына қарсы шыққан Жұма­бек Тәшеновтің де еңбегін атап өтті. «Осындай ардақтыларымыз болмаса қазақ жерінің бүгінгі кеңдігі сақталып, халқымыз­дың игілігінде болмас еді. Сондық­тан олардың еңбегін ешқашан ұмытпауымыз керек. Олардың ісі мен өмірін жас ұрпаққа үлгі етуіміз керек», деді ол.

Шығып сөйлегендердің ара­сында болған байырғы ұстаз Қымбат Исманова пат­риот­тық тәрбие мәселелеріне тоқ­тал­ды. «Республика күні – жас­тар­ды отаншылдыққа, мем­ле­­кет­шілдікке тәрбиелеудің ұйыт­қы­сы болу керек. Өкінішке қа­рай, осы мәселелер бізде соң­ғы жылдары кемшін қалып ба­ра­ды. Егер олар өзінің тиісті дәре­жесінде жүргізілсе, бәлки «Қаңтар оқиғасында» елдің ты­ныштығы мен тұрақтылығына қарсы шығушы жастардың саны да аз болар еді», деді ол. Со­нымен бірге қарт ұстаз мем­ле­кеттік герб пен тудың түстері және ондағы суреттер туралы да мұғалімдердің тәрбие сағат­та­рында түсіндірмелері болмай­тындығын да атап өтті.

Салтанатты жиын ән-күймен ажарланып, жиналғандардың көңілін көтерді.

 

Петропавл